Мәңгілік жарық
Мағынасыздық қысқанда әр тараптан,
Көз алмаған, ағам-ай, ақ парақтан.
Жаңаарқада туа сап, күллі әлемді,
Даласына қазақтың жалт қаратқан.
Баласына қазақтың жалт қаратқан!
Биік самғап, білуге құштар жаның,
Күйкісіне күйбеңнің пысқырмадың.
Ұрпағыңа ұлағат болып қалды,
Ар шыңынан ешқашан төмендемей,
Биіктіктің қадірін ұқтырғаның.
Сән қып жатса, қызықтап, ел әр нені,
Бір ізденіс болды әр кез жан ермегі.
Жүректерді жаулап ап, бір қаттылық,
Туысын да танымай шарқ ұрғанда,
Сен оны да «Ғылым!» деп дәлелдедің.
Бірақ, сенің ғылымың шуақты еді,
Қайнары мол, мөп-мөлдір бұлақ дені.
Өмір атты қып-қысқа баяныңда,
Қаттылықтан да бір сәуле іздеп өткен,
Аппақ жаның, ағатай, жұмақ тегі.
Арқа тұтып, Сәкенді, Мағжандарды,
Аласармас жүректе арман жанды.
Сол арманды аялап, арлы жолың,
Сарыарқада, жеріңде туып-өскен,
Ұлы жолға өлмейтін жалғанған-ды.
Мінезіңіз Нұраның арнасындай,
Болмысыңыз бабалар таңбасындай.
Алшаң басып, жүрдіңіз Еуропада,
Мұхитында ғылымның ізі қалған,
Эйнштейн, Ньютонның жалғасындай.
Солай жаның сан көктем, күзді өткерді,
Сан естелік, сәнді сәт тізбектелді.
Кәрі құрлық төрінен атақ пен даңқ,
Бұрылып та өзіне қарамаған,
Бұйра шашты жігітті, еңсесі тік,
Кеншілердің еліне іздеп келді.
Нұрлы бейнең бұл күнде сағым, аға,
Туған жансың қазақтың бағына, аға!
Марғасқа ұлдар, мәрт мінез көп болса да,
Жан-жүрегі жұртымен егіз туған,
Өзіңіздей шын ғалым табыла ма?!
Көрсетсең де жасыңнан тағылымды,
Кеш түсіндік, кеш ұқтық қадіріңді.
Бүгін, міне, жолыңда жүріп өткен,
Қазағыңның өр рухы атойлап тұр,
Ту қып ұстап мәңгілік жарығыңды!
Жәлел ҚУАНДЫҚҰЛЫ.