Мүмкіндікті мүлт жіберме!

Облыс әкімінің жыл сайын өтетін халық алдындағы есептік кездесуі қарсаңында облыстық деңгейдегі барлық басқармалар мен департаменттер өкілдері азаматтарды қабылдау жүргізді. Қарағандылықтар өздерін толғандырған кез келген мәселе жөнінде ұсыныстары мен өтініштерін жолдауға мүмкіндік алды.  

Десе де бұл мүмкіндікті пайдаланып қаламын деушілер қатары сирек. Ұйымдастырушылар халық негізінен түс ауа келе бастайтындығын жеткізді.

Ерлан НЕЛДІБАЕВ, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы басшысының орынбасары, топ жетекшісі:

– Биыл үшінші жыл осы шараны ұйымдастырудың басы-қасындамын. Тұрғындар көбінесе коммуналдық шаруашылық, аулаларды көркейту, тұрғын үй кезегіне тұру, әлеуметтік бағдарламалар, денсаулық саласына қатысты мәселелермен келеді. Кеңес беру, түрлі мемлекеттік бағдарламалар туралы ақпараттандыру осы жерде жүргізіледі. Күрделі мәселелер туралы өтініш облыс әкімінің кеңсесіне жолданады. Сол жерден тиісті басқарма, мекемелерге жіберіліп, оны орындаушы заңға сәйкес 15, 30 күн ішінде жауабын ұсынады.

Мұнда коммуналдық шаруашылық мекемелерінің өкілдері де қатысты. «Қарағанды Су» ЖШС қоғаммен жұмыс жасау бөлімінің маманы Диана Дагароваға тұрғындар тарифтің төмендегені байқалмайтындығын айта келіпті. Ал, жергілікті полиция қызметі басқармасының аға инспекторы Гүлбану Сәтбаева-Алпысбаева қоғамдық тәртіп мәселесіне қатысты барлық азаматтардың өтінішін қабылдап алыпты. Біз барған уақытта бүгіндікке 5 адам келгенін айтты.

– Мәселен бүгін бір адам көршісіне шағымданып келді. Ескертулерді құлағына ілмейтін азаматтар күдікті тұрғын ретінде үнемі жергілікті полицияның бақылауында болады. Бұл келіспеушілік салдарынан болатын қылмыстың алдын алу үшін қолданылады,– дейді полиция майоры.

Қанат Рақышев зейнеткер болса да Н.Әбдіров атындағы спорт кешенінде дәрігер болып қызмет жасайды. Өзі сынды зейнеттегі бұрынғы әріптестерінің жұмысқа орналасу мүмкіндігін сұрады.

Ашық есік күніне келген облыстық денсаулық сақтау басқармасының өкілі Әлия Қоңырова басқарманың кадр бөліміне бару қажеттігін нұсқады.

– Дәрігер мамандардың тапшылығы әлі күнге дейін шешілмей келеді. Жұмыс істеуге мүмкіндігі болса, неге алмасқа? – деген ол азаматтардың дені мүгедектік рәсімдеу, тегін дәрідәрмек алу, емханаларға тіркелу, сондай-ақ, медициналық көмек сапасына қатысты өтініштермен келгендігін жеткізді.

Бүгін, 21 ақпанда аталмыш шараның соңғы күні. Н.Әбдіров атындағы спорт кешеніне таңертеңгі 9.00-дан кешкі 18.00-ге дейін барып, көкейіңіздегі мәселені айтып үлгеріңіздер. Қалай дегенмен де, барлық басқарма өкілдерін бір жерден күнде көре бермейтініміз рас қой.

P.S. Газет беттеліп жатқанда Ерлан Нелдібаев бір күнгі шараға 70- тен астам қарағандылықтың келгенін хабарлады

Жансая ОМАРБЕКОВА,
«Орталық Қазақстан»