Мәңгіліктің ақыны
Ұлттың ұлы ойшылы, бас ақыны Абай Құнанбайұлының 175 жылдығында Үкімет қаулысымен 10 тамыз – Абай күні болып бекітілген еді. Сөйтіп, қазақ қоғамы Абайына бет бұрды. Осы жаңалық байтақ Отанның әр қиырына сүйінші боп жетіп жатты. Халықтың ерекше қуанғанын байқау қиын емес еді. Бұл мерейлі күннің маңызы қандай және не береді, не берді?
Бұл сауалдың жауабын Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 2020 жылы хәкім мерейтойы қарсаңында жазған «Абай және XXI ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласынан алғанымыз жөн болар.
Мақалада «Халқымыздың ұлы перзентінің мерейтойын лайықты атап өту үшін арнайы құрылған комиссия дайындық жұмыстарын бастап кетті.
Мемлекет көлемінде және халықаралық деңгейде ауқымды іс-шаралар ұйымдастыру жоспарланып отыр. Бірақ мұның бәрі той тойлау үшін емес, ойөрісімізді кеңейтіп, рухани тұрғыдан дамуымыз үшін өткізілмек», – делінген.
Абай күнінің негізгі мақсат, міндетін Мемлекет басшысы осылай айқындап берді. Өзінің күретамырынан, түбірінен ажыраған халық цивилизацияға жұтылып кететінін озат ойшылдар айтудай-ақ айтып, жазудай-ақ жазды.
Жаһандану мен ақпарат заманында руханиятты дамытпақ керек. Бұл жолда Абай мұрасы – темірқазық. Ұлт ұстазы Ахмет Байтұрсынұлы «Ақын сөзіне жұрт рухының сәулесі түспей тұрмайды» деген. Хәкімнің шығармалары – қасиетті сөзге айналып, қағазға түскен ұлттың қасиетті рухы.
Абайдың 175 жылдығында ұлттық руханиятты жаңғырту жолында үлкен-үлкен шаруалар қолға алынып, жүзеге асты. Президент мақаласы мен Абай күні игі шешімдердің қабылдануына сеп болды. Мәселен, Семей облысына хәкім Абай есімінің берілуі – былтырғы жылдың ең басты жаңалықтарының бірі. Қарағандыдағы Ленин даңғылы Абай Құнанбайұлына берілді.
Бұл – Арқа төріндегі тарихи оқиға. Өйткені, кеншілер астанасында сол уақытқа дейін бас ақынның атында көше болмаған. Дәл сол даңғылда хәкімнің ескерткіші қасқайып тұр. Және Ленин даңғылы қаладағы сән-салтанаты жарасқан ұзын даңғылдардың бірі. Сонымен қатар, 2020 жылы Абай Құнанбайұлы атындағы №104 мектеп-гимназиясы ашылды. Лента қию рәсіміне Президент арнайы келген еді. Абай күнінің Қарағандыға берген шарапаты – осы.
Сонымен қатар, қазақтың аяулы, классик ақыны Серік Ақсұңқарұлы 2020 жылы Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың иегері атанды. Жоғарғы сыйлық «Көкейімде Күлтегіннің жазуы» деген өлеңдер жинағы үшін берілді. Былтыр ғана Алаш жырының Ардакүреңі Ғалым Жайлыбай да «Ай таңбалы Арғымақ» өлеңдер жинағы үшін Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықты Президент қолынан алды.
Сонымен қатар, ұлы ойшылдың мұрасын насихаттау мақсатында әдеби, мәдени шаралар лек-легімен ұйымдастырылды. Әсіресе, Қазақстан Жазушылар одағының облыстық филиалы жергілікті әкімдікпен бірлесе жас ақындардың шығармашылығын дамытуға арналған мүшәйралар мен поэтикалық дуэльдер өткізді. Қалам алып, талаптанған жас шайырлар ақшалай жүлде алып, марапатталды. Өңірдегі жас ақындар Абай күнінің шарапатын осылай көрді.
– Абай күні – бұл жәй белгілене салған дата емес. Бұл – жас ұрпақтың тәрбиесіне қажет. Абай күнінде хәкім мұраларын дәріптеу шаралары ерекше жаңғыруы тиіс. Өйткені, ойшылдың шығармашылығы жас өренді халқына қызмет ететін, арлы, иманды тұлға болуға үндейді, – дейді «Тұлғатану» ғылыми-зерттеу орталығының директоры Нұрсахан Бейсенбекова.
Абай күні болашақта да игі шаралардың жүзеге асуына ықпал етері сөзсіз. Бас ақынның күні биыл да өз деңгейінде аталып өтпек. Облыстық, қалалық деңгейде ауқымды әдеби шаралар жоспарланып отыр.
Өйткені, Абай – мәңгіліктің ақыны.
Ұлы халық ұрпақтары Ұлы ақынды ұлықтаудың, дәріптеп-насихаттаудың бірегей үлгісін танытуда. Бұл құрмет бір ғана Абай күнімен шектелмейді. Хакім мұрасы ұлттық идеология тұрғырнамасына айналып келеді.
Ерік НАРЫН,
Ortalyq.kz