МӘМС жүйесіне өзгеріс енеді
2026 жылдан бастап МӘМС жүйесіне бірқатар өзгерістер енгізіледі. Айталық, ұзақ уақыт жарна төлеген азаматтар төлемді уақытша тоқтатса да, қосымша алты ай медициналық көмек ала алады. Ал, әлеуметтік осал топтар мен жұмыссыздардың жарналарын мемлекет өтейді. Бұл туралы Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қарағанды облысы бойынша филиал директоры Фазыл Копобаев сұхбат барысында егжей-тегжейлі айтып берді.

– Алдағы жылы медициналық сақтандыру жүйесіне енетін жаңа заңнаманың азаматтарға тиімділігі бар ма?
– 2026 жылдан бастап күшіне енетін маңызды заңнамалық өзгерістер бар. Біріншіден, азамат міндетті медициналық сақтандыру жарналарын 5 жыл бойы үзбей төлеп, белгілі бір себептермен жарна төлеуді тоқтатып қойса, қосымша алты ай бойы тегін медициналық көмек ала алады. Екіншіден, халықтың әлеуметтік осал топтарына (дағдарыстық және шұғыл D және E санаттары) және тіркелген жұмыссыз азаматтарға жергілікті бюджеттен жарна төленетін болады. Сонымен қатар, жарналарды есептеу үшін табыстың жоғарғы шегі ұлғайтылды. Атап айтқанда, жұмыскерлер үшін – 10-нан 20-ға дейінгі ең төменгі жалақы, жұмыс берушілер үшін – 40 ең төменгі жалақыға дейін, ал мөлшерлемелер 2% және 3% деңгейінде сақталды. Бұл шаралар денсаулық сақтау жүйесін тұрақты қаржыландырып, халықтың көп бөлігін медициналық көмекпен қамтуға мүмкіндік береді.
– Облыстың медициналық ұйымдарына бөлінетін қаржы жеткілікті дәрежеде ме?
– Әрине, денсаулық сақтау жүйесіне бөлінген қаржы әрдайым жеткілікті бола бермейді. Алайда, медициналық сақтандыру жүйесінің енгізілуімен саланы қаржыландыру айтарлықтай өсті. Бүгінгі таңда облыстың денсаулық сақтау бюджеті 163,5 млрд теңгені құрайды. Жедел медициналық көмек пен санитариялық авиация, алғашқы медициналық-санитариялық көмек, гемодиализ, сондай-ақ әлеуметтік маңызы бар аурулар (туберкулез, ВИЧ-инфекция және т.б.) сияқты маңызды бағыттарға барынша қаржы бөлінген. Бұл онкологиялық және онкогематологиялық ауруларды заманауи технологиялармен емдеуге, нейрохирургия, травматология және ортопедия, кардиохирургия және басқа да бағыттарда жоғары технологиялық ота жасауға жұмсалады. Дегенмен, жоғары деңгейдегі медициналық көмек сапалы болу үшін де шығындар керек. Әсіресе, қымбат медициналық жабдықтар алуға, сондай-ақ дәрігерлер мен орта медициналық қызметкерлердің біліктілігін тұрақты түрде арттыруға қаражат әрдайым жеткілікті дәрежеде емес. Сондықтан, диагностикалық бағыттағы кейбір жаңа технологиялар кешеуілдеп енгізіледі.
Ауруларды ерте кезеңде анықтау және асқынулардың алдын алу ресурстарды тиімді бөлуге және емдеу шығындарын азайтуға мүмкіндік береді.
– Бөлінген қаражат медициналық ұйымдар тарапынан қаншалықты тиімді жұмсалуда?
– Қор медициналық ұйымдардың жалақы, салық, дәрі-дәрмек пен медициналық бұйымдарды сатып алу, коммуналдық және басқа да шығындарын қаржыландырмайды. Біз ауруханалар мен емханаларға көрсетілген қызмет үшін ақы төлейміз. Яғни, науқастарды тексеру, тәулік бойы және күндізгі стационарда емдеу, шұғыл және жедел медициналық көмек көрсеткені үшін төлем денсаулық сақтау министрлігі бекіткен тарифтерге сәйкес жүзеге асады. Диагностикалық және емдік іс-шараларды орындау кезінде медициналық ұйымдар көмек ұйымдастыру стандарттарын басшылыққа алуы тиіс. Ал, осы стандарттардың бұзылуы анықталса, Қор министрлік бекіткен бұйрыққа сәйкес шара қолданады. Медициналық ұйымдардың қызметін медициналық және фармацевтикалық бақылау комитеті, сондай-ақ қадағалау органдары бақылайды. Мемлекеттік мекемелерде түскен қаражаттың тиімді және заңды жұмсалуын жергілікті денсаулық сақтау басқармасы қадағалайды, сонымен қатар, қаржы органдары тарапынан тексеруден өтеді. Осының бәрі қаражатты тиімді қолдануға және ашықтыққа негізделеді.

– Азаматтар медициналық қызметтерді өздігінен бақылай ала ма?
– Тұтынушыларға медициналық қызмет көрсетуді бақылау мүмкіндігі бар. Цифрлық жүйелер арқылы әр өтініш тексеріледі. Егер шағым расталса, медициналық ұйым үш есе айыппұл төлейді. Олар 1414 нөмірі, Qoldau 24/7 қосымшасы, msqory.kz сайты және Telegram-дағы Saqtandyrybot арқылы шағым немесе сұрақ қалдыра алады. Соңғы 9 айда 680 шағым түсіп, соның 268-і негізді деп танылды. Көбінесе, медициналық көмек көрсетуден бас тарту немесе қызмет сапасына қатысты шағымдар жиі. Ал, шындығында көп мәселе клиниканың ішкі ұйымдастыруына байланысты. Яғни, науқастарды қабылдаудан бастап, процестің жүйелі ұйымдастырылуы, ем жүргізудің науқасқа қолайлы болуы және қолжетімділігі, қажетті ақпараттың берілуі маңызды. Жалпы, халық түсіністік танытады, ал, дәрігер мен науқас арасындағы дұрыс қарым-қатынас қашан да маңызға ие.
– Өңір тұрғындары жарналарды төлеуге жауапкершілікпен қарай ма?
– Азаматтардың жауапкершілігін Қорға түскен жарна мен аударым көрсеткіштерінен байқай аламыз. Мәселен, жарна төлеушілерден 9 ай ішінде 48,3 млрд теңге түскен, бұл былтырмен салыстырғанда 4 млрд теңгеге көп. 2025 жылғы 30 қарашадағы жағдайға сәйкес Қарағанды облысында 1 миллионнан астам адам сақтандырылған. Ал, сақтандырылмаған азаматтар саны шамамен 178 мыңды құрайды. Сақтандырылмағандар саны тұрақты өзгеріп отырады, бұл бірнеше факторларға байланысты. Атап айтқанда, ішкі көші-қон, жұмыс орнын ауыстыру, оқудың аяқталуы, соның нәтижесінде бірнеше ай төлемсіз қалып, сақтандырылған мәртебесі жойылады. МӘМС Заңына сәйкес, соңғы 12 ай бойы төлем үздіксіз жүргізілуі керек. Мұндай жағдай кейде ұзақ еңбек демалысына шыққан білім беру, денсаулық сақтау саласының немесе ірі кәсіпорын қызметкерлерінің төлемі дұрыс аударылмауынан да туындайды.
Өкінішке қарай, МӘМС жүйесі енгізілгеннен бері өңірде 15 мыңнан аса азамат бірде-бір рет жарна төлемеген. Түсінетін бір жайт бар, МӘМС-ке төленетін жарналар жинақталмайды. Яғни, әркімнің төлеген ақшасы «шотта жиналмайды», ол медициналық көмекке мұқтаж адамдарды емдеуге жұмсалады.
Бұл – ортақ жауапкершілік жүйесі. Барлық азамат МӘМС-ке төлеген жарнасы арқылы медициналық көмектің тұрақты жұмыс істеуіне әсер етеді.
– Жаңа заң бойынша D және E дағдарыстық және шұғыл санаттарға жататын сақтандырылмаған азаматтар үшін жарналарды төлеу механизмі қалай жұмыс істейді?
– 2026 жылғы қаңтардан бастап, бүкіл ел бойынша осы санаттағы шамамен 1 миллион азамат жергілікті бюджет есебінен сақтандырылатын болады, біздің өңірде мұндай азаматтар саны 60 мыңнан асады. Ал, қаржыландыру механизмі толық автоматтандырылған және бірнеше кезеңнен тұрады. Ай сайын «Сақтандыру» ақпараттық жүйесі мұндай азаматтардың дербес деректері бар тізімін құрастырады және оны Еңбек ресурстарын дамыту орталығына жібереді. Орталық соңғы 3 ай ішінде зейнетақы жарнасын аудармаған, дағдарыстық немесе шұғыл әлеуметтік деңгейге жататын жұмыссыз азаматтар туралы мәліметтерді анықтайды. Осы мәліметтер негізінде Қор ақпараттық жүйеде мұндай азаматтарға «сақтандырылған» мәртебесін беріп, автоматты түрде D немесе E санатын белгілейді. Кейін Қордың ақпараттық жүйесінде тізілім қалыптасып, осы деректер жергілікті атқарушы органдарға МӘМС жарналарын төлеу үшін жіберіледі.
– Келесі жылға МӘМС қандай міндеттер қойды?
– Алдағы жылға біз емдеу-диагностикалық процесті, қаржылық ағым, шығындардың ашықтығын бақылауды күшейту, ауру болжамына сәйкес қаржы бөлу, басым бағыт – алдын алу шаралары секілді міндеттерді жоспарлап отырмыз. Мұны орындауға цифрландыру мен жасанды интеллект енгізу көмектеседі. Қазір Қорда емделген жағдайлар мен консультативті-диагностикалық қызметтерді бақылауға экстерриториалды мониторинг принципі енгізілген, яғни, сараптама басқа өңірлердің сарапшылары арқылы кездейсоқ таңдау әдісімен жүргізіледі.
– МӘМС жүйесі жайлы тұшымды сұхбат бергеніңізге алғыс білдіреміз!
Сұхбаттасқан Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.



