«Мәңгілік полк» шеруі
Жас әкіміміз Төлеген Іргебаев Ұлы Жеңістің 72 жылдығына Керней ауылы жұртшылығының ақыл-кеңесін ескере отырып, тыңғылықты дайындалды. «Жас келсе – іске» деп қазақ атамыз тегіннен-тегін айтпаған ғой! Ол қысқа уақыт ішінде ауылдастарының сүйіспеншілігіне бөленіп те үлгерді.
Ұлы Отан соғысы жауынгерлеріне арналған алаң толығымен абаттандырылған. Атап айтқанда, қоршау түзетілген. Аула тегістелген. Ескерткіш өңделген. Жазу жаңартылған. Гүлзар дайындалған. 60 түп қайың отырғызылған. Орындықтар қойылған. Соғыс ардагерлерінің фото-портреттері қанық бояулармен әспеттелген.
«Жерім, елім, сайран да қайран жұртым» деп жүрген ұстаз, жергілікті «Нұр Отан» партиясы бастауыш ұйымының төрағасы, Алтынай Мұратқызы Сүлейменованың тікелей басқаруымен, еңбек ұжымдарының ерен қолдауымен, кәсіпкерлер мен жеке шаруашылық қожалықтарының демеушілігімен, тыл және еңбек ардагерлеріне арналып, мерекелік мол дастарқан жайылды. Аталар мен әжелер естелік айтып мұңайса, жастық шаққа оралып жадырады…
Дөңгелек столдағы отырыстағы ақ сақалды, ақ жаулықты ата-әжелердің арман-тілегі келер ұрпақтар легіне жүктелген аманатқа айналды. Асыл Саршиновтың, Асқар Қалдыбаевтың, Қайыр Мағзұмовтың, Құсниден Есентаевтың, Мереке Дүйсенбаевтың, Сәкен Сармантаевтың басқаруындағы шаруа қожалықтарына атқарып жатқан игілікті іс-шараларына халық атынан зор ризашылық білдірілді. Мерекені ұйымдастырып, оны ойдағыдай өткізген адамдар мен ұжымдарға алғыс айтылды. Дастарқанға бата беріліп, аруақтарға құран бағышталып, соғыс құрбандарының рухына тағзым етілді.
Аталы сөзге, баталы сөзге, салиқалы сөзге тоқтар ұрпақ өссін! Қазақ көгінде, қазақ жерінде, қазақ елінде иман шуағы есіп тұрсын! Қазақстан халқы асқарлы армандарына жеткен үстіне жете берсін!
Мақсұтхан АҚЫШ.
Бұқар жырау ауданы.