Спорт

Мүлт кеткен мүмкіндік

Шайбалы хоккейден ел чемпионатының плей-офф кезеңіндегі ойындар басталды. Қарағандылық «Сарыарқа» клубы бұл кезеңде «Алматы» клубымен кездеседі. Қарағандылықтар алғашқы кездесу­ін де өткізіп, қарсыластарына 2:4 есе­бімен есе жіберді.

Жерлестеріміз бұған дейін алматылықтармен сан мәрте ойнаған. Былтырдың өзінде бес мәрте кездесіпті. Оның екеуінде жерлестердің асығы алшысынан түссе, үш ойында қарсыластар жеңіске жеткен. Биыл қос команда жыл басталғалы алғаш рет ойнап отыр. Оның өзінде – плей-офф кезеңінде.

Чемпионат ережесі бойынша қос команда жалпы төрт ойын өткізуі шарт. Оның үшеуінде жеңіске жеткен команда келесі кезеңге өтеді.

Ойынның алтыншы минутында жерлестер сапынан Глеб Зайцев есеп ашты. Дмитрий Стуловтың берген пасын еш қиындықсыз қарсылас қақпасына бағыттап, командасын алға шығарды. Бірақ, қарсыластар сапынан 11-ші минутта – Егор Кожевников, 12-ші минутта Артур Данилкин есепті 1:2-ге жеткізді. Араға екі минут салып қарағандылықтар тағы да есеп ашып, таразы басын теңестірген. Бұл жолы көзге түскен – Артем Валеев. Осылайша ойынның алғашқы бөлігінде қос тарап тең тарқасты. Есеп – 2:2.

Екінші айналымда ойын қыза түсті. Қос команда ойыншылары бір-бірінің ойын мәнерін әбден түсініп алғандай. Қорғаныста қателіксіз ойнады. Қақпаға бағытталған соққыларды қос тараптың қақпашысы еш қиындықсыз қайтарып тастап отырды.

Дегенмен, 38-ші минутта қарағандылықтар қақпасына бір шайба енді. Алматылық клубтың шабуылшысы Владислав Туник есепті 2:3-ке жеткізді. 57-ші минутта қарсыластар қарағандылық қақпашы Данил Кадочниковтың қақпасынан саңылау тауып, есепті еселеп кетті.

Осылайша жерлестердің плей-офф кезеңіндегі алғашқы жорығы сәтсіз басталды. Бірақ, келесі кезеңнен үміт бар. Алда әлі үш ойын күтіп тұр…

Ербол ЕРБОЛАТ,
«Ortalyq Qazaqstan»

Сурет клубтың әлеуметтік желідегі парақшасынан

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button