МӘМС аясында тегін жасалған жоғары технологиялық ота баланың өмірін сақтап қалды
Қарағандыдағы №2 көпбейінді ауруханада дәрігерлер сирек туа біткен жүрек ақауы бар 13 жастағы балаға жоғары технологиялық кардиохирургиялық ота жасады. Аурухана тарихында алғаш рет балалар кардиохирургиясындағы ең күрделі әдістердің бірі — жоғарғы қуыс венаны кеңейтетін пластика қолданылды. Бұл туралы МӘМС қорының баспасөз қызметі мәлімдеді.

Науқасқа бірқатар күрделі ақаулардың үйлесімі диагнозы қойылды: өкпе веналарының ішінара аномальды дренажы, жүрекаралық қалқаншаның кемістігі және қосымша жоғарғы қуыс венасының болуы. Ауру ұзақ уақыт бойы айқын белгілерсіз өтіп, волейболдан жарыстарға қатысу алдындағы жоспарлы медициналық тексеру барысында кездейсоқ анықталған.
Уақыт өте келе баланың жағдайы нашарлап, ентігу, тез шаршау, жүрек тұсындағы әлсіздік пен шу пайда болды. Қосымша тексерулер өкпе гипертензиясының үдеуін және жүректің оң жақ бөліктеріне шамадан тыс жүктеме түскенін көрсетті. Консервативтік ем нәтиже бермеген соң, дәрігерлік консилиум хирургиялық ем жүргізу туралы шешім қабылдады.
«Өкпе веналарының аномальды қосылысын толық түзету» операциясы жоғары технологиялық медициналық көмектің қатарына жатады және тек мамандандырылған орталықтарда ғана жасалады. №2 көпбейінді ауруханада мұндай оталар 2010 жылдан бері жүргізіліп келеді, алайда соңғы 15 жылда небәрі бес рет орындалған. Ал жоғарғы қуыс венаны кеңейтуші пластикамен жасалған операция алғаш рет жүзеге асырылды.
– Бұл балалар кардиохирургиясындағы ең күрделі операциялардың бірі. Біз қан ағымының қалыпты жолын қалпына келтіріп, жүректің асқыну себебін және өкпе гипертензиясының дамуын жоямыз. Бұл жағдайдың бірегейлігі анатомиялық ерекшеліктерде және жоғарғы қуыс венаны пластикалау қажеттілігінде болды. Операция сәтті өтті, бала үшін болжам қолайлы, – деді дәрігер-кардиохирург Ғанибек Ақжанов.
Хирургиялық араласудан кейін науқас дәрігерлердің тұрақты бақылауында болып, кезең-кезеңімен оңалтудан өтті. Бақылау тексерулері жүрек қызметінің тұрақты екенін және патологиялық қан ағымдарының жоқтығын растады. Шығарылған кезде қыздың жағдайы қанағаттанарлық деп бағаланды.
Ота міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) аясында жүргізіліп, отбасы жоғары технологиялық медициналық көмекті тегін алу мүмкіндігіне ие болды.
– Біз мұндай диагноз туралы тіпті білмеген едік. Жүрекке ота жасау керектігін білгенде өте қорқынышты болды. Бірақ дәрігерлер бізді әр кезеңде жан-жақты түсіндіріп, қолдап отырды. Біз бүкіл командаға кәсібилігі үшін және қызымызға толыққанды өмір сүруге мүмкіндік бергені үшін шексіз ризашылығымызды білдіреміз, – деп бөлісті пациенттің анасы.
Аида РАХЫМҚҰЛОВА
Ortalyq.kz



