Жаңалықтар

Мүмкіндік шектелгенмен, адам шеттетілмейді

Мемлекет бaсшысы Қасым-Жомарт Тоқаев мүгедектігі бар жандарға жан-жақты қолдау көрсету аса маңызды екенін айтқан болатын. Оларға жайлы орта құрып, әлеуметтік қолдау көрсетіп, жұмыспен қамту – бірінші кезектегі мәселе. Бүгінгі таңда мұндай жандарға мемлекет тарапынан жасалып жатқан қамқорлық баршылық.

Сурет ұйымдастырушылардан

Жұмыспен қамту – қажеттілік

Шындығында, мүгедектігі бар жандар мұндай халді өздері тілеп алған жоқ. Бірі туа бітті жарымжан болып өмірге келсе, енді бірі түрлі жағдайлар салдарынан кем болып қалған. Аймақта мұндай 55 мың адам тұрып жатыр. Оларды әлеуметтендірудің негізгі жолы – жұмысқа орналастыру. Сол 55 мыңның 58%-ы, яғни, 32 152-і жұмысқа қабілетті жаста. Қазіргі уақытта оның 10 980-і жұмыс істеп жүр. Аймақта мүгедектігі бар адамдарды жұмыспен қамту үлесі – 37,0%. Республика бойынша бұл көрсеткіш – 28,6%.

Былтыр облыстың еңбек мобильділік орталығы мүгедектігі бар адамдар үшін 13 арнайы жұмыс орнын құрды. Көру кемістігі бар – үш, құлағы естімейтін – жеті, барлығы он адам осы бағдарлама бойынша жұмыс тапты. Биыл да осынша жұмыс орнын ашу жоспары тұр. Орталық директоры Нұржан Сыздықовтың айтуынша, биыл есту кемістігі бар сегіз адам, көзі көрмейтін үш адам және қимыл-қозғалысында ақауы бар екі адам жұмысқа орналастырылады.

– Қазіргі таңда бес ұйымнан өтініш келіп түсті. Олар кәсіпорындарында 11 жұмыс орнын ашуға ниет білдіріп отыр. Оның әзірге төртеуі қабылданды. Атап айтсам, Қарағанды қаласында «Алтынпласт» жеке кәсіпкері, Саран қаласында «Торг-Партнер» ЖШС және Абай ауданында «Дедал» ЖШС құлақ мүкістігі барларға жұмыс орнын тауып беруге әзір. Сондай-ақ, Қарағанды қаласындағы «Асет inclusivе» қоғамдық бірлестігі қимыл-қозғалысында ақауы бар бір адамға маркетинг бойынша менеджер қызметін ұсынды, – дейді Нұржан Хамитұлы.

Мүгедектігі бар адамдарға арналған арнайы жұмыс орындары мемлекет тарапынан субсидияланады. Ол арнайы жұмыс орнын толығымен жабдықтауға, атап айтқанда, арнайы құралдарды сатып алып, орнатуға және жұмыскердің еңбекақысына бөлінеді. Жұмыс берушілердің мүдделі болуы да сондықтан. Аталған бағдарлама бойынша жұмысқа орналасқан мүгедектігі бар адамның ай сайынғы еңбекақысының 70%-ын мемлекет өтейді. Екінші жылында субсидия көлемі – 65%, үшінші жылы 60% көлемінде есептеледі.

Облыс әкімінің мүгедектігі бар адамдардың мәселелері жөніндегі кеңесшісі Нияз Сүндеталиевтің пікірінше, мұндай жандардың жұмыс табуына көп жағдайда білімінің болмауы кедергі келтіреді.

– Мүгедектігі бар адамдарда көбінесе ынталандыру жоқ. Сол үшін біз «Тең қоғам» әлеуметтік бейімдеу орталығында компьютерлік сауаттылық, тіл курстарын ұйымдастырдық. Психологтың жұмысы арқылы мүгедектігі бар адамдарды өзгелермен тіл табысып, байланыс орнатуға, жұмыс істеуге ынтасын оятамыз. Заңгер еңбек шартын жасасуға көмектеседі, адам жұмысқа орналасқан кезде бірге жүріп, көрсетеді. Сонымен қатар, ықтимал жұмыс берушілерде қысқамерзімді тәжірибеден өту мүмкіндігі бар. Мүгедектігі бар адам өзінің әлеуетін біліп, қандай жұмыс істей алатынын анықтау үшін жұмыс орындарына экскурсия өткізіп тұрамыз, – дейді ол.

Кедергісіз орта – әлеуметтену алғышарты

Облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы ұсынған дерек бойынша аймақта 1 080 әлеуметтік инфрақұрылым нысаны толық бейімделген. Бұл – мүгедектігі бар адамдардың заңды құқықтарын қамтамасыз ету және олар үшін қолжетімді ортаны қалыптастыру мақсатында қолға алынған шаралардың негізгісі. Қазіргі уақытта осы бағытта Қазақстан Республикасында 2025-2030 жылдарға арналған инклюзивті саясат тұжырымдамасы, «AMANAT» партиясының 2023-2027 жылдарға арналған жол картасы және Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша әзірленген «Халықпен бірге» жобасы іске асырылуда.

«AMANAT» партиясының жол картасында 2023-2027 жылдар аралығында интерактивті қолжетімділік картасына енгізілген 40 мыңнан астам нысанды бейімдеу бойынша жұмыс көзделген. Жыл сайын осындай объектілердің 20%-ы бейімделеді. Сәйкесінше, 2027 жылы 100%-ы бейімделеді деп жоспарланған. Бейімделген нысандардың ішінде 129 денсаулық сақтау, 279 білім беру, 191 мәдениет, 124 сауда және қызмет көрсету, 31 спорт, 9 әлеуметтік қорғау нысаны бар. Сонымен қатар, 229 мемлекеттік және квазимемлекеттік ұйым бейімделді.

– Бұқар жырау даңғылы бойындағы «Шахтер» стадионынан теміржол вокзалына дейінгі жүргіншілер жолын мысалға келтіргім келеді, – дейді бірінші топ мүгедегі Найман Жақсығорин. – Жаңа жабындар тегіс төселген, көлбеу бұрыш қауіпсіз жүріп, түсуге ыңғайлы. Осының арқасында мен Н.Әбдіров атындағы спорт сарайына, орталық саябаққа, Кеншілер мәдениет сарайына, «City Mall» сауда ойын-сауық орталығына және басқа да әлеуметтік-мәдени нысандарға емін-еркін бара аламын. Сондай-ақ, көптеген автобустар пандустармен жабдықталған, қоғамдық көліктерде, яғни, автобустарда мүгедектігі бар адамдар үшін жол жүру ақысы тегін. Жалпы, Қарағанды қаласында мүгедектігі бар адамдарға қолжетімділікті қамтамасыз ету бойынша жұмыс белсенді жүргізіліп жатыр деп айта аламын.

Осы ретте аталған нысандардың әлеуметтік бейімделуіне мемлекет тарапынан бақылау жасалатынын айтып өткен орынды. Әлеуметтік қорғау саласындағы реттеу және бақылау комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаменті өткен жылдың қорытындысы бойынша мемлекеттік басқару, денсаулық сақтау, әлеуметтік қорғау, мәдениет, жеке кәсіпкерлік, сауда және басқа да салалардағы әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне 134 тексеру жүргізді. Оның ішінде, 43-і профилактикалық бақылау шеңберінде, 52-і жоспардан тыс, 39-ы прокуратура органдарының талабымен ұйымдастырылды.

– Тексеру қорытындысында анықталған бұзушылықтарды жою туралы 68 ұйғарым берілді, 11,8 млн теңгеден астам сомаға 67 әкімшілік айыппұл салынды. Нысандардың меншік иелеріне алғаш рет анықталған бұзушылықтарды жою туралы нұсқамалар берілді. Нұсқама белгіленген мерзімде орындалмаған жағдайда айыппұл салынады, – делінген департамент баспасөз қызметінің хабарламасында.

Әлеуметтік көмек жан-жақты

Президент тапсырмасына сай мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсарту мақсатында жан-жақты қолдау шаралары жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, инватакси мүмкіндіктері молайды. Қоларбаға таңылғандар ғана емес, оның көмегін психикалық, аутистік бұзылыстары бар балалар да қолдана алады. Аймақта инватакси қызметінде 100-ден астам көлік бар. Қазіргі таңда Астана мен Алматы қаласында тұратын мүгедектігі бар азаматтар Яндекс Go мобильді қосымшасы арқылы «Инватакси» қызметін қолдана алады. Бұл пилоттық жоба ретінде биылдан бастау алды. Алдағы уақытта біздің өңірге де келуі әбден мүмкін.

Былтыр алғаш рет қоларбаларды жөндейтін сервис орталығы Қарағандыда ашылды. Орталық жоспары бойынша жылына 300 қоларба жөндейді.

Мүгедектігі бар адамдарға немесе мүгедек бала асырап отырған отбасы мүшелеріне мемлекеттік гранттар мен микронесиелер беріліп келеді. Мәселен, былтыр 11 мемлекеттік грант жеті мүгедектігі бар адамға және мүгедек бала асыраушы төрт отбасына бұйырды. Ал, шағын несиелер 339 адамға берілді.

Мүгедектік тобын белгілеу үшін медициналық-әлеуметтік сараптама жүргізудің сырттай форматы кеңінен қолданыста. Ол 30 нозология бойынша іске асады. Жыл басынан бері елдің барлық өңірлерінен 8,5 мыңнан астам өтінім қаралды. Ал, былтыр 96,9 мыңнан астам өтінім сырттай форматта қаралыпты. Бұл – куәландырудан өткен мүгедектігі бар адамдардың жалпы санының 37,4%-ы.

Бұл – Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің VI отырысында Мемлекет басшысының ерекше қажеттіліктері бар адамдар үшін барынша қолайлы жағдай жасау, олардың инстанцияларға жүгіріп, қағазбастылықтан арылту бойынша тапсырмасынан кейін қолға алынған шара. Сырттай куәландыру әкімшілік және бюрократиялық кедергілерді жоюға, медициналық-әлеуметтік сараптама ашықтығын қамтамасыз етуге, сыбайлас жемқорлық тәуекелдерін азайтуға бағытталған. Сонымен қатар, мүгедектігі бар адамдарды ұзын сонар кезек күтуден «босатады».

Бәріне тең мүмкіндік берілетін инклюзивті қоғам қалыптастыру – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевтың реформаларының маңызды басымдықтарының бірі. Бұл дегеніміз – медициналық көмекке тең әрі әділ қолжетімділік, сапалы білім, жұмыспен қамту және әлеуметтік бейімделуге арналған мүмкіндіктер.

Жансая ОМАРБЕК,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button