Мүлікті ерікті сақтандыру сервисі цифрландырылды
eGov Mobile мобильді қосымшасында тұрғын үй мүлкін және көршілер алдындағы азаматтық жауапкершілікті ерікті түрде сақтандыруға мүмкіндік беретін Tumar Home атты жаңа цифрлық сервис іске қосылды.

Жаңа өнім тұрғын үй жылжымайтын мүлкін және үшінші тұлғалар алдындағы жауапкершілікті толықтай цифрлық форматта сақтандыруға мүмкіндік береді. Сервис тұрмыста жиі кездесетін қауіп-қатерлерді, оның ішінде өрт, жарылыс және су басу салдарынан келетін залалды қамтиды.
Сақтандыру ай сайынғы жазылым форматы арқылы рәсімделеді. Қызмет құны – айына 1 500 теңге. Бұл ретте сақтандыру төлемдерінің жалпы сомасы 500 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Оның ішінде 250 мың теңгеге дейін мүлікке келтірілген залалды өтеу көзделсе, тағы 250 мың теңге үшінші тұлғаларға келтірілген зиянды өтеуге бағытталған.
Сақтандыру өнімін іске асыруға Freedom Insurance, Basel және Alatau City Garant сақтандыру компаниялары қатысуда. Таңдалған компанияға қарамастан, сақтандыру шарттары мен полис құны бірыңғай болып қала береді.
«ҰАТ» АҚ басқарма төрағасы Дәулет Бекмановтың айтуынша, сервистің eGov Mobile жүйесіне интеграциялануы азаматтарға өз мүлкін қорғау мәселесін ыңғайлы әрі дербес шешуге мүмкіндік береді. Бұл ретте сақтандыруды рәсімдеу туралы шешім толықтай пайдаланушының еркінде.
Сақтандыру полисін рәсімдеу үшін:
– eGov Mobile қосымшасында авторизациядан өту;
– «Хабарламалар» – «Ескертулер» бөліміне кіру;
– Tumar Home сақтандыруы туралы хабарламаны таңдау;
– дербес деректерді өңдеуге келісім беру;
– қажетті мәліметтерді толтырып, сақтандыру жарнасын төлеу қажет.
Қазіргі уақытта сервис жылжымайтын мүлікке меншік құқығын тіркеген пайдаланушылар үшін қолжетімді. Тіркеу аяқталғаннан кейін қосымшада тиісті хабарлама жолданады.
Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА



