Мүгедектер мүддесін кім қорғамақ?
Бала кезімде дүкен, дәріхана алдындағы пандусқа қарап «бұл не үшін қажет?» деп ойлайтынмын. Дүкенге сол жермен көтеріліп, шыққанда сырғанап түсеміз. Ойын баласы үшін бұл тек – сырғанақ. Ол уақытта дүкен мен дәріханалардағы пандустың бәрі тым тік болатын. Сонда «мына сырғанақ тым тік екен» деп қоямыз өзіміз. Сөйтіп, ес кіргенде «сырғанақтың» мүмкіндігі шектеулі жандарға арналғанын білдік. Бүгінгі таңда бірқатар ғимараттың пандусы нормаға сәйкестендірілгенімен, талай сауда орталықтары мен дүкен иелері бұйрыққа бағынбай келеді. Ғимарат алдындағы пандуспен мүмкіндігі шектеулі жан былай тұрсын, баласының қоларбасын итерген ана да ішке кіре алмайды.
Стандартқа сай жасалмаған пандустар көзге көрініп тұрады. Арбаға таңылған жан мұнда қалай шықсын? Сонымен қатар, пандусы бар мекемелерде кіреберістегі табалдырық болмауы керек деген қағида және бар. Ал, есік пен дәліздің көлемі стандартқа сәйкес, яғни, арба сыятындай болуы керек. Биыл маусым айында мүгедектерге арналған қолжетімді ортаның сақталуы тұрғысының әлеуметтік инфрақұрылым объектілеріне түгендеу жүргізу жөніндегі ведомствоаралық комиссия құрылған болатын. Салаға жауапты Қарағанды қаласы әкімі орынбасарының төрағалығымен сауда орталықтары мен басқа да мекемелерге арнайы тексеріс жүргізген еді.
– Қарағанды қаласы әкімінің хаттамалық тапсырмасын орындау барысында біз қаланың әлеуметтік-мәдени, тұрмыстық, денсаулық сақтау нысандары мен әкімшілік ғимараттарына барып, паспорттадық. Интерактивті қолжетімділік картасына барлығы 103 нысан енгізілді. Көптеген сауда ойын-сауық орталығы, әкімшілік ғимараттар нормаларға толық сәйкес келмейді. Осыған байланысты әлеуметтік қорғау бөлімімен бірлесіп ескертулер жасау бойынша түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде, «Грандстор» сауда ойын-сауық орталығында тактильді және брайль тақтайларының болмауы, «Азат» және «Гогольский пассаж» сауда ойын-сауық орталығында пандустың стандартқа сәйкес келмеуі анықталды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің Қарағанды облысы бойынша еңбек және әлеуметтік қорғау департаментіне хат жолданды, – дейді Қарағанды қаласының сәулет және қала құрылысы бөлімінің бас маманы Әлішер Исин.
Стандартқа сәйкес, пандустың ені – 1,2 м, биіктігі – 0,05 м болуы тиіс. Ең бастысы, тірек конструкцияларын жанбайтын материалдардан жасауы шарт. Арба кері сырғанап кетпеу үшін биіктігі 0,45 м-ден асуы шарт. Барлық баспалдақ пен пандустың екі жағында биіктігі 0,45 метр жоғарыда тұтқалары бар қоршаулар орнатылады. Тұтқалар әдетте ересектер үшін 0,7-0,9 м биіктікте орнатылуы міндетті. Бұдан бөлек, қызметкерлерді шақыруға арналған сымсыз батырмасы мен тақтайшаға жазылған ескертпесі де болуы шарт.
– Арбаға таңылғаныма 10 жыл болды. Ол кезде көптеген әлеуметтік нысандарда, дүкендерде пандус болмайтын, болса да өте ыңғайсыз еді. Содан бір жаққа шығуымның өзі үлкен мәселе-тін. Бірақ, кейінде бұл мәселеде ілгерілеу бар сияқты. Ірі сауда орындары, емханалар, халыққа қызмет көрсету орталығы сияқты халық көп баратын жерлерге пандустар қойылған. Осындай орындардың санын арттыру керек, – деді Виталий есімді азамат.
Айта кетейік, осыдан бірнеше апта бұрын арбаға таңылғандар тұратын облыс орталығындағы көпқабатты үйлерге пандустар орнатыла бастады. Бұл жұмыстың бәрі арнайы құрылған комиссияның атқарған үлкен жұмыстарының бірі деп білдік. Ал, бастаманы меценаттар қолдап, «Жеке тұлғаларға арналған 50 пандус» жобасы аясында жұмыс жүргізуде. Сондай-ақ, облыста инватакси жұмысы тұрақты жолға қойылды. Мүгедектерді тасымалдау қызметі жергілікті бюджет есебінен Қарағанды, Сәтбаев, Саран, Балқаш, Жезқазған, Шахтинск қаласы мен Бұқар жырау, Абай және Осакаров ауданында қызмет көрсетеді. Тасымалдаушылар паркінде барлығы 42 көлік болса, оның 23-і арнайы жүк көтергіш құрылғылармен жабдықталған.
– Автобус парктері пандустармен жабдықталған автобустарды сатып алды. Сондай-ақ, мүмкіндігі шектеулі жандарға жүргізуші куәлігін алу бұдан былай оңайырақ болады. Олар үшін Қарағанды қаласының арнайы орталығында көлік жүргізу және теорияны білу бойынша емтихан қабылдау ұйымдастырылды. Қолмен басқарылатын көлік бар. Оңалту орталықтары, түзету сыныптары, спорт алаңдары, үйірмелер мен секцияларды дамыту бойынша үлкен жоспарлар бар, – деді облысы әкімінің мүмкіндігі шектеулі жандардың мәселелері жөніндегі штаттан тыс кеңесшісі Нияз Сүндеталиев.
Ендеше, мүмкіндігі шектеулі жандарға қашанда қолдау көрсетейік. Пандус – сол жандарға көрсетер қамқорлығымыздың бір мысалы. Зайырлы кез келген мемлекет үшін әрбір азаматы қадірлі болуға тиіс.
Ербол ЕРБОЛАТ.