Ресми

Мүмкіндігі шектеулі жандарға жаңа жұмыс орындары ашылады

«Алтын Сапа» сыйлығының лауреаты атанған «Колғанат-Қарағанды» тігін компаниясы жоспарлары мен жетістіктерімен бөлісті. Алдағы уақытта ағаш эко ойыншықтар, жеке спорттық киім желісі және мүгедектер үшін 500 жұмыс орнын құру көзделген. Бүгінде компания Қазақстан нарығында әлеуметтік кәсіпорын сегізінші жыл қатарынан жұмыс істеп келеді. Ұжымда 50-ден астам адам жұмыс істейді. Ал, ұжымның едәуір бөлігі – мүмкіндігі шектеулі жандар.

Компанияның негізін қалаушы Асхат Есентұровтың мүгедектігі бар. Ол өзі сияқты адамдарға жұмысқа орналасу кезінде кездесетін қиындықтар туралы өз тәжірибесінен біледі. Алдымен ол қоғамдық бірлестік құрды, содан кейін өндіріс ашуға тәуекел еткен. Барлығы екі тігін машинасынан басталды.

2022 жылғы қаңтарда «Колғанат-Қарағанды» кәсіпорны бірінші санаттағы әлеуметтік кәсіпкерлік субъектілерінің тізіліміне енді. Сәуір айында компания респираторларға индустриялық сертификат алды, желтоқсан айында бірнеше марапаттарға ие болды.

– Облыстық байқауда біз «Үздік жұмыс беруші» номинациясын жеңіп алдық. Халықаралық мүгедектер күнінде «Атамекен» ӨКП директоры Ернар Күлпейісов марапатты табыстады. Сонымен қатар, Amanat партиясының қолдауымен Қазақстандық мүгедектер конфедерациясы ұйымдастырған «Жаншуақ» халықаралық қоғамдық сыйлығында бізді кәсіпкерлік қызметті дамытуға қосқан үлесі үшін атап өтті, – деді «Колғанат-Қарағанды» ЖШС директорының орынбасары Асхат Жұмағұлов.

Басты марапат «Алтын Сапа» сапа белгісі болды.  

Компания мүмкіндігі шектеулі жандарға ғана емес, зейнеткерлік жасқа дейінгі қарағандылықтарға, жалғызбасты аналарға және халықтың әлеуметтік осал топтарының басқа да өкілдеріне жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Кәсіпорынның негізгі өнімі – жұмыс, спорттық және балалар киімдері, респираторлар.

Балаларды дамытатын текше эко ойыншықтар мен ағаштан жасалған ойыншық жүк көліктерін шығаруды бастау жоспарлануда. Астанадан келген әлеуметтік кәсіпкер Эмин Әскеровпен ынтымақтастық компанияның жұмысын ілгерілетуге көмектеседі.

Сонымен қатар, дизайнер Зарина Черняевамен бірге жасалған «Сапа» жеке брендімен спорттық киім шығарылады.

«Колғанат-Қарағанды» серіктестері өңірдің және елдің ірі өнеркәсіптік кәсіпорындары болып табылады. 

– Бұл тұрақты жұмыс істеуге және дамуға мүмкіндік береді. Біз өз мысалымызбен әлеуметтік кәсіпкерлікті одан әрі ілгерілететін боламыз. Технология және сервис колледжімен белсенді жұмыс істейміз, «Үміт сәулесі» ерекше балаларға көмек көрсету қоғамдық қорымен жұмыс істейміз, – деп атап өтті Асхат Жұмағұлов.

Компания бірқатар серіктестермен ынтымақтастық және бірлескен жобаларды іске асыру туралы меморандумдар жасасты.

Облыс әкімінің баспасөз қызметі.

Басқа материалдар

Back to top button