Мәртебе анықтау — маңызды

Келесі жылдан бастап елімізде міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесі жүзеге асырыла бастайды. Осыған байланысты еліміз бойынша жоспарлы түрде жұмыс жүргізілуде. Яғни, еңбек етіп, жарналарын жеке есеп шотқа аудара алатындардан өзге, мұндай мүмкіндікті қолдана алмайтындарды анықтау әрі олармен жүйелі түрде жұмыс жүргізу бүгінгі күндегі өткір мәселенің бірі болып тұр.

Осы себеппен, ауданда аталмыш топты анықтау әрі олармен жұмыс жүргізу мақсатында тиісті мекемелерден арнайы комиссия құрылып, жұмысты бастап кетті. Аудан әкімінің орынбасары Сайлау Әлиұлы, ауылдық округ әкімдері мен учаскелік полициялар, тиісті мекеме басшылары қатысқан жиында осы мәселе талқыланып, жұмыс жасау тетіктері айтылды. Алдымен жиналғандар алдында аудандық жұмыспен қамту орталығының басшысы Қанат Бабайбеков ауданда азаматтардың мәртебесін анықтау бойынша атқарылатын жұмыстар жөнінде ақпарат беріп өтті.

Жалпы, аудан бойынша, 4699 адамның нақты мәртебесі әлі анықталмай отыр. Олардың, 2561-і міндетті зейнетақы төлемдерінсіз жұмыс істейтіндер, 33-і адам өзін-өзі жұмыспен қамтығандар, яғни, жеке меншік нысандарда еңбек ететіндер. 64 адам – жұмыссыздар қатарында, өзін-өзі нәтижесіз жұмыспен 293 адам қамтыған, яғни, мемлекеттік кірістер басқармасында тіркелмегендер. 58-і студенттер болса, 825-і көшіп кеткендер, 63-і жұмыс істемейтін жүкті әйелдер, 684 адамның мәртебесі анықталмаған және 104 адамның тұрғылықты мекен-жайлары көрсетілмеген. Осы адамдарды анықтап, әр адамға міндетті түрде анкета толтырылуы керек екендігі айтылды. Негізінен, бұл бірлесіп атқаратын ортақ іс. Былтыр мәртебесі анықталмағандар саны он мың болса, жыл бойы атқарған жұмыстардың нәтижесінде біршама төмендегенін байқаймыз. Жиын барысында миграция бөлімінің өкілі Ақылбек Искаков аталған мәліметтер жөнінде ақпарат беріп, негізгі тапсырмалар бойынша жұмыс жасап жатқандығын атап өтті. Сондай-ақ, АХАЖ бөлімі, медицина бірлестігінің және білім бөлімі қызметкерлерінің де хабарламалары тыңдалды. Сөз алғандар жоғарыда көрсетілген жалпы мәртебесі анықталмаған адамдар қатарында басқа қалаларда тұрып жатқан адамдардың да аты-жөндері кіріп кеткендігін айтты. Сонымен бірге, өмірден өткен, бірақ арнайы анықтама берілмегендерді де анықтап, тиісті шараларды қолға алу керектігі тілге тиек болды.

Сонымен қатар, аудан активі бас қосқан жиында DamuMed электронды бағдарламасына тіркелу және көктемгі су тасқынының қауіпі бар деген ауылдық округ әкімдеріне эвакуациялау пунктерін дайындау жұмыстарын ширату тапсырылды.

Сағыныш ӘБІЛОВА.

ҚАРҚАРАЛЫ ауданы.

Пікір қалдыру

Сіздің e-mail жарияланбайды. Толтырылуы міндетті *

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.