Мәңгілік елдің мұратты жолында
Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 25 жылдығына орай «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтында «Мәңгілік Ел» кабинетінің ашылу салтанаты болып өтті. «Артына із қалдырған ұлы іс» деген атты шараға қонақ ретінде институт ардагерлері, білім беру ұйымдарының басшылары, Қарағанды облыстық ғылым және білім беру қызметкерлерінің кәсіподақ ұйымының төрайымы арнайы шақырылды. Кабинеттің лентасын кесу мәртебесіне институттың құрметті қызметкерлері мен ардагер-ұстаздар ие болды. Жиналғандар ілкімді іске сәттілік тілей отырып, алдағы уақытта да осындай игі бастамалардың жалғасын табатынына сенім білдірді. Айтулы шарада «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институтының директоры Сәулеш Мұқанова сөз сөйлеп, аталмыш шараның маңыздылығына тоқталды, ардагерлерге ақжарма тілегін жеткізді.
Жұмыс тобының бірлескен шешімі бойынша «Мәңгілік ел» кабинетінде институттың тарихы мен жетістіктерінен сыр шертетін стендтер орнатылды. Бірінші стендтен институттың іргелі білім орталығы ретінде қалыптасу жолын көруге болады. Келесі стендте институттың қалыптасуына және дамуына үлкен үлес қосқан тұлғалардың портреттері орналасқан, яғни, білім ошағының өркендеуіне үлес қосып, табыстарға жетуіне ұйытқы болған, басшылық еткен тұлғалардың бейнесі көрініс берген. Педагогтердің кәсіби дамуын ғылыми-әдістемелік тұрғыдан қолдау мақсатында ашық есік күндері, онлайн семинарлар, вебинарлар, әдістемелік десанттар жыл сайын дәстүрге айналған үлкен шаралар – «Өрлеу» бет-бейнесіндегі біліктілікті арттыру институтының республикамыздағы көшбасшы білім ордасы екендігін айшықтайды. Осының барлығы үшінші стендте көрініс тапқан.
Халқымызда «Өткеніңді ұмытсаң – өшкеніңнің белгісі, өткеніңді еске алсаң – өскеніңнің белгісі» деген аталы сөз осы күнге дөп келді. Мереке барысында әсерлі де, әдемі отырыс – еліміздің білім беру жүйесін биік шыңдарға көтерген алдыңғы аға буын мен ізбасар інілердің сырласуына, келісті сұхбатқа ұласты. Білікті басшы, бүгінде білім беру жүйесінің дамуына әлі де үлесін қосып келе жатқан Сәбит Қонтаев, институттың ең алғашқы директоры болған Балхаш Абиевтың қызы, өзі де институтқа елеулі еңбегін сіңірген Сара Балхашқызы, ұлықты ұстаздар Қазиза Смағұлова, Салтанат Бөдесова сынды ардагерлер болды. Кездесуде білім саласының ардагерлері мен құрметті қонақтары білім ордасының тарихынан сыр шертетін қызықты әңгімелер айтып, жас педагогтармен тәжірибелерімен бөлісті. Қарағанды облысы білім саласының майталмандарымен қоса Татьяна Самойлюк, Айман Түкбай, Светлана Чжао сияқты абзал тұлғалар танымдық диалог құрды. Айта кету керек, бүгінгі күнде Қарағанды облысы барлық салада үнемі өзін алдыңғы қатардан көрсетіп келе жатқан аймақ. Әсіресе, білім беру саласындағы «Болашақ инженері», робототехника, үштілділік және тағы басқа жетістіктері жетерлік. Кабинеттің ашылуына мұрындық болған – институт ұжымы екендігі аян. Әйтсе де «Мәңгілік ел» кабинеті «Өрлеу» БАҰО» АҚФ Карағанды облысы бойынша ПҚ БАИ директоры, п.ғ.д. профессор С.Д.Мұқанова тарапынан қолдау тауып, директордың оқу-әдістемелік жұмыстар жөніндегі орынбасары, п.ғ.к., доцент А.А.Мухатаевтың басшылығымен жүзеге асқанын ерекше атап кеткен жөн. Институттың алдағы даму бағдары мемлекет саясатымен қабысып жатқандығының бір көрінісі – дәл осы «Мәңгілік ел» кабинеті. Бұл кабинет – білім беру жүйесіндегі халықаралық серіктестермен ынтымақтастық қарым-қатынас орнатудың алғышарты болатын достық пен бірлік алаңы болмақ!
Жаңа технология дәуіріне икемделген мобильді кабинетте Институттың барлық мәдени-инновациялық іс-шаралары, яғни түрлі деңгейдегі вебинар, семинар, онлайн конференциялар, дөңгелек үстел, пікірталас пен өзара ой бөлісу ұйымдастырылып, тіпті жаһандық мәселелердің шешімі дәл осы кабинеттен бастау алмақ. Ендеше, үлкен бастамаға ақ жол тілейміз. Білім ордасында атқарылар игілікті істер қатары көбейе берсін!
Тілеу ТУҒАНБАЕВА,
«Өрлеу» БАҰО АҚ филиалы
Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ бас маманы.
ҚАРАҒАНДЫ қаласы.