Ресми

МӘМС – ортақ жауапкершілік

Сақтандыру мәртебесінің болуы әрбір адамға тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі шеңберінде де, МӘМС пакетінде де толық медициналық көмек алуға мүмкіндік береді. Бұл жерде емнің құны маңызды емес. Сақтандырылған пациент үшін төлемді медициналық сақтандыру қоры жасайды.

– Бізден азаматтар «сақтандыру қорына төлеген ақшамыз қайда кетеді?» деп сұрайды. Бұл қаражат қазіргі уақытта көмекке мұқтаж пациенттердің еміне кетеді. Яғни, сол медициналық көмекті көрсететін медициналық ұйымдарға жіберіледі. Орталық жүйке жүйесі тамырларындағы операциялар шамамен 1 млн. теңгені құрайды, жүрекке эндоваскулярлық араласулар 1,5 млн. теңге болуы мүмкін. Бұл көмек әр адамның ай сайын аударатын ақшасынан әлдеқайда көп. Десе де, ол үшін тегін болады. Себебі, оның ақшасы медициналық көмек алу құқығын пайдаланбаған пациенттер есебінен болады. МӘМС жүйесінің негізгі қағидаты осы – ортақ жауапкершілік. Дәл осы қағида азаматтар медициналық көмекке жүгінбеген жағдайда өз қаражатын неге қайтара алмайды және жүйе неге жинақтаушы қор болып табылмайды деген сұраққа жауап береді, – деді әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қарағанды облысы филиалы бойынша директор Фазыл Копобаев өңірлік коммуникациялар қызметіндегі брифингте.

Биыл қор 139,6 млрд. теңге көлемінде қаржы қарастырып отыр. Оның ішінде, тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (ТМККК) шеңберінде – 77,5 млрд. теңге, МӘМС пакеті бойынша – 62,1 млрд. теңге. Бүгінгі таңда оның 50 млн. теңгеге жуығы көмек көрсететін медициналық ұйымдарға аударылды. Облыс бойынша қормен келісімге отырған ондай 105 мекеме бар.

Спикердің айтуынша, МӘМС енгізіле бастаған 2017 жылдан бастап, қазіргі уақытқа дейін облыс тұрғындарынан 143,9 млрд. теңге түскен. Биылғы жылдың 4 айындағы түсімдер – 20,01 млрд. теңге. Оның 11,4 млрд. теңгесі – жұмыс берушілердің аударымдары, қалғаны – жеке кәсіпкерлер, жеке құрылымдар мен азаматтық құқықтық сипаттағы шарт бойынша жұмыс істейтін адамдардың жарналары.

– Мамыр айының басындағы дерек бойынша облыста 963 289 адам сақтандырылған. Медициналық сақтандыру жүйесінен тыс 172 221 адам бар. Бұл жалпы халық санының 15,2%-ын құрайды. Сақтандырылмағандардың негізгі үлесін МӘМС үшін жарналар мен аударымдарды ешқашан төлемеген азаматтар құрайды. Екінші орында, жұмыс берушілерден тұрақты емес жарналар мен аударымдар түскен немесе жұмысқа орналасуға дейін берешегі бар жалдамалы жұмысшылар. Оларда өткен кезеңдер үшін берешек болғандықтан, мәртебесі жоқ. МӘМС туралы Заңға сәйкес, МӘМС пакетінен медициналық көмек алу үшін азаматтың соңғы 12 айдағы жарналары бойынша берешегі болмауы керек, – дейді Ф.Копобаев.

Былтырдан бері «сақтандырылған» мәртебесін алу үшін жаңа әдіс енгізілді. Өткен мерзімдерге қарызы бар адамдар алдағы 12 айға бірден жарна төлеп қойса, осы төленген кезеңге «сақтандырылған» мәртебесін алады. Брифингте айтылғандай, бүгінгі таңда мыңнан астам адам осы әдісті пайдаланыпты.

– Жалдамалы жұмысшылардың жалақысынан 2% ұсталады. Бұл – қызметкердің жарналары және жұмыс беруші өз қаражаты есебінен жалақының 3%-ын төлейді. Бұл – жұмыс берушінің аударымы. Жеке кәсіпкер, жеке практикамен айналысатын тұлғалар, шаруа қожалықтары табысына қарамастан 1,4 ЕТЖ-дан 5% төлейді. Азаматтық құқықтық шарт бойынша жұмыс істейтін тұлғалар МЖӘ шарты жасалған ұйым осы жеке тұлғалардың салық агенті болады және салық агенті шарт сомасынан 2%-ын медициналық сақтандыру қорына аударады. Аталған азаматтардың медициналық көмекке жүгінген кезде соңғы 12 айда МӘМС төлемдері болған жағдайда мәртебесі сақталады. Дербес төлеушілер жарнаны екі жолмен төлей алады. Соңғы 12 айдағы қарызды төлеу немесе алдын ала 12 айды төлеу. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар бірыңғай жиынтық төлемін төлей алады. Бұл ретте мәртебе үш ай қатарынан төлем жасалғанда ғана болады. Яғни, емханаға жүгінген кезде БЖТ төлеушіде соңғы 3 айда төлем болуы керек, – дейді спикер.

Биыл ең төменгі еңбекақы мөлшері және айлық есептік көрсеткіштің ұлғаюына байланысты жарналар көлемі де артты. Дербес төлеушілерге – 3500 теңге, жеке кәсіпкерлер – 4900 теңге, БЖТ төлеу­шісі қалада болса – 3450 теңге, ауылда тұрса, 1725 теңге төлейді.

Брифингте айтылғандай, тұр­ғындардан түсетін шағымның басым бөлігі емханаларда медициналық көмектің сапасыз көрсетілуіне, одан кейін консультациялық-диаг­ностикалық қызметтерді көрсетуден бас тарту және оны ұзақ күтуге байланысты болады екен. Одан басқа стационарлық көмектің сапасыз көрсетілуі және ауруханаға жатқызудан бас тарту, сондай-ақ, медицина қызметкерлерінің этика мен деонтологияны бұзуына да шағымданады.

– Биылғы жылдың бес айында бізге барлығы 9 740 өтініш түсті. Оның ішінде – 8993 консультация алу, 25-і медицина қызметкерлеріне алғыс, 164 жеңілдікті санаттар бойынша уақытша мәртебе беру мәселесіне қатысты, 559 шағым бар. Барлық расталған өтініштер бойынша пациенттердің бұзылған құқықтарын қалпына келтіру туралы шешімдер қабылданды. Сонымен қатар, жүргізілген мониторинг нәтижесінде І тоқсанда медициналық көмек көрсету кезінде 38 мыңнан астам кемшілік анықталды және 228 млн. теңгеден астам сомаға айыппұл санкциялары қолданылды. Атап айтсақ, ­амбулаторлық деңгейде 35 мыңнан астам кемшілік анықталып, 94 млн. теңгеден астам айыппұл салынды. Стационарлық және стационарды алмастыратын деңгейде анықталған кемшілік – 1,7 мың. Оған 119 млн. теңгеден астам сомаға айыппұл салынды, – деді филиал басшысы. Сонымен қатар, ол қандай да бір кемшілік орын алса, қордың байланыс көздері арқылы айтуға болатынын жеткізді.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button