Бас тақырыпРуханият

Мұхтар Мағауин: Шортанбайдың зар заманы

БАС РЕДАКТОРДАН: Едіге бауырым, әкесін көке дейді, мен Мұхтар ағатайым деймін. Ағатайым сон-ау алыстан, Америка құрлығынан, азуын айға білеген Америка Құрама Штаттарынан Шортанбай атасы туралы талдау мақаласын Едіге арқылы арнайы «Орталық Қазақстан» газеті үшін жолдапты. Оқиық, санаға салып, парықтайық. Менікі – парыз!!!

СУРЕТТЕ: (солдан оңға қарай) Аппаз ҚАРАЖІГІТОВ, Дандай ЫСҚАҚОВ, Мұхтар МАҒАУИН, Тұрсынбек КӘКІШЕВ, Жеңіс ҚАШҚЫНОВ, Серік НЕГИМОВ, Қайрат ЖҰМАҒАЛИЕВ, Кәмел ЖҮНІСТЕГІ. Шортанбай жыраудың 175 жылдық мерейтойында

Бұл күндері Сары-Арқада, атақты Ақсу-Аюлы өңірінде қазақ халқының ұлы ақыны Шортанбайдың 175 жылдық тойы өткеріліп жатыр. Ресми дәрежедегі салтанатты жиын, Қазақстанның ең білікті ғалымдары қатысқан ғылыми-теориялық кеңес, көне зират басында мүсінделген ескерткіш, қан жайлаудағы дүбірлі мереке, әлденеше дүркін ат бәйгесі, ұлттық ойындар, көл-көсір дастарқан, бата мен дұға – осының бәрі Шортанбай рухына жасалған тағзым ғана емес, ежелгі қазақ елінің қайта көтерілуінің кезекті бір белгісі.

Бай дәстүрі бар қазақ әдебиетінің сан ғасырлық тарихындағы ең соқталы тұлғалардың бірі Шортанбай мұрасы соңғы жетпіс жылда жұртшылыққа теріс түсіндірілді. Шортанбай есімі атала қалса, оны сөгіп, жерлеу – балшабектік парыз сияқты болды. Жырымдалып жарияланған бірлі-жарымды өлеңдерінің өзіне шүйліге сөйлеу әдетке енген. Енді міне, бар өмірі зармен өткен, өлгеннен соң да көрінде тыныш жата алмаған Шортанбай есімінің ұлттық мақтанышқа айналуы – тәуелсіздік шапағаты десек, ақынға бағышталған дүбірлі мерекені осыншама биік деңгейде өткеру – Шортанбайдың туған топырағында өсіп-өркендеп отырған ел-жұрттың, әкімшілік тұтқасын ұстаған азаматтардың ізгі ниеті, қайраты мен пейілінің нәтижесі деп білуге тиіспіз.

Шортанбай шығармашылығының қыр- -сырын, мән-мағынасын жете түсіну үшін оның өмірін, оның ақын ретінде, азамат ретінде қалыптасуына әсер еткен жағдаяттарды байыптау ләзім. Өскен ортасын, өткерген заманын таразылау керек

Шортанбай 1818 жылы туады. Үш жүзге ортақ қожа руынан. Қазақ ішіндегі қожа нәсілі біздің жұртымыздың дін ісләмді ұстануында, құдай, құран сөзін тануында, яғни ұлттың рухани ұйысуы жолында игілікті қызымет атқарғаны белгілі. Қожалар әулетінің ордалы, ежелгі мекен – Сыр бойынан шығып, Сары-Арқаға таралуындағы басты мақсат та осы болатын. Заманға ғана емес, адамға да сын көзімен қараған, ал өз тіршілігіне қатысты жайыттарды мысқылдай отырып еске алған Шортанбай:

Жұртты жеген тауық ем,

Жалғанның ебін тауып ем,

Қаратауда жүргенде,

Сары-Арқаның наны үшін,

Шалқып жатқан малы үшін

Осылай қарай ауып ем”,– десе, бұл – жеке басқа тікелей қатысты кеп емес, отарлық зорлыққа қарсы ем таба алмаған мұсылманшылдық идеологияны қыжырту ғана. Ақын өзінің бір сөзінде бабасының сүйегі Түркстан түбіндегі Қарнақта жатқанын айтады, басына бара алмай, дүниеден өтуіне өкініш білдіреді. Әлбетте, ұлттық өредегі тұлға қай тарапта туса да халқына қастерлі, бірақ өмірбаяндық деректердің нақты болғаны жөн. Соңғы кезде айқындалған кейбір деректерге қарағанда, Шортанбайдың дүниеге келген жері – қазіргі Қарағанды облысының Шет ауданы. Ықтимал жағдай. Қайткенде де, ақынның бүкіл ғұмыры осы өңірде, Ресей отарына айналған Сары-Арқада өтеді.

Жас кезінен-ақ дін жолын емес, өнер жолын таңдаған Шортанбай, қайткенде де өз әулетінің ежелгі дәстүрінен аулақтап кетпейді, бір кездегі Қожа-Ахмет Яссауи сияқты, мүрид жинап, азан шақырмаса да, сол дана ұстаз үлгісімен шариғат қағидаларын, адамгершілік, иман жолын өлеңжыр арқылы насихаттайды. Сонымен қатар, сақараның суырып салма ақындарының әдетімен топқа да түседі, көптеген айтыстарға қатысады. Шортанбай шығармалары халық арасына кеңінен тарайды, уақтылы тасқа басылмаған себепті көптеген шығармалары ұмытылады, жоғалады. Жасы елуден асқан кезінде Шортанбай дін, ғибадат жолына біржола беріледі, оның ақындық қызыметі де маңызданып, тереңдей түседі. Шортанбай пайғамбар жасында, 1881 жылы дүниеден көшеді.

Шортанбай толғауларының бір тобы “Қисси-и Шортанбай. Шортанбайдың бала зары” деген атпен, 1888 жылы Қазанда жарияланып, айналасы жиырма жыл ішінде бес мәрте басылды. Бұл, қазақтың патша заманындағы баспа ісінде болмаған жағдай – Шортанбай сөздері халқына қаншалық жаққанын айқын аңғартса керек. Сонымен қатар, бажайлап тексергенде, бұл кітаптың патшалық цензураның қатал сүзгісінен өткені де көрініп тұр. Шортанбайдың енді бір пара жырлары соңғы кезге дейін көшірме қолжазбалар түрінде сақталып келді. Өз тұсында орыс оқымыстылары ғана емес, орыс отаршылдары да айрықша назар аударған Шортанбай толғауларының жаңа нұсқалары мен бейтаныс үлгілері алдағы уақытта Ресей архивтерінен табылып жатуы әбден мүмкін. Шортанбайдың біздің заманға жеткен, әзірше ғылымға белгілі шығармалары турауға түспей, сызылмай, күзелмей, өзінің бар кейпі, табиғи қалпымен алғаш рет республикалық әдеби “Жұлдыз” журналының 1991 жылғы 3-санында жарияланды. Ал, Шортанбайды тану, оны жанжақты, түбегейлі зерттеу – болашақ ісі, бірер мақаланың емес, бірнеше кітаптың жүгі. Біз бұл арада Шортанбай сияқты ұлы ақын мұрасының кейбір ерекшеліктеріне ғана назар аудармақпыз.

Шортанбайдың ойшыл ретінде қалыптасқан, ақын ретінде тұлғаланған заманы қазақ халқының жаңа тарихындағы ең ауыр кезеңдердің бірі болды. Кенесары хан бастаған, бүкіл Қазақстанды қамтыған азаттық соғысы ауыр жеңіліспен аяқталды. Елдің бар қуаты сарқылып, бар тірлігі суалғандай көрінді. Кенесары қозғалысына жалғас, немесе бұдан соңғы, байтақ елдің шар тарабындағы көтеріліс ошақтарының барлығы тұншықтырылды. Батыс Қазақстанда Исатай, Сыр өңірінде Жанқожа, Маңғыстауда Досан батырлар қазаға ұшырады. Азаттық жаршысы Махамбеттің басы шабылды, Шернияз ақын іштен тынып, Нысанбай жырау қайғы тұңғиығына батты. Жұрт қорғаны батыр ерлер түгел жер жастанса, ұлт ұраншысы өршіл ақындар тегіс кіріптар халге жетті. Ел иесіз қалды. Қанға бөкті. Талауға түсті. Отаршыл Ресей бүкіл қазақ даласын біржола жалмап жейтін зымиян да обыр саясатын жүзеге асыра бастады. Міне, дәл осы кезеңде үн көтерген Шортанбай шығармашылығы – бұғауға түскен кәріп елдің жан тәсілім ышқынысы ғана емес, бағы қайтса да рухы өшпеген өміршең халықтың қайрат-қуатының, ұлттық санасының көрінісі болды.

Абылай ханның тұсында…

Арбасын артып, оң қылған,

Есіл менен Нұраның

Екі жағын жол қылған.

Ертістің басы қара дөң,

Еңкейе біткен қара адыр,

Арқа деген құба жон,

Аядай біткен көл екен.

Атты кердең өстірген

Арқаның тарлау шөбі екен,

Жігітті кердең өстірген

Ат пенен малдың демі екен!”

Ол заман келмеске кеткен. Басқа бір заман туған.

Мына заман қай заман –

Азулыға бар заман,

Азусызға тар заман.

Тарлығының белгісі:

Жақсы – жаннан түңілген,

Жаман – малдан түңілген –

Мұның өзі зар заман!..”

Жаңа заманның қыспақты тарлығының, зорлықшыл зарлығының ең басты себебі – Қазақ жұртының дербестіктен, елдіктен айрылып, Ресейдің басыбайлы отарына айналуында жатыр. Шортанбай орыс отаршылдығының сыр-сыпатын ашып көрсетеді.

Арқадан дәурен кеткен соң,

Қуғындап орыс жеткен соң,

Тіпті амал жоқ, әлеумет,

Енді сенің торыңа.

Жалмауыз болды үлкенің,

Қазақ, сенің сорыңа.

Орыс – бүркіт, біз – түлкі,

Аламын деп талпынды,

Орыстан қорлық көрген соң,

Отырып билер алқынды…”– дейді.

Бұрын елге тірек болған хан кетті. Жұртқа қорған болған батырдың сағы сынды. Ұлысқа құт болған бидің бағы тайды.

Кетейін десе, алдың тар,

Тұрайын десе, кәпір бар,

Қайсы бірін айтайын,

Қазақтың ұлы сандалды”, – дейді.

Әкімшілік қыспақ, мал-жанды талауға салу өз алдына, ұлан-байтақ жерін біржола иемденуге ниет қылған отаршылдар лек-легімен көшіп келіп, қазақ даласына берік орныға бастаған. Және қазақтарды зорлап көшіріп, ең шұрайлы, құйқалы қоныстарды алады. Күн озған сайын келімсектердің саны да молайып, табан тіреп иеленген жерлері де көбейіп барады. Және тоқтайтын түрі көрінбейді. Ақырғы мақсат – бүкіл қазақ даласын жалмап жұту. Шортанбай отаршыл өкіметтің осындай, тереңнен ойластырған жер саясатын да нық басып таниды.

Әр нәрсенің болжалы

Келе жатыр жақындап,

Ағашты тауға үй салып,

Алды кәпір ақылдап,

Елді еркіне қоймады

Буыршындай тақымдап”, – дейді Шортанбай. . Бұл құсаға, кенеусіз зорлыққа жұртың қалай шыдамақ деп, жан даусы шығады. Бірақ, қаптаған қара бұлтқа қарсы тұрар амал таппайды. Елден күш кеткен.

Аяқты қия басу жоқ,

Орыстың салған жолы бар,

Ендігі туған жігіттің –

Маңдайының соры бар!”

Ауыр сөз. Ащы үкім. Бірақ, анық ақиқат. “Ендігі туған жігіттің – Маңдайының соры бар!..”

Елдіктен айрылғаннан соң кісілік өлшемі де өзгерген. Отаршыл өкімет өз қолайына жаққан, айдауында жүретін, туған халқына қасқырша шабудан тайынбайтын жандайшаптарға жел береді. Барлық жерге өз текешігін отырғызады. Жақсыларды қудалап, жамандарды көтереді.

“Әуелгі қорлар зор болды,

Сондай зорлар қор болды,

Әуелгі барлар жоқ болды,

Сондай жоқтар тоқ болды,

Жөн білмеген жамандар

Ел билеген бек болды!” – дейді Шортанбай. Сондықтан да әкім-төре атаулыда қасиет қалмаған. “Тексізден туған” билерден ғаділдік тайған. Нәтижесінде “қазақ деген ғаріп жұрт” мүшкіл халге жеткен.

Шынында да, басынан бағы тайған қазақ даласы жыртқыш шеңгелге түсті. Қазақстан – бүкіл ресейлік базардың бір бөлігіне, шикізаты мол әрі арзан, тиімді, түсімді өлкеге айналды. Аяусыз қанау жыл озған сайын арта түсуге тиіс еді.

Сонымен қатар, Қазақ елі Россия империясының басыбайлы отары ретінде, патшалық тәртіп туғызған заң, низам жөнімен жүруге тиіс болды. Жергілікті халық мүддесі, ұлттық ерекшелік, әдет-ғұрып жайы мүлде ескерілмеді. Осының бәрі қазақ қоғамына теріс ықпалды, үлкен әлеуметтік өзгерістер әкелді. Енді жат, жаңа заман орайында бұрынғы рухани тұрғы, ежелгі жол-жора ескіре бастайды, адамдар арасындағы, ұлттық салт-санаға негізделген қарым-қатынастар әлсірейді, іні – ағаны сыйламайды, қалған жұрт ақсақалды сыйламайды, тіпті, ер мен әйелдің өзара қатынасына дейін басқаша, әдет-ғұрып өзгере бастаған соң, мінез-құлық та өзгерген, әлбетте, оңға емес, теріске қарай. Ең бастысы – ежелгі қазақ қоғамындағы туыстық, бауырластық қатынас бұзылған. Бұрынғы: “Батырдың жаны ортақ, – Байдың малы ортақ”, – деген ұлттық мораль келмеске кеткен. Нәтижесінде, қалың бұқара панасыз ғана емес, кедей-кепшік, мүсәпір халге түскен.

“Байды құдай атқаны –

Жабағы-жүнін сатқаны.

Кедей қайтіп күн көрер,

Жаз жатақта жатқаны;

Жаздай арық қазады,

Күздей пішен шабады,

Оны-мұны жиғанын

Шығын деп тілмаш алады.

Жалғыз сиыры бар болса,

Соғымына сояды,

Қағаздатып бұзауын

Ноғайына қояды…”

Ақын қазақтыққа шет, адамдыққа жат бұл жағдай – жаңа заман, зар заман кесірі деп біледі. Қазіргі тілге көшірсек, отаршылдық зардабы. Отаршылдық әкелген ғұрып-тәртіп нәтижесі.

“Мынау асылық, азған заманда

Алуан-алуан жан шықты,

Арам, араз хан шықты,

Қайыры жоқ бай шықты,

Сауып ішер сүті жоқ,

Мініп, түсер күші жоқ

Ақша деген мал шықты”, – дейді. Және бұл тығырықтан құтылар амал таппайды.

“Замана қайтіп оңалсын,

Адам қайтіп қуансын –

Жандарал болды ұлығың,

Майыр болды сүйгенің…” – дейді. Өз заманының отаршылдық нәтижесінде туған сұрықсыз көріністерін жіті таныған ақын қалың бұқараны кембағал жағдайға түсірген патша әкімдерін де, олардың ел ішіндегі жандайшаптарын да, қарақан басының қамына көшкен би, болыстарды да аямайды, бәрінің де келеңсіз істерін, арамдығын, пасықтығын әшкерелейді. Шортанбай, тіпті, өзі діндар кісі бола тұра, ел ішіндегі қожа, молдаларды да оңдырмай сынайды, олардың сопысынған сыртқы пердесін ашады.

“Бұл асылық, азған заманда

Қожа, молда көбейіп,

Отырар төрде шөмейіп”, – дейді.

“Ұрлық қылсаң – неттің деп,

Су түбіне кеттің деп,

Шайтан келсе, аздың деп,

Өңкей арам залымдар

Зәремізді алады,

Арам берсең жымиып,

Қалтасына салады…” – дейді.

Бұзылған заманда діннің өзі бұзықтың құралына айналған. Әйткенмен, дінбасылардың азуы – діннің терістігінен емес, сол дін жолындағы адамның өзінің азуының нәтижесі деген ой айтады. Заманның азуы – адам атаулыны түгел аздырған. Халықтың бұрынғы қадыр-қасиеті тозып, өткендегі өнегелі істің бәрі құрдымға кеткен. Ақын өзіне мүлде жат замана кейпін салмақтай келе, көңіл аулар ешқандай жақсылық нышанын таба алмайды,

“Титтей нәрсе қалсайшы,

Бұрынғыдан ырымға!..” – деп қатты күйзеледі. Заманның бұзылуының ең басты сыпаты, ең үлкен кесапаты да осы деп біледі.

Болашақтан, жарқын, жақсы өмірден баз кешкен Шортанбай өз өмірінің соңғы кезеңінде, бір жағы ауыр дерт әсері де болса керек, сопылық жолын қуып, тақуалыққа беріледі. Енді өзінің насихат өлеңдерінде үлгі-өнеге сөздің бәрін, моральдық дидактикалық ойларын тегіс дінге тірей сөйлейді. Бар күнәні дін жолымен жууға болады, көктегі құдайды, кейінгі ахиретті ескеріп, түзік іс қылыңдар, дүние – фәни, өткінші, енді бақилық мұрат жайын ойлаңдар дегенді айтады.

“Билер, пара жемеңдер,

Жалғанды жолдас демеңдер,

Кісі хақын алмаңдар,

Аузыңа арам салмаңдар,

Дүние жиып өткен жоқ,

Бізден бұрынғы пайғамбар…”

Бұл – ел әкімдеріне арнау. Жалпы жұртқа айтылатын өсиет те, айналып келгенде, құдай жолын тұтын деген уағызға тіреледі.

“Үлкендер, саған айтайын,

Мал басына бармаңдар,

Ахирет қамын қармаңдар…

Тентек болма балаға,

Безер болма келінге,

Қадірің кетер еліңе,

Қарауыл қой сөзіңе –

Қанша нәрсе ереді

Өлгеннен соң өзіңе!”

Байыптап қарасақ, бұл да алданыш. Өйткені, Шортанбай о дүниенің талқысынан гөрі бұ дүниенің азабын – туған халқының бүгінгі тіршілік кебі мен ертеңгі болашағын көбірек қамдаған адам. Қайткенде де замана туғызған зар мен мұңның тұңғиығына шома береді.

Сонымен, ел азды, жұрт тозды, ең ақыры, діннің өзі тоқырады. Отаршылдық қыспақ шектен шықты. Бүгінгіден торыққан, келешектен күдер үзген ақын бар дүниеден баз кешіп:

“Су түбіне кеттің, жұрт,

Тал табылмас қармарға!” – дейді. Зар заман шындығынан туындаған қатал үкім. Бүкіл қазақ қауымы жалған дүниеден біржола көшпек. Бірақ, ақын көзі көре тұра мұндай сұмдыққа көнгісі келмейді. Тығырықтан шығар, азаптан құтылар жол іздейді. Өзіңде күш жоқ, ендеше, алыстағы қуатты ағайынға сауал сал.

“Қазақ ұлы жиылып,

Құдайыңа сыйынып,

Қондыгерге хат жазып,

Кешіктірмей дат жазып,

Өлмесіңде қамың қыл!..”

Яғни, түрік сұлтанына арнайы сәлем жолдап, Түркия сияқты туыс, қайратты жұрттан көмек сұрау керек дейді.

Азаттыққа жетудің ең соңғы амалы ретінде түрікшілдік идеясын ту етіп көтерген Шортанбай жер бетіндегі тіршілігінің соңғы сағатында айтқан тәсілім сөзінде де болашақ ұрпақ қамын ойлайды, “Жарылқа, құдай, артымды!” – деп зар шегеді. Діннен айрылмауға, ар-ұжданды жоғары ұстауға, ата-салтты ардақтап, ұлттық дәстүрді ұмытпауға үндейді. Ел-жұртын жамандық атаулыдан сескендіріп, қазақ ішіндегі Құнанбай қажы, Мұса мырза сияқты игі жақсыларға бақұл сөзін жолдайды. Өз замандастарына ғана емес, болашақ бүкіл ұрпағына өсиет тастайды.

Шортанбай үлгісі, оның өзгеше сыпатты мұрасы – бүкіл қазақ жұртының асыл қазынасы. Отаршылдық бұғауға мойымаған, еркіндік аңсаған халықтың асқақ рухының көрінісі. Қазақ әдебиеті ғана емес, түрік дүниесі ғана емес, бүкіл әлемдік рухани өмір өлшеміндегі өзгеше құбылыс.

9.VІ.1993.

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button