Мүмкін емес меже жоқ
Бақыт – біреуге кеш, біреуге ерте келеді. Өмір де солай. Ережесін өзіңнен сұрамайды. Базбіреуге тәтті өмірді сыйласа, ал, біреуге керісінше… Ал, біз оны сынақ деп қабылдаймыз. Сол сынақтан өткен де бар, сүрінген де көп. Сондай сынақ қарағандылық 27 жастағы параспортшы Ақназар Мүтәліповтің де басынан өткен. Жұмыс барысында бір аяғы мен бір қолынан айырылып, ауыр кезеңді бастан кешкен. Қазір сол сынақты еңсеріп, мақсатына жету үшін күресуде. Бүгінде параспортшы Балқаш көлінің бір жағасынан қарсы беттегі жағасына дейінгі 20 шақырымдық қашықтықты тоқтаусыз жүзіп өтті. Осы аралықты 13 сағатта еңсеріп, көзсіз ерлік жасады.

Ақназар мектеп бітіргеннен кейін теміржол саласында еңбек жолын бастаған. Алайда, 2018 жылы жұмыс барысында ауыр жарақат алып, салдарынан бір қолы мен бір аяғынан айырылды. Бірақ, жас жігіт тағдырдың сынағына сынған жоқ. Өзін қолға алып, жүзу спортымен айналысады. Негізі, жүзуге бала кезінен қызыққан екен. Десе де, кәсіби түрде шұғылданбапты. Осы жағдайға тап болғаннан кейін жүзуге бет бұрып, өмірін күрт өзгертеді. Сөйтіп, осы бір спорттан жанына жұбаныш тапты. Кейін түрлі чемпионаттарға да қатысып, нәтиже көрсете бастады. Атап айтсақ, былтыр Таразда өткен ел чемпионатында 400 метрге еркін стильде жүзуден сынға түсіп, чемпион атанды. Сол жылы Бурабай көлін жүзіп өтіп, өз шеберлігін дәлелдеген болатын. Биыл «Спорт шеберлігіне үміткер» дәрежесіне қол жеткізіп, тағы бір белеске қадам басты.
– Әуелі Алла Тағаланың, одан кейін отбасым мен жақындарымның қолдауымен осындай сынақты еңсердім. Жақындарымның жанында ешқашан өзімді шектелген адамдай сезінген емеспін. Осы үшін Жаратқанға және туған-туыстарыма шексіз алғысымды білдіремін. Сол бір ауыр сәтте өзімді жоғалтқан жоқпын. Керісінше, жүзумен айналысып, бойымдағы барлық қорқынышты, кедергілерді жеңдім. Биыл «Балқаш көлін жүзіп өтемін» деп алдыма мақсат қойдым. Осы арқылы «Бір қолы мен бір аяғы жоқ адам да үлкен қашықтықтарды бағындыра алады» деп өзіме, әрі бүкіл әлемге дәлелдегім келді, – деді параспортшы.
Сонымен қатар, параспортшы өзінің әлеуметтік желідегі парақшасында:
– Мен әлемдік рекорд орнатуға ұмтылып отырмын. Қазіргі таңда мен бұл жетістікті Гиннестің рекордтар кітабына ресми тіркеу үшін демеушілер іздеп жатырмын, – деп жазба қалдырған.
Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»