«Мұрагер» оқушылары жыл сайын АҚШ-та бақ сынайды
Қарағанды қаласындағы «Мұрагер» облыстық мамандандырылған мектеп-лицей-интернатының атағы қашан да асқақ. Мұнда білім алып жатқан дарынды оқушылар облыстың ғана емес, әлемдік аренада еліміздің атын шығарып жүр. Жыл сайын халықаралық байқаулардан жүлдемен оралады. Биыл мектеп командасының АҚШ-та өткен халықаралық интеллектуалдық турнирде топ жаруы – зор жетістік болып отыр.

Жыл сайын оқушылар АҚШ-тың Вирджиния штаты, Ричмонд қаласындағы Collegiate School базасында өтетін «International Emerging Leaders Conference» халықаралық конференциясында бақ сынайды. Оқушылар Әбілқайыр Қалышев, Карина Халикова, Анеля Амантай және Нүрия Қылышпай ағылшын тілі мұғалімі Меруерт Өнерғалиқызының жетекшілігімен конференцияда лидерлік қасиеттерін көрсете білді. Бизнеc, құқық, этика, экология, коммуникация және экономика салаларының танымал ғалымдарымен ой бөлісіп, жаңа білім мен практикалық дағдыларға ие болды.
«Мұрагер» командасының АҚШ-тың Нью-Гэмпшир штаты, Манчестер қаласында өткен жастарға арналған FIRST LEGO League халықаралық бағдарламасына қатысуы да маңызды жетістік болды. «RassLexx» атты мектеп командасы инженерлік тапсырмаларды орындап, роботтар жасап, өз зерттеу жобаларын таныстырды. Оқушылардың білімі, шығармашылығы мен қажырлы еңбегі арқасында команда беделді халықаралық жобада үшінші орынға ие болып, инженерлік дайындық пен зерттеу дағдыларының жоғары деңгейін көрсетті.
«Мұрагер» оқушыларының халықаралық жетістіктері Қазақстанның мықты интеллектуалдық әлеуетке ие екенін және әлемдік білім беру аренасында лайықты орнын айқындап келеді.
Меруерт ҚАЗАНҒАПОВА,
«Мұрагер» ММЛИ-дің ағылшын тілі пәнінің мұғалімі