Қарағанды

Мәре – жақын

Облыста көктемгі егіс науқаны тәмамдалуға жақын. Бүгінде аймақтағы ірі шаруашылықтар өз алқаптарының негізгі бөлігіне тұқым себуді аяқтады. Мамырдың соңына дейін – картоп, 5 маусымға дейін көкөніс отырғызу жұмыстары мәреге жетеді деп күтілуде.

Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Сағынжан Апақашовтың мәліметінше, бүгінде 700 мың гектардан астам жерге дән себілген.

– Қазіргі таңда 730,4 мың гектар жерге тұқым сіңірілді. Яғни, дәнді дақылдың 81,6 пайызы егілді. Бір апта ішінде 303,7 мың гектар жер игерілді. 9630 гектар жерге картоп отырғызылды. Бұл – жалпы картоп алқабы көлемінің 90,3 пайызы. 1221 гектар жерге көкөніс егілді. Бұл – жоспардың 75,2 пайызы. Бүгінгі күні ірі ауыл шаруашылығы серіктестіктері көктемгі егіс жұмыстарының негізгі бөлігін аяқтады, – дейді басқарма басшысы.

Сондай-ақ, биыл минералды тыңайтқыштарды сатып алу көлемі ұлғайтылып, оларды жеткізу жұмыстары жүргізілуде. Кәсіпорындарға субсидия төлеу басталды. Сұрыпты жаңарту үшін диқандар 8700 тоннадан астам жоғары өнімді дәнді дақыл тұқымын, 4300 тоннадан астам элиталық картоптың тұқымдарын сатып алды.

Егіс жұмыстарына 128 шаруашылық «ҚазАгро» арқылы 4 млрд. теңгеге несие алды. Қаржыландыру «Кең дала», «Қарапайым заттар экономикасы» және тағы басқа бағдарламалар бойынша жүргізілді. Биылға субсидия түрінде 2,8 млрд. теңге сомасында мемлекеттік қолдау қарастырылған.

Өз тілшімізден.

Басқа материалдар

Back to top button