АймақРесми

МҚІА басшысы Дархан Жазықбаев жұмыс сапарымен Қарағанды облысына келді

Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің төрағасы Дархан Жазықбаев Қарағанды облысына жұмыс сапарымен келді. Сапары барысында өңірдің мемлекеттік қызметшілерімен және Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің студенттерімен кездесу өткізді.

Өңірдің мемлекеттік қызметшілерімен кездесуде Агенттік басшысы мемлекеттік қызмет саласындағы соңғы өзгерістерге тоқталып,  мемлекеттік аппараттың жұмысын бюрократиядан арылту, мемлекеттік органдардың басшы және орындаушы құрамдарының арақатынасын регламенттеу, мемлекеттік қызметшілерді ротациялық төлеммен қамтамасыз ету, жұмыс кестесінің сақталуын бақылау, «Е-қызмет» жүйесін жаңғырту бойынша жүргізіліп жатқан шаралардың мән-жайымен таныстырды.

– Азаматтардың әл-ауқатының артуы – мемлекеттік аппарат жұмысы тиімділігінің негізгі көрсеткіші. Мемлекеттік қызметші мемлекеттік қызметке кір келтіретін бюрократияға, көзбояушылық формализмге, жұмыстың имитациялық сипатына және қызметтің жасанды декларативті элементтеріне жол бермей, жұмыс тәсілін өзгертіп, жаңаша серпінге қадам жасауы керек, – деді Дархан Жазықбаев.

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев мемлекеттік қызмет саласында оқу орындарын үздік бітірген түлектерге жасалып жатқан жеңілдіктерді жоғары бағалап, жас мамандардың мемлекеттік қызметке кіруі тұтастай алғанда мемлекеттік қызмет жүйесіне оң әсерін тигізетінін атап өтті. Бұл жастарды ауылдық жерлерге тарту бойынша жақсы ынталандыру шара екенін алға тартты.

Сапар аясында Агенттік басшысы облыс әкімімен қала тұрғындарына қызмет пен кеңес көрсететін «Open Qaragandy» фронт-кеңсесіне және «Senim 109» бірыңғай үйлестіру орталығына барып, жұмыс барысымен танысты.

Дархан Жазықбаев мемлекеттік қызметтерді цифрландыру бірінші кезекте адамдар үшін қолайлы жағдай жасау мақсатында жүргізіліп жатқанын және бұл қоғам тарапынан сенім деңгейін арттыруға ықпал ететінін жеткізді.  

Айта кету керек, бүгінде Агенттік мемлекеттік қызмет көрсету сапасын арттыру, мемлекеттік бақылауды жетілдіру аясында қызмет алушылардың шағымдарын күтпей-ақ, қашықтан мониторинг жасап, құқық бұзушылық болған жағдайда заңдылықты орнату тәжірибесін бастады. Тек 2022 жылы Қарағанды облысында 18 млн. астам мемлекеттік қызмет электронды түрде көрсетілді. Қарағанды облысы жергілікті атқарушы органдар рейтингінде мемлекеттік қызмет көрсету сапасы бойынша алғашқы бестікке кіреді. Бұл облыс халқының қанағаттану деңгейін бағалау бойынша 5 балдық шкаладан 4,48 балды құрайды.

Сондай-ақ, сапар барысында Дархан Жазықбаев Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды университетіне арнайы барып, студенттермен кездесу өткізді.  Студенттермен ашық әңгіме барысында ол бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке жастарды тарту бойынша Агенттік қызметі туралы, оның ішінде Президенттік жастар кадрлық резерві жайлы сөз қозғап, бүгінгі таңда мемлекеттік қызметке жас және креативті таланттар қажет екенін ерекше атап өтті.

Кездесу соңында Агенттік Төрағасы университеттің кітапхана қорына кітаптар табыстады.

Жұмыс сапарының аясында Дархан Жазықбаев «Saryarqa» телеарнасына сұхбат беріп, Агенттікпен мемлекеттік қызметті жетілдіру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы айтты.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,

ortalyq.kz

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button