Мұхиттағы домбыра-көпір
Су үстіне салынған əлемдегі ең ұзын көпірді білесіз бе? Бейнесі біздің домбыраға ұқсайды. Тынық мұхитының кіреберісінде орналасқан Гонконг, Джухай, Макао қалаларын бір-біріне жалғап тұрған домбыра пішінді көпірге əлем жұртшылығы таңдай қақты. Еліміздегі БАҚ домбыра бейнесінде салынған осы көпірді жобалауға қатысқан қазақ екенін жарыса жазды. Ол Қытайдағы қазақ қандасымыз Өрлеухан Қисаұлы екен.
Аталған көпір құрылысы 2009 жылдың аяғында басталған. Үш қаланы жалғайтын алып көпірді аяқтауға тоғыз жыл уақыт жұмсал ған. Аталған нысан көпір, су асты туннелінен жəне жасанды арал секілді үш бөліктен тұрады. Жалпы ұзындығы 55 шақырымды құраса, оның 38 шақырымы көпір болып саналады. Кеме қатынасына кедергі келтірмеу үшін көпірдің ортасында ұзындығы 6,7 шақырым болатын су асты туннелі салынған. Ол мұхит астында 48 метр тереңдікте орналасқан. Сондай-ақ, туннель су мен жер массаларының айтарлықтай қысымына төтеп бере алатындай етіп жасалған. Мұндай күрделі құрылыс өте көп уақытты қажет етті, өйткені оның аймағындағы топырақ сусылдақ жəне жұмсақ, ал теңіз ортасы өте қауіпті. Су астындағы туннельге кіріп-шығу үшін жасанды арал салынған.
Көпір салынып, 2018 жылдың күзінде пайдалануға берілген соң, Гонконг пен Джухай қалалары арасындағы үш сағаттық жол уақыты небəрі жарты сағатқа қысқарған. Алып нысанды əлемге танымал Лондон қаласында орналасқан «Arup Group» компаниясы салған екен.
Енді бір қызығы – көпірдің домбыра пішіндес болуы. Құрылысты жобалауда этникалық қазақтың қолтаңбасы бар екенін еліміздегі БАҚ өкілдері жарыса жариялады. Өрлеухан Қисаұлы алып көпірдің жер сілкінісіне қарсы төзімділігін, тербеліс пен табиғи апаттарға қаншалықты беріктігін жобалауға қатысыпты.
2010 жылы ұсынған жобасы қолдау тауып, 2011 жылы ресми түрде жұмыс басталған. Ол озық техника көмегімен алып көпірдің сілкініске қарсы төзімділігінің жобасын жасаған. «Қарапайым жолмен қиындықты жеңе алған амал-тəсіл болып қаралды, яғни, артық техника істетпей-ақ, бүкіл көпірдің сілкініске қарсы төзімділігін барынша арттыра алдық» деген екен Өрлеухан Қисаұлы сұхбаттарында.
Өрлеухан Қисаұлы көпір пайдалануға берілген сəтте: «Бұл домбыра көпірдің ғұмыры 120 жыл деп есептедік, техникалық бақылау жұмыстарын арттыру арқылы оның шыдамдылығын 150 жылға дейін ұзартуға болады» деген ойын жеткізген екен.
Ашық дереккөздерге сүйенсек, Өрлеухан Қисаұлы Шыңжаңдағы Іле қазақ облысы Алтай аймағында дүниеге келген. Гуанч жоу университеті Жер сілкінісіне қарсы төзімділікті зерттеу орталығының бас инженері. Негізінен сейсмикалық оқшаулау жəне конструкцияларды зерттеу жəне жобалау ісімен айналысады. 1989 жылы Далянь технологиялық университетінің магистратурасын тəмамдаған. 1996 жылы Жапонияның Шығыс-солтүстік университетінде сəулет-құрылыс мамандығы бойынша білім алып, 2000 жылы Жапонияда докторлық диссертация қорғаған. Бүгінде ол Қытайда тарихи ескерткіштер мен адамзат өркениетінің мұрасын тиімді қорғауға елеулі үлес қосқан ғалым ретінде құрметке бөленген.
ҚР Оқу-ағарту министрлігінің ресми сайтында Өрлеухан Қисаұлы шетелде халықаралық технологиялық компанияларда жұмыс істейтін отандастар тізімінде бар екенін көзіміз шалып қалды. Сондағы дерек бойынша Өрлеухан Қисаұлы бүгінгі таңда Қытайдағы Гуанчжоу университеті Инженерлік-сейсмикалық зерттеу орталығының ғылыми қызметкері жəне бас инженері, «Гонконг – Джухай – Макао» көпірін жобалауға қатысқан, сейсмология сарапшысы, инженерия ғылымдарының докторы.
Əлемнің əр шетінде өз саласында зор жетістіктерге жеткен қандас бауырларымыз көп. Дүние жүзіндегі ең үлкен көпірді жобалауда қазақ қандастың қолтаңбасы қалғанының өзі біз үшін зор мақтаныш. Ірі шаһарларды бір-біріне жалғаған домбыра бейнелі алып көпір бүгінде ұлы мұхитты тербетіп тұрғандай.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ,
Ortalyq.kz



