Бас тақырып

МӘМС мақсатына жетті ме?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне айтылар сын азайған жоқ. Мәселе жыл басынан бері, тіпті, ушығып кетті. МӘМС жарнасын бес есе арттыру, темекі тартып, арақ ішетіндерге жарна көлемін көбейту, сақтандырылмағандарды автокөлік жүргізу құқынан шектеу сияқты түрлі ұсыныстар айтылуда. Қалай десе де, жүйеге халықтың көңілі толмайтыны рас. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мұны Үкіметке ескертіп, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды қатаң бақылауға алуды тапсырды. Өткен айда болған Үкіметтің кеңейтілген отырысында МӘМС-тің іске қосылғанына бес жыл болғанын еске салған Президент: «Алайда, медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды», – деді. Сол уақытта: «Бұдан бөлек, көп жағдайда ресурстар тиімсіз жұмсалады. Соның салдарынан бұл салаға қосымша қаржы бөліп, бюджетке салмақ салуға тура келеді. Үкімет медициналық сақтандыру жүйесінің қызметін қатаң бақылауға алуы керек. Бұл жүйе қарапайым әрі түсінікті болуға тиіс», – деп, нақты тапсырма берді.

Суретті түсірген Жангелді ӘБДІҒАЛЫМ

«Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес»

Қасым-Жомарт Тоқаев сол отырыста қазір мемлекет бюджетінің жартысынан көбі әлеуметтік салаға бөлініп жатқанын, соңғы жылдары әлеуметтік саладағы инфрақұрылымды дамыту үшін біраз жұмыс атқарылғанын да тілге тиек етті. «Әлеуметтік сала мамандарының, әсіресе, педагогтер мен медицина қызметкерлерінің беделін арттыруға баса мән берілді. Енді азаматтарға көрсетілетін қызметтің сапасын жақсарту қажет. Бұл – ең алдымен, денсаулық сақтау саласына қатысты мәселе. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесінің іске қосылғанына бес жыл болды. Содан бері бұл саланың бюджеті 2 есе артты. Биыл 2,6 триллион теңге бөлінеді. Алайда, медициналық көмектің сапасы айтарлықтай жақсарды деп айтуға болмайды. Көптеген қызмет әлі де қолжетімді емес», – деп атап өтті.

Мемлекет басшысының пікірінше, елімізде медициналық көмектің бірыңғай пакетін қалыптастыру қажет, ол мемлекет кепілдік берген базалық бөліктен және жұмыс берушілер мен азаматтардың аударымдары есебінен қалыптастырылатын сақтандыру бөлігінен тұратын болады. «Бұдан басқа, халықтың осал топтарының жекелеген санаттары үшін МӘМС-ке аударымдар жергілікті атқарушы органның бюджетінен жүргізілуі тиіс», – деп атап өтті Президент.

МӘМС жүйесінде сақтандырылмаған пациент тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі тізбесіне кіретін қызметтерді алады. Атап айтқанда, жедел жәрдем, алғашқы медициналық-санитарлық көмек, туберкулезді оңалту, паллиативтік көмек, трансплантация, шетелде емдеу, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету, сондай-ақ, созылмалы және әлеуметтік маңызы бар ауруларды емдеу кезінде стационардағы медициналық көмекті науқас мәртебесіне қарамастан алады. Ал, міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру пакетіне консультациялық-диагностикалық көмек, оның ішінде, қымбат зертханалық қызметтер, ТМККК-дан тыс амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету кіреді.

Жүйе, шынымен, нәтижесіз бе?

Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың артықшылығы деп, жаңа технологияларды қолданысқа енгізу мүмкіндігінің артқанын айтуға болар. Нау­қастар әдеттегі медициналық көмектен бөлек, айтарлықтай қымбат тұратын қызметті де алады.

Денсаулық сақтау саласын қаржыландыру статистикасына сүйенсек, МӘМС үлесі үнемі өсіп келеді. Егер 2020 жылы медициналық көмекке жұмсалатын шығыстың 32,4%-ы осы жүйеден бөлінсе, өткен жылғы көрсеткіш бойынша ол 43,7%-ға жетіп, 1,1 трлн. теңгеге дейін өсті. Қордың ресми дерегінше, былтыр МӘМС төлемдерінің негізгі бөлігі стационарлық көмекке (37,3%) және консультациялық-диагностикалық қызметтерге (26,9%) бағытталған.

Бұл ретте МӘМС жүйесінің жинақтау­шы емес, бірақ, ынтымақтастық қағидаты бойынша жұмыс істейтінін ойға алған дұрыс. Медициналық көмекке жүгінбейтін азаматтардың жарналары жоғалып кетпейді, қайтарылмайды, бірақ, емделуге мұқтаж басқа пациенттерге қайта бөлінеді. Бұл, әсіресе, құны 1 млн. теңгеден 40 млн. теңгеге дейінгі қымбат тұратын медициналық көмек көрсету, айрықша технологияларды қолдану кезінде өте маңызды. Мәселен, экстракорпоральді ұрықтандыруға бөлінген квота «Аңсаған сәби» бағдарламасы аясында жеті есе ұлғайғаны мәлім. Жамбас буынын ауыс­тыру немесе жүрек қан тамырларына стент қою 1,5 млн. теңгеден басталады. Трансплантациялық операциялардың құны 10 млн. теңгеден асып жығылады. Мұндай соманы халықтың бәрінің қалтасы көтере береді деу қиын. Ал, жүйедегі адам бұл көмекті тегін алады. Жарналар мен аударымдардың мөлшерлемесі жұмыс істейтін барлық халыққа ортақ. Бірыңғай қордағы қаражатты салымшылардың жеке шотына бөлсе, бұл сома жинақталмайтыны анық. Бұл тұрғыда жүйедегі қаражаттың нақты медициналық көмекке мұқтаж науқасқа септігі мол. Десе де, Президент айтқандай, қатаң бақылаудың қажеттігі рас. Жүйенің ендігі реформасы жаңа министрдің мойнында.

Жаңа министрдің ескі жүгі

Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова наурыз айының басында өңірге келген жұмыс сапары барысында да осы мәселені қозғады. Халықпен кездесу кезінде емханадағы кезек, терапевт пен бейінді мамандарға барудың қиындығы сөз болған еді. Сонда Денсаулық сақтау министрі Ақмарал Әлназарова жүйені толығымен реформалау керектігін айтқан болатын.

– Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру мәселесі – өзекті, халықтан шағым көп. Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі мен МӘМС пакетінің аражігін ажырату керектігін Президенттің өзі ескертті. Оған талдау жасап жатырмыз. Консультациялық-диагностикалық көмек беруді қаржыландыру 11 есе, оңалту қызметімен қамту 7 есе, дәрімен қамтуға да бөлінген қаражат бірнеше есе өскенімен, медициналық көмек әлі де қолжетімсіз. Бұл жерде бөлінген қаражатты мақсатсыз пайдалану көрінісі байқалады. Бірінші жартыжылдық соңына дейін бұл мәселені шешеміз. Үнемделген қаражат есебінен медициналық қызмет тарифін көтереміз, – деді Ақмарал Шәріпбайқызы.

Министрдің айтуынша, бүгінде мемлекет 20 млн. халықтың 11 млн.-ы үшін сақтандыру жарнасын төлеп отыр.

– Бұл – 18 жасқа дейінгі балалар мен 63 жастан асқандар. Экономикалық белсенді 4,5 млн. адам аударым жасап отыр. 3 миллионға жуық адам сақтандыру жүйесінен тыс қалған. Оларды тарту – негізгі жұмыс. Ал, мүлдем төлей алмайтындарды Мемлекет басшысының тапсырмасымен жергілікті билік есебінен сақтандыру мәселесі қаралып жатыр. Бірнеше жерде жұмыс істейтін адамдардың жарнаны бір рет қана төлеуі, еңбек демалысы кезінде жүйеден шығып қалатын жағдайлар да ескеріледі, – деді Ақмарал Әлназарова.

Жаңа министр қазіргі таңда Денсаулық сақтау министрлігі алдындағы басты міндеттің бірі – қаржыны пайдаланудың тиімділігін арттыру әрі халықтың медициналық көмек сапасына қанағаттану деңгейін көтеру екенін айтты. Бұл мақсатта қор қаражатының орынды жұмсалуы қатаң қадағаланатынын да жеткізді. Олай етпейінше, сапа да, нәтиже де болмайтыны сөзсіз. Осы ретте жемқорлық тәуекелдерін де жоққа шығаруға болмас. Мәселен, жақында ғана әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының сарапшылары елордалық жеке клиниканың 16 мың адамды өзіне заңсыз тіркеп, солардың есебінен 100 млн. теңгеден асатын қызметке ақша алғанын анықтаған. Сондықтан, реформа жан-жақты жүргізілуі тиіс.

Реформа неден басталуы керек?

«Жүйені реформалау үшін бірінші кезекте барлық процестерді ақпараттық сүйемелдеу (цифрландыру) талаптарына сәйкес келтіру қажет», деп санайды Әлеу­меттік медициналық сақтандыру қорының Қарағанды облысы бойынша филиалының директоры Фазыл Қопобаев.

– Ауру статистикасынан бастап, көлемді жоспарлау, мониторинг және көрсетілген көмек үшін ақы төлеу, барлығы цифрландырылуы керек. Медициналық қызметтің қандай да бір түрін реттейтін нормативтік-құқықтық актілердің бір бөлігін қайта қарастыру қажет. Медициналық ұйымдағы менеджменттің сапасына ерекше назар аудару, медициналық мекемелердің негізгі қызметкерлері технологиялық процесті ұйымдастыру мәселелеріне баса мән беруі керек. Қаржыландыруды қажет ететін басым бағыттарды анықтап алған дұрыс, – дейді ол.

«Әділдік және Өркендеу» қоғамдық қорының жүргізген әлеуметтік мониторинг сауалнамасының алдын ала дерегі бойынша қазақстандықтардың көпшілігінің МӘМС жүйесіне көңілі толмайды. Сауалнамаға қатысқандардың жартысына жуығы сақтандырылған болса да, жеке клиникалар қызметіне жүгінеді екен. Тек 35%-ы – МӘМС пакетін алады. Жауап бергендердің 25%-ы – жүйенің сапасын «жақсы» деп санайды, 45%-дан астамы – «төмен» десе, 20%-ға жуығы – «қанағаттанарлық» деп есептейді. Сонымен қатар, 15% медициналық қызметтің қолжетімділігін – «жоғары», 30%-ы – «төмен» және қалғандары «орташа» деп бағалаған. Зерттеу жүргізген сарапшылар халықтың жарнаны міндетті емес ерікті негізде аударуға ынталандыру қажеттігін алға тартады. Сонымен бірге, жеке медициналық ұйымдарға жүгінген кезде адамдарға МӘМС шеңберінде өз жинақтарын пайдалану мүмкіндігін қарастыру қажеттілігі де айтылды. Бастысы, ашықтық қажет.

Депутаттар не дейді?

МӘМС жүйесіне ашықтық қажет екенін депутаттар да айтып келеді. Мәселен, Парламент депутаты Ержан Бейсенбаев «Жүйедегі әр адамның жарналарын өз бетінше билік етуге құқығы болуға тиіс» дейді.

– Ақиқатында, бұл, сақтандыру емес, салықтың қосымша түрі. Бірақ, салықтарды ашық түрде пайдалану керек, ал, МӘМС қорының жұмысы – бұл бір үлкен жұмбақ және бір үлкен түбі жоқ «қара тесік», – дейді мәжілісмен. Ол Мемлекет басшысының медициналық сақтандыру жүйесін реформалауға қатысты тапсыр­маларын іске асыру кезінде «Ақ жол» фракциясының ұсыныстарын айтты. Оның ішінде, МӘМС төлемдерін арттырудан бас тарту, медициналық сақтандыру жүйесін монополиясыздандыру және осы салада нарықтық және бәсекелестік тетіктерді енгізу, азаматтардың сақтандыру ұйымдарындағы шоттарын ашықтық пен еріктілік негізінде дербестендіру бар. Сонымен бірге, әрбір нақты азаматтың денсаулық жағдайы мен өмір салтына байланысты сақтандыру сыйлықақыларын төлеу сомаларын айқындау әдістемесін әзірлеу қажеттігін айтады. Депутат Асхат Аймағамбетов те Үкімет басшысына МӘМС жүйесіне қатысты ұсыныстарын жеткізді. Ол – «Мұнда және қазір» қағидаты бойынша көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету, ақпараттық жүйелердің бытыраңқылығы және медицина қызметкерлерінің артық жүктемесі. Депутат дәрігерлер пациентті тексерудің орнына олардың деректерін әртүрлі ақпараттық жүйелерге енгізуге және формулярларды толтыруға мәжбүр екендігін айтса, салымшының мәртебесінің сақталуы, сондай-ақ, қор қызметінің ашықтығына қатысты ойларын білдірді.

– Азаматтар қанша қаражат түскенін, қайда және қандай мақсаттарға бағытталғанын білуі тиіс. Қордың қызметі туралы түсінікті және қолжетімді ақпарат оның жұмысына ғана емес, тұтас­тай алғанда бүкіл жүйеге оң әсер етеді. Барлық аталған проблемалар азаматтар арасындағы наразылыққа алып келеді. Сондықтан, Үкіметке жағдайды түзетуге бағытталған шаралар кешенін қысқа мерзімде қабылдау ұсынылады, – дейді депутат.

Тіпті, міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесінен бас тарту туралы да айтылды. Алайда, бұрынғы Денсаулық сақтау минис­трі Ажар Ғиният та, жаңа министр Ақмарал Әлназарова да қордан бас тартуға болмайтынын айтады.

«Бізге мұндай қор керек»

– Мен қордың таратылуын қолдамаймын, бізге мұндай қор керек, – деген еді Ақмарал Әлназарова Сенат кулуарында журналистер сұрағына жауап беріп. – Жалпы алғанда, медициналық сақтандыру жүйесі тұрақты жүйелердің бірі саналады. Халықаралық тәжірибеге сүйенсек, бұл өте сәтті жүйе болуға тиіс. Егер біз бір жерде дұрыс жасамаған болсақ, бұл одан бас тарту керек дегенді білдірмейді. Жүйе жақында ғана енгізілді. Сондықтан, міндетті медициналық сақтандыру жүйесі еліміз үшін қажет. Тек оның жұмысын жетілдіре түсуіміз керек.

МӘМС жүйесінен бас тартса, қаржыландыру тоқтайтыны айдан анық. Денсау­лық сақтау саласына құйылып жатқан миллиардтардың «ағыны» тоқтайды. Олай болған жағдайда барлық ем, операциялар, дәрі-дәрмек науқастың өз қалтасынан шығады немесе мемлекет төлеуі керек болады. Алайда, мемлекетте ондай қаражат бар ма?

– Алдымен, медициналық сақтандыру жүйесін алып тастау қандай салдарға әкелетінін ойлану керек, – дейді Фазыл Қопобаев. – Медициналық сақтандыру қаражаты есебінен салаға қосымша қаражат түседі. Денсаулық сақтау саласындағы қаржыландырудың жеткіліксіздігі зерттеулердің бір бөлігін, әсіресе, қымбат тұратын (КТ/МРТ, кейбір зертханалық зерттеулер), науқас медициналық сақтандыруды енгізгенге дейін төлегендей, өз қалтасынан төлейді. Медициналық ұйымдардың өз мамандарын біліктілігін арттыруға уақытылы жіберу, жаңа технологияларды енгізу, медициналық жабдықтарды шығын материалдарды және басқа да қажеттіліктерді дер кезінде жаңарту мүмкіндігі аз. Тиісінше, бұл жоспарлы түрде ауруханаға жатқызу, оталарды ұзақ күтуге және көрсетілетін медициналық көмектің сапасын төмендетуге әкеледі. Сол себепті, шешім қабылдамас бұрын бәрін мұқият ойлану керек. Сонымен қатар, біздің еліміздегі жарналар мен аударымдардың пайызы төмен. Сақтанушы мәртебесіне ие бола отырып, бізден медициналық көмектің кез келген түрін, оның құны мен ай сайынғы жарналар сомасына қарамастан тегін алуға болады.

Әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының Қарағанды облысы бойынша филиалының дерегінше, қаржыландыру жыл санап өсіп жатыр. Егер 2020 жылы облыс­ымыздың денсаулық сақтау саласына 114 млрд. теңге бөлінген болса, 2024 жылға бұл сома 153,9 млрд. теңгеге жетті. Бұл емделген науқастардың қатары көбею­іне ықпал етеді. Облыста жүрекке, миға, омыртқаға жоғары технологиялар көмегімен жасалған оталар санының өскені байқалады. 2020 жылы 265 жоғары технология­лық ота жасалса, былтыр – 645.

Түйін

Халық ашықтық принципін талап етеді. Республика бойынша МӘМС жүйесіндегі аударымдар мен жарналардың көлемі – 223 416 804 057 теңге. Әрине, мұндай қаражаттың сұрауы болады.
Мереке қарсаңында министрлікте жүйеде жарналарды төлеуде салық төлеу­шілердің барлық топтары бірдей тиімді мөлшерлеме бойынша төлейтін нақты жалпақ шкалаға көшу ұсынылды. Ол әділдікті көздейді. Басың ауырғанда алған көмегің төлеген ақыңа пара-пар болса, бұлай ішің ашымас еді.

Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button