Басты тақырыпРухани жаңғыру

Мәңгілік елдің – мәңгілік тілі

    Сейсенбі күні «Достық үйінде» аймақ басшысы Ерлан ҚОШАНОВТЫҢ қатысуымен облыс әкімінің «Тіл жанашыры» сыйлығын табыстау салтанаты өтті. Сондағы тіл саясатын жүзеге асыру мен мемлекеттік тілдің дамуына мейлінше үлес қосқан кіл жүйрікте кім жүйрік екенін дәлелдеп, әріптесіміз Ерсін МҰСАБЕКОВТІҢ Бас жүлдегер атануы – Арқа жұртшылығы үшін айтулы оқиғаға айналды.

Туған тілімізге деген теңдесіз құрмет – 2012 жылдан бері дәстүрлі түрде «Қазақстан халқының тілдері күні» мерекесі қарсаңында көрсетіліп келе жатқанын айта кеткен де абзал болар. Облыстың тілдерді дамыту басқармасы ұйытқы болған бастамаға азды-көпті алты жылдың мұғдарында барлығы 223 адам құжат тапсырса, биыл 7 номинация бойынша барлығы 38 адам бәйгеге түскен екен.

…Осы күні қалам ұстағанның бәрі қаламгер, шешіліп сөйлей білгеннің бәрі шешен, бірнеше тіл білем дегеннің бәрі білгір деген қасаң ұғым қалыптасты. Расында солай ма? Шынтуайтына келсек, шыбын жанын шүберекке түйіп, көз майын тауысып, ана тілім аяқ асты қалмасын деген азаматтар – саусақпен санарлық. Дегенмен, өз тілім дегенді өзегінен тепкен ұлт емеспіз. Оған – осы салтанат куә! «Достық үйіндегі» дөңгелек үстелді айтпағанның өзінде, қаз-қатар тізілген орындықтан отыратын орын тауып көріңіз. Иә, барын киіп, бақанын түйіп келген алқалаған әлеуметтің қарасы көптігі қуантты. Иін тірескен халық болмаса да, ине шаншар орын жоқ. Бәрінің көкейіндегі дүние – қатарынан қара үзіп келу емес, қазақ тілінің айбыны төмендемесін, атаның күшімен, ананың сүтімен келген құндылығымыздың қадірі кетпесін дегені.

Қош! Әлдебір әдемілікті, тартымдылық пен сөз қуатын күткен шараға қатысушылар демін ішке тартқан сәт. Өңірімізге белгілі бірнеше жас айтыс­кер домбырасын асынып, толқынысын жасырып, ортаға беттеді. Домбыраның күмбірі дүлдүлдердің дүбіріне ұласып, айтыс басталып кетпесі бар ма? Көмейлерінен жыр саулап, ұлттық рухымызды аспандатып әкетті. Өнер десе ішкен асын жерге қоятын елміз ғой. Арқасы қозып, атой салған ақындарға аямай алақан ұрған көп­шіліктің ықыласы шексіз еді. Міне, мәні мен сәні бөлек салтанат осылай басталған болатын.

– Өздеріңіз білесіздер, кеше ғана бүкіл әлем көз тіккен Халықаралық «ЭКСПО–2017» көрмесінің жабылу салтанаты өтті. Сонда бір журналист шетелдіктер арасында сұрау жүргізіпті. Өз сауалында ол «Сіздер естіген қазақтың қай сөзі тартымды» десе керек. Бұл ретте, шетелдіктердің көбі «жан» деген сөз деп жауап беріпті. Бұл – ғаламторда жүрген ақпарат. Сол жан деген сөзден шығады – бүгінгі салтанатты жиынға ана тілімізге шын жаны ашитын қоғам өкілдері жиналып отыр. Ұлттың жаны – тілі. Тіліне жаны ашыған адам – ұлтына, еліне жаны ашиды деген сөз. Сондықтан, осы залда тек қана тіл жанашырлары емес, ұлт жанашырлары да жиналып отыр деп ойлаймын. Елбасымыз баса айтқандай, «Енді ешкім өзгерте алмайтын бір ақиқат бар! Ана тіліміз Мәңгілік Елімізбен бірге Мәңгілік тіл болады. Оны даудың тақырыбы емес, ұлттың ұйытқысы ете білгеніміз жөн». Тағы бір айта кететін жайт – тілдер күні әлемнің ешбір мемлекетінде атап өтілмейді. Бұл – еліміз үшін тіл саясатының қаншалықты маңызды екенін айғақтаса керек. Жыл санап жастар арасындағы мемлекеттік тілге деген қызығушылықтың арта түскені де қуантпай қоймайды, – деді Ерлан Қошанов.

Сөз соңында аймақ басшысы еліміздің латын қарпіне көшу мәселесін де тілге тиек етті. Бұдан ұлтымыздың ұтары көп екені де айтылмай қалмады. Жаңғырудың өзі жазудан басталатынын жеткізген өңір басшысы бұл мәселеге де ел болып қолдау білдіру қажет екенімізді баса айтты.

Ең бастысы, тіл жанашыры деген ұғым – тіл білу, тілге құрмет деген түсініктің аясынан әлдеқайда ауқымды. Жанашырлық дегеніміз – үйрету мен үйрену. Сондықтан, қазақ тілінде еркін сөйлей білетін азаматтарды ғана емес, осы тілді үйренсем, білсем деген жандарды да ынталандыруымыз қажет. Жарты немесе бір жыл көлемінде қазақ тілін үйрткен һәм үйренгендерді дәріптеу сұранысы туындауда. Өткен шараның өзегі де осы болды.

Ерлан Қошанов қазақ тілінің даму, үйрену, үйрету мәселесіне қатысты мониторинг жүргізуді де қолға алу қажеттілігін жеткізді. Осы жұмысты бақылайтын, үйлестіретін орган не болмаса орталық құру керектігін де жасырмады. Айтылғандарды облыстың тілдерді дамыту басқармасының иығына жүктей салу да жөн болмайтынын білдірді.

Бұдан бөлек, өңіріміздегі «Қазақ тілі» қоғамының үш жыл көлемінде кеңсесіз жүргені де назардан тыс қалмады. Аймақ басшысы осыған қатысты өз орынбасары Жандос Әбішевке тиісті тапсырма жүктеп, бір апта мерзім аралығында түйткілді мәселенің түйінін тарқатуды тапсырды.

Сөйтіп, тіл саясатын насихаттап, оны іске асыру шараларына белсене ат салысып жүрген зиялы қауым өкілдері, қоғам қайраткерлері, мемлекеттік және азаматтық қызметшілер, бизнес және БАҚ майталмандары, мемлекеттік тілді меңгерген өзге ұлт өкілдері, үш тілді меңгерген жастар аталған байқауға қатысу мүмкіндігіне ие болыпты. Дәстүрге айналған биылғы бәйгеге өткен жылдардан өзге «Жас полиглот», «Тіл білгірі» және «Мемлекеттік тіл – бизнесте» сынды жаңа үш аталым қосылған екен.

Соңғы үш жыл аралығында тіл мәселесін көтеріп, өз тарапынан мемлекеттік тілдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтардың еңбектері, құжаттары қаралып, бекітілген арнайы комиссия шешімі бойынша – 7 үміткер мерей биігінен көрінді. Сол жетеудің ішіндегі шоқтығы биігі – «Тіл майталманы аталымы». Бұл сыйлық – облыс аумағында мемлекеттік тіл саясатын жүзеге асыру және мемлекеттік тілді дамыту мен қолдану аясын кеңейтуге қомақты үлес қосып, тіл саясатын насихаттау мен тілдерді дамыту шараларына белсене қатысып жүрген белгілі бір ғылым саласының қызметкеріне, зиялы қауым өкіліне немесе қоғам белсендісіне табысталады. Бұл ретте қатарынан қара үзіп, осы аталым бойынша Бас жүлдені қанжығалаған «Орталық Қазақстан» газеті Бас редакторының орынбасары Ерсін Мұсабековтің жеңісін сөз етпей кетуге болмас. Облыстық баспа бетінде «Үш тұғырлы тіл» саясатының насихатталуына, Қазақстан халқы Ассамблеясының жұмысына, туған тіліміздің дамуына қосқан үлесінің айрықша құрметі деуге тұрарлық. Құтты болсын деуден басқа айтарымыз жоқ.

Бұдан өзге, мемлекеттік тіл саясатының жүзеге асырылуына және мекеменің мемлекеттік тілге көшуіне ат салысып, тіл саясатын насихаттауға үлес қосқан мемлекеттік немесе азаматтық қызметшіге, мемлекеттік мекеме маманына табысталатын «Мемлекеттік тіл – мемлекеттік қызметте» аталымын «Қоғамдық келісім» мемлекеттік мекемесіндегі қазақ тілін оқытушы маман Динара Жұмагелдина қанжығалады. Сонымен қатар, тіл саясатын жүзеге асыру шараларын бұқаралық баспа құралдарында белсенді түрде насихаттап жүрген журналистерге берілетін «Тіл жаршысы» аталымы бойынша облыстық «Индустриальная Караганда» газетінің тілшісі Нина Крамер жеңімпаз деп танылды. Сондай-ақ, телеарналарда тіл саясатын насихаттау бағытында хабар, түрлі сюжет әзірлеген тележурналистерге табыс етілетін «Үздік телехабар» аталымы биыл «Qazaqstan» ұлттық арнасының Қарағанды облысы бойынша меншікті тілшісі Руслан Тұрсынғалиевке берілді. Мемлекеттік тілді, орыс және ағылшын тілдерін (басқа да тілдерді) еркін меңгерген, өз қызметінде және қоғам өмірінің басқа салаларында қолданатын жас азаматқа табыс етілетін «Жас полиглот» аталымына осы жылы Азаматтық авиация академиясының түлегі Ербол Мүкәрам иелік етті. Бұдан бөлек, өз қызметінде және  қоғам өмірінің басқа да салаларында мемлекеттік тілді еркін қолдана білуімен азаматтарға үлгі боларлық өзге ұлт өкілі болып табылатын жас азаматқа берілетін «Тіл білгірі» аталымы Қарағанды экономикалық университетінің студенті, өткен жылғы облыстық «Абай оқуы» байқауының жеңімпазы Анастасия Бережноваға ұсынылды. Ал, Өзінің кәсіпкерлік әрекетінің құжаттамасын, іс қағаздарын мемлекеттік тілде жүргізетін және мемлекеттік тілді сауатты қолданатын,  сонымен қатар, мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейтуге бағытталған іс-шараларға белсене ат салысып жүрген бизнес өкіліне табысталатын соңғы «Мемлекеттік тіл – бизнесте» аталымы бойынша 1992 жылдан бастап аймағымызда алғашқы болып ұлттық киімдер тігу, ұлттық қолөнер жұмысын дамытуды қолға алған «Нұрәсем» сән үйінің басшысы Венера Исина жеңімпаз атанды.

Рауан ҚАБИДОЛДИН

Суреттерді түсірген

Д.КУЗМИЧЕВ.

 

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button