Басты тақырып

Мұнай құбырлары – тіршілік күретамыры

    Жезқазған мұнай құбырлары басқармасының «ҚазТрансОйл» АҚ Шығыс филиалының өндірістік құрылымында алар орны аса зор маңызға ие. Бейресми тілде «қара алтын» атауы телінген мұнайды қабылдап алу және тасымалдауды жүзеге асыратын басқарма Шығыс филиалы өндірістік көрсеткіштерінің арта түсуіне айтарлықтай қомақты үлес қосып келеді. 1992 жылдың 1 қаңтарында құрылған басқарма алдағы жаңа жыл табалдырықтан аттаған сәтте өзінің 25 жылдық мерейлі тойын атап өтпекші.

    Басқарма ретінде құрылғанға дейінгі 1985-1991 жылдар аралығында бұл «Қарақойын» желілік өндірістік-диспетчерлік станциясы болған. Қазіргі таңда мұнайды оңтүстік және солтүстік бағыттарға тасымалдайтын Жезқазған мұнай құбырлары басқармасы жалпы ұзындығы 961 шақырымды қамтитын «Павлодар-Шымкент» және «Құмкөл-Қарақойын» магистральды мұнай құбырларына қызмет көрсетеді. Оның құрамында «Құмкөл» және Байқадам Жұмағалиев атындағы бас мұнай айдау станциялары (резервуарлар паркі, тиісінше, 40000м3 және 80000м3), «Борсеңгір» мұнай айдау станциясы, «Ақшабұлақ» қабылдау-тапсыру пункті, өндірістік қамтамасыз ету базасы, технологиялық көліктер және арнайы техникалар цехы, сондай-ақ, 3 апаттық-қалпына келтіру пункті бар. Олардың әрқайсысы – аумағы абаттандырылған, өндірістік және әкімшілік-тұрмыстық ғимараттары бой түзеген тұтас кешендер. Мұнай айдаушы станциялардың арасының алшақтығы мен аймақтың ауа-райының тым қатал болуы себепті, нысандардың қапысыз қызметін қадағалау шараларына авиациялық техника көмегі де жұмылдырылады.

Мұнай құбырлары – тіршілік күретамыры. Осындай тұжырым жасасақ, еш қателеспейміз. Өткен 25 жыл ішінде Жезқазған мұнай құбырлары арқылы 216 миллион тоннадан астам мөлшерде мұнай тасымалданды. Мұнайды тиімді әрі қауіпсіз тасымалдау қызметінде қол жеткізілген жетістіктер – ұжымның ортақ еңбегінің нәтижесі. Біздің басқарманың мамандар құрамының басым бөлігі – жұмысшы кәсібін меңгерген еңбеккер адамдар. Бүгінгі күні мұнда Қазақстанның барлық аймақтарының өкілдері бар, нысандардың тым алшақта орналасуына байланысты олардың басым дені вахталық әдіспен жұмыс істейді. Станцияларда барынша қолайлы жағдайлар тудырылып, жайлы жатақхана, талапқа сай асхана, спортпен шұғылдануды қалайтындар үшін жаттығу залдары жасақталған. Бұдан тысқары, біздің мамандар медициналық сақтандыру шараларымен толыққанды қамтылған, сонымен қатар, әр жыл сайын біліктілігін көтеру курстарынан өтіп тұрады, – дейді басқарма бастығы Юрий Иванович Бордунов.

     Айрықша атап өтерлігі, мұндағы жұмысшы-қызметшілердің барлығы дерлік Жезқазған мұнай басқармасы құрылған сәттен бастап іске кіріскен кәсіподақ ұйымының мүшелері. Олардың барлығының Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев Төрағасы болып табылатын «Нұр Отан» партиясының құрамында болуы да басқармадағы қоғамдық-саяси таным ахуалының қалыпты арнада екендігін айғақтаса керек.

    Мерейтой қарсаңында басқармаға арнайы сапармен барғанымызда он­да еңбек ететіндердің жалпы «ҚазТрансОйл» компания­сын­дағы жұмысшы кә­сібінің беделін арттыру, оның ұрпақ са­бақтастығы мәселесінде басымдық сипатқа ие болуы және тәлімгерлікті дамытуға қатысты ұстанымдарға тәнтілік танытатынын айқын аңғарғанымызды атап өткен жөн. Мамандар қуатының артуына, әр саладағы қызметші-жұмысшылардың өзін компанияға қажетті тұлға екенін сезінуіне мейлінше кең мүмкіндік тудырылған. Біз әңгімеге тартқан аға буын өкілі – еңбек ардагері, зейнеткер Іскендір Шалабаев, жас буын өкілдері – бас механик қызметінің автокөлік және арнайы техникалар жөніндегі инженері Сабыржан Оспанов пен магистральды құбырларды пайдалану қызметінің жетекші инженері Фарух Төлбасиев осы мазмұндағы жағымды жайттарды ризашылықпен атап өтті. Қысқасы, әркім күнделікті өз орнындағы орнықты еңбегімен ортақ мүдделі істі ілгері бастыру үстінде. Олар сол арқылы мұнайды тұтынушыға үздіксіз әрі сенімді түрде жеткізуді қамтамасыз етуде. Ал, мінсіз қызмет, әрине, ел дәулетінің артуы мен халықтың әл-ауқатының нығая түсуінің кепілі.

    Жезқазған мұнай құбырлары басқармасының алдағы мерзімге межелеген жоспарлары – аса ауқымды. Олардың қатарында күрделі жөндеулер жүргізу, мұнай айдау қауіпсіздігін қамтамасыз ету, ескірген өндірістік активтерді техникалық тұрғыда кезең-кезеңімен қайта жаңғырту және басқа да сипаттағы іс-шаралар тізбегі бар.

     Ширек ғасырды өткерген ұжым осынау уақыт аралығында өздеріне тән тамаша еңбек дәстүрлерін қалыптастырып, олардың іргетасын барынша нығайта түскен. Бұл басқармасының ең басты жетістігі екені сөзсіз.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.

Суреттерде: басқарма бастығы Юрий БОРДУНОВ; өндіріс алаңын аралау сәті.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button