Мүгедекке керегі тек пандус емес
Мүгедек десе, ойға бірінші келетіні – пандус. Әлбетте, мүмкіндігі шектеулі адамдарға қолайлы орта жасалуы қажет. Дегенмен, одан да маңызды дүние бар. Ол – қоғамның ондай адамдарды қабылдауы, қажет етуі, бөле-жармауы. Бірақ, біздің қоғам өз қалыбынан өзгеше, басқаларынан бөлектеніп тұратын адамдарды қабылдай алмайтыны шындық. Онсыз да мүмкіндігі шектелген жанды қалыпты өмір сүруден шектейді. Мәселе сонда неде: адамда ма, қоғамда ма?
Мүмкіндігі шектеулі адам – кез келген қоғамның толыққанды мүшесі. Шындығында солай болуы тиіс-ті. Бірақ, бұл мәселеде әлі де түйіні шешілмеген мәселе жеткілікті. Мүмкіндігі шектеулі жандардың күні бүгінге дейін қалыпты қоғамнан оқшау өмір сүріп жатқаны жасырын емес. Тұрақты түрде денсаулығын бақылап отыру, жағдайына қарай білім алуы, жұмысқа орналасуы, баспаналы болуы – барлығында кедергі бар. Бақсақ, ол кедергі адам мен адам арасында. Оны жасап отырған мемлекет емес, мына, біз. Қоғамды қалыптастыратын «дені сау» адамдар. Оқу, білім алу, қызмет істеу, кәсіппен айналысуда жалпыға ортақ тәртіп пен талаптардың «жазылмаған заңын» бекітіп, оларды қоғамнан алшақтатын өзіміз болып отырмыз. Демек, басты кедергі көбіміз ойлағандай, пандустың жоқтығы, арнайы бағдаршамның болмауы, тағысын тағы емес, қоғамның, яғни, адамдардың қабылдауында жатыр. Бұл мәселе санаға серпіліс жасамай, шешілмейді. Біздің айтпағымыз осы.
Мүмкіндігі шектеулі адамдарға кедергісіз орта қалыптастыруда кейінгі жылдары түрлі шаралар мен бағдарламалар қолға алынғанын айтпау әбестік болар еді. Бүгінгі ортада мүгедек жандардың өздігінен жүріп-тұруына, қозғалуына біршама жағдай жасалған. Бірақ, бұл оларды әлеуметтік қорғау, күн көрісіне қажет заттармен, дәрі-дәрмекпен қамту, жәрдемақы мәселесін реттеу деңгейіндегі көмекпен шектелген. Бастысы деп бөле көрсетіп отырған адамгершілік қолдау – жоқ. Шынтуайтында, олардың да күтетіні осы емес пе?
– Мүмкіндігі шектеулі адамға жақындарының қолдауынан бөлек, қоғамның қабылдауы аса маңызды. Мүгедек арбасына таңылғанадам сол күйінде қоғамға көрінуге жасқанады. Ол оған қиын. Қоғамда ондай адаммен қалай дұрыс қарым-қатынас жасау керектігін білмейді. Осы тұста екі тарапқа да көмек қажет деп ойлаймын. Сол себепті де, қоғамда мүгедек адамның беймарал бейнесін қалыптастыру қажет. Шынында, мүмкіндігі шектеулі болса да, түрлі салада жетістікке жеткен адамдар көп. Соларды мысалға ала отырып, насихаттап, осындай бағдарлама жасау керек. Одан мүгедек адам жалғыз еместігін түсінеді, жігерленеді. Ал, дені сау адам қолда бардың қадірін біледі, – дейді Нияз Сүндеталиев.
Мұндай жобаны әзірлеу Үкімет деңгейінде қолға алынғанын да жеткізді ол.
– Мен Үкімет жанындағы координациялық кеңестің шағын жұмыс тобының мүшесі ретінде осындай жұмыстың басталғанын айта аламын. Бұл мүгедек адамдарға қарым-қатынасты өзгерту үшін көзқарасты жаңғыртуға байланысты үлкен концептуалдық бағдарлама болмақ, – деді Н.Сүндеталиев.
Сонымен қатар, ол облыс әкімінің штаттан тыс кеңесшісі ретінде жақын күндері облыс әкімінің қолдауымен мүмкіндігі шектеулі жандарға арналған «Тең қоғам» орталығының ашылатынын да атап өтті.
– Орталық мүмкіндігі шектеулі жандарға психологиялық, заңгерлік көмек көрсетеді. Оқыту, жұмысқа тұру, мемлекеттік бағдарламаларға қатысу сияқты түрлі мәселелерде кеңес береді. Әзірге тендерлік жұмыстар жасалуда. Бұл осындай жандардың басын қосатын орталық болады деп сенемін, – деді.
Орталықтың идеясы қарапайым көмек көрсету болғанымен, маңызды. Әсіресе, психологтардың көмегі өзекті болар еді. Себебі, сол психологтар мүмкіндігі шектеулі адам өзін-өзі қабылдамаса, қоғам оны қабылдамайды деген пікір келтіреді.
– Адам қандай болып жаратылды, солай өзін қабылдап үйренуі керек. Әсіресе, сау болып жүріп, арбаға таңылғандарда мұны қабылдау қиын. Жалпы, кез келген адамға бұл соққы болары анық. Сондықтан, жақын адамдардың қолдауы ауадай қажет. Бастысы – ол өзін керексіз сезінбеуі тиіс. Қоғам, қоршаған орта үлкен рөл атқарады дегенімізбен, адамның ішкі жігері мықты болуы керек. Біз осы жағын дамытуға күш саламыз, – дейді психолог Елена Махно.
Бірақ, сол психологтарға барлығының қолы жете бермейді. Онда не істеу керек, іштей даму керек шығар. Қоғам – сан түрлі көзқарастағы адамдардың өмір сүретін ортасы. Оның бәріне жағу мүмкін емес екені айдан анық. Мұның барлығы санадағы жаңғырудан басталады.
– Менің сал ауруға шалдыққан балам бар, – дейді Нұрсая Әлиева. – Қазір бұл туралы ашық айта аламын. Бірақ, осылай айтып, басыма түскенді қабылдауым үшін біраз уақыт кетті. Өз көзқарасымды түзедім, көндім. Қазір кез келген жерге баламмен бара аламын, ешкімнің көзқарасынан түрлі әңгімесінен қашпаймын.
Бұл – ананың тағдыры. Ананың жеңісі десе де болады. Ол автобустағы біреудің көзқарасынан, балалар алаңындағы біреудің сөзінен қаймығып, тауы шағылған жоқ. Көзқарас өзгерсе, кембағал жандар өз жағдайынан қысылмайтын, мазаққа ұшырамайтын, қалыпты өмір сүретін қоғам туар еді. Онсыз да қалыпты өмір сүруден шектелген жандарды одан сайын шектемейік.
Жансая ОМАРБЕК