Ресми

Мүмкіндігі шектеулі жандарға мүмкіндік мол

Олар мейірімді, көзқарастары, ой-тұжырымдары, түйсіктері бөлек. Бойдағы күш-жігер, іштегі бұлқыныс оларды өмірді ынта-шынтасымен сүюге жетелейді. Табиғатынан талантты, талапты жандардың бұл тобы – мүмкіндігі шектеулі жандар. Елімізде оларға жан-жақты қолдау көрсетіліп, кедергісіз орта қалыптастыруға жағдай жасалған. Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Қазақстанда ешкімнің құқығы шектелмеуі керек», деп ерекше күтімді қажет ететін жандарға ыңғайлы орта қалыптас­тыру қажеттігін тапсырды.

Суреттер: ұйымдастырушылардан

Статистикалық деректерге сүйенсек, елімізде 695 мыңнан астам мүмкіндігі шектеулі жан бар, олардың 95 мыңы – балалар. Бұл көрсеткіш жыл сайын 3-4%-ға өсіп отыр. Қорқынышты көрсеткіштің алдыңғы үштігінде Түркістан, Алматы, Қарағанды өңірлері тұр. Он екі мүшесінде ақау болғанымен, қалыпты жағдайда өмір сүруге бейім тұлғаларды бүгінде кез келген салада кездестіруге болады. Ел қатарлы еңбек етіп, кәсібінен нәсібін тауып отырғандары қаншама. Білімді де білікті мамандар қатарын толықтырып жүрген жандар да жетерлік. Яғни, қазіргі таңда мүмкіндігі шектеулі жандарға мемлекет тарапынан жасалатын мүмкіндіктер ауқымы артып, әлеуметтік жәрдемақылары да өскен. Кенді аймақта да мүмкіндігі шектеулі жандарды мұңайтпас үшін, оларға қолдан келгенше қолдау көрсетілуде. Бүгінде аймақта мүгедектігі бар 55 мың 396 адам бар. Жалпы халық санының 4,9%-ын құрайды. Оның 4 мың 834-і – 18 жасқа дейінгі мүгедек балалар. Биыл әлеуметтік осал топ өкілдерін әлеуметтік қолдауға облыс бюджетінен 476 млн. теңге бөлінді. Қызмет көрсетудің тиімділігін арттыру мақсатында 2021 жылдан бастап «Әлеуметтік қызметтер порталы» арқылы оңалту құралдарына тапсырыс беру мүмкіндігін де қарастырып қойған. Бұл порталдың қызметіне бүгінде 10206 адам жүгінеді.

Мүмкіндігі шектеулі жандар жүріп-тұру да жеңілдетілген. Аймақтағы 13 өңірде – Қарағанды, Саран, Балқаш, Теміртау, Шахтинск, Приозерск қалалары, Абай, Бұқар жырау, Қарқаралы, Нұра және Осакаров аудандарында 56 автокөлік инватакси қызметін көрсетеді. Оның 20-сы арнайы көтергіш құрылғымен жабдықталған. Биыл бұл қызмет түрімен 1000-нан астам адам қамтылады. Оның 332-сі мүгедек бала.

«Мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін Қазақстан кедергісіз аймаққа айналуы тиіс. Ондай адамдарға қамқорлық көрсетілуге тиіс, бұл – өзіміздің және қоғам алдындағы парызымыз» дейтін азаматтар да жоқ емес. Мәселен, Қарағанды қаласында бертінде ашылған Ten Qogam әлеуметтік бейімдеу орталығы мүмкіндігі шектеулі адамдарға ақпараттық-кеңес беру қызметтерін көрсетіп келеді. Алдағы уақытта Балқаш, Саран, Теміртау, Шахтинск, Абай қалаларында осындай орталықтар ашу жоспарлануда.

Мүгедектерді жұмыспен қамту оңай шаруа емес. Десек те, дамыған елдердің бәрінде еңбекке жарамды мүмкіндігі шектеулі жандардың көпшілігі жұмыс істейді. Бұл мемлекет үшін де, мүгедектер үшін де, қоғам үшін де тиімді. Аймақта да бұл мәселеге баса назар аударылып келеді. Кемтар жандарды жұмысқа орналастыру мәселесінде кез келген жерде қиындықтар кездеседі. Жұмыс берушілердің барлығы бірдей мүгедек жандарды қызметке қабылдауға құштар болып тұрған жоқ. Сондықтан, олармен келісім жасау қиындау. Екінші бір мәселе – мүмкіндігі шектеулі жандардың көпшілігінде жоғары білімді азамат екендігін дәлелдейтін дипломы, ешқандай мамандығы жоқ. Сондықтан, мүгедек жандар өзі қалаған қызметке орналасып, жеткілікті жалақы алудан қағылады. Міне, осы түйткілдер мүмкіндігі шектеулі жандарды еңбекке тарту кезінде біраз қиындықтар туғызады. Аймақта мүгедектігі бар, бірақ, еңбекке қабілетті 34 мыңнан астам адам бар. Оның ішінде мүгедектігі бар жұмыспен қамтылғандар 34,4% құрайды. Мәселен, биыл облыстағы 49 кәсіпорында 93 адамның еңбек етуіне мүмкіндік берілді. Алдағы уақытта 70 адамды жұмысқа орналастыру мақсаты тұр.

Мүгедектігі бар тұлғаларды жұмыспен қамтудың тағы бір тетігі – арнайы жұмыс орындарын құру. Бұл жоба 2018 жылдан бастап жүзеге асырылуда. Биыл мұндай жұмыс орындарын құруға 13 млн. теңге қаражат қарастырылды. Әсіресе, есту және көру қабілеттері бұзылған адамдарға арналып ашылды. Әрі бұл топ өкілдерінің жалақысы 60-65-70% көлемінде үш жыл бойы мемлекет тарапынан субсидияланып отырады.

«Кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде мүгедек санатындағы 700 адамды жұмыспен қамту жоспарланып отыр. Аталмыш жоба шеңберінде мүмкіндігі шектеулі жандар біліктілік арттырып, бизнес-идеяларын жүзеге асыру үшін төмендетілген пайызбен несие мен гранттар алуға және жұмысқа орналасуға мүмкіндіктері болады. Бүгінгі таңда бұл жоба аясында 618 мүгедектігі бар адам қамтылып, оның 331 тұрақты жұмысқа және субсидияланатын жұмысқа орналас­ты. «Бастау Бизнес» кәсіпкерлік негіздеріне оқытуға – 271 мүгедектігі бар адам жіберілді. Бұл топтағы адамдарға ерекше назар аудара отыр­ып, оларды грантпен қамтамасыз етуге баса назар аударылып келеді. Ағымдағы жылы мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған 10 ата-ана және 6 мүгедектігі бар адам грант алды.

Сонымен қатар, білім беру ұйымдарының түлектері үшін арнайы «Жастар тәжірибесі» ұйымдастырылды. Еңбекақы 25 АЕК-тен 30 АЕК көлемінде, қатысу мерзімі бір жылға ұзартылды. Бұл жобаға 816 адамды жіберу жоспарлануда. Жұмыс тәжірибесі жоқ жастар, соның ішінде NEET санатындағы жастар «Бірінші жұмыс орны» жобасына қатыса алады.

Мемлекет тарапынан халықты әлеуметтік қолдауға арналған бағдарламалар мүмкіндігі шектеулі жандарға да тиесілі. Аймақта бұл тұрғыда жүйелі жұмыстар атқарылуда. Мүмкіндігі шектеулі жандардың еңбек етуге деген құлшынысы аса зор. Қазір жеке кәсіп ашып, еңбегімен табыс тауып жүрген мүгедек жандардың қатары көбеюде. Олар қоғамға масыл болғысы келмейді. Сол себепті, қолдарынан келген кез келген жұмыстан қашпайды. Барлық жұмысты үлкен жауапкершілікпен атқарады.

Сағыныш ӘБІЛ,
Ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button