Басты тақырып

МҰХИТ пен ДӘУІТ

       Аңшы досым Тұяқ арқылы жаңаарқалық атбегі Дәуітпен біршама уақыт бұрын танысқан едім. Әңгімеміз жарасты. Кардиоорталықта бір палатада жаттық. Ішіміз пыса қойған жоқ. Аңшылық, атбегілік, қазағымызға тән басқа да неше түрлі хикая, сыр ақтарылды. Әдетте көп шешілмейді екен. Сол қалың әңгіме-дүкеннің ішінде матрос Дәуіттің көзбен көрген бір әңгімесі әлеуметтік желіден шыға келді. Дәуіт құрдасым СССР кезінде Тынық мұхитта авианосецте әскери борышын өтепті. Кемелері Владивос­токтан Индияға сапарлайды. Мұхит тұрмақ, теңіз көрмеген Арқаның қазағы палуба жуудан бастап, неше қилы қару-жарақты әбден меңгереді. Социализм мен капитализмнің текетіресі. СССР күш-қуатын, әскери әлеуетін әлемге таныту үшін мұхиттағы армадасын анда-санда осылай сапарлатып тұрады екен.

    Дәуіттердің мұхит суын пышақтай тіліп келе жатқан жойқын кемелері Индонезия тарапына жеткенде бұрынғы матростар (стариктер) жас матростарды палубаға қуып шығыпты.

    Қос мұхиттың жұмыр жерімізде шектесетін тұсы – Австралия мен Индонезия архипелагтары арасында. Жағырапия ілімінде 150 градус Шығыс бойлық, 10 градус Оңтүстік ендік. (Ақпарат берген жағырапиядан байырғы ұстаз Егінтай Мұхамедиұлы).

    – Қазір Тынық мұхиты мен Үнді мұхитының шектесетін тұсынан өтеміз. Қараңдар мына кереметті, – депті «кәрі» матростар.

    – Ол кезде Құдайға сенбейміз. Атеиспіз ғой. Тәңірінің бұл ғажабына таңқалдым. Тынық мұхиты – көк, Үнді мұхиты – жасыл. Бірінің суы біріне араласпайды. Бірінің балығы, мақұлықтары екіншісіне ауыспайды екен,– деп еске алған еді Дәуіт.

    «Жүз рет естігенше, бір рет көр» деген қазақтың ұрпағымын ғой. Құлағыма емес, көзіме сенгендіктен сол кезде ақ қағазға түсіруге оқталдым да, кейінге кідірткен едім. Соның сәті Наурыз тойымызға дөп келді.

     Әлеуметтік желіден, атап айтсам «ватсап» арқылы Нәби досым осы табиғат таңғажайыбын жіберіпті. Тәңірінің бұл тылсымына көз суардым, көңілім сенді.

***

     Әттең, осы жазғанымды Дәуіт құрдасым оқи алмайды. Мен Жезқазғанға сапарлағам. «От жаққан шаңырағымды, балаларымды, немерелерімді бір көрсеңші» деп бұрыннан қолқалап жүрген соң, асығып бара жатқаныма қарамастан, бұрынғы «Дружба» совхозы, қазіргі Байдалы би атындағы округ орталығындағы үйіне соқтым. Жолаушының жағдайы белгілі. «Жол мұраты жету» ғой. Мен күре жол үстіндемін. Ол жол жүру қамында екен. Балдай сары қымызын көлігіме салып бермек болды. «Кері қайтқанда аламын ғой» дегеніме көнбеді. Тәңірімізден бір тылсым пәрмен келіп тұрыпты ғой сонда. Мен оны ұға қоймаппын.

    Қайыр қош айтысып, «тағы кейін дидарласамыз ғой», деп қол алыстық. Енді менің шаңырағымда болуға уәделескен едік. Үзеңгіге аяқ сала бергенімде ол да, мен де жолда абайлап жүруді айтқан едік бір-бірімізге. Дәуіт асыл жарымен, баласымен, немерелерімен ертеңінде Астанаға бір тойға сапарға шықпақ. Дәуіт құрдасым үйелменімен Шахтинск маңында жол апатынан опат болыпты. Жезқазғаннан оралып келе жатып, көңіл айттым бүкіл ауылына.

    Өйткені мен көрген кешегі ақар-шақар үй иесіз еді. Жалған.

***

    «Сайда саны, құмда ізі жоқ» дейді қазақ. Пенделердің маңдайына құрлықта ғұмыр кешу жазылған. Солай бола тұра Дәуіттің ізі қос мұхиттың тоғысқан тұсында сайрап тұр.

     Айтқан – ол, жазған – мен.

Мағауия СЕМБАЙ

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button