Бас тақырып

Мүфтият дәмхана иелеріне ауызашар мәзірін қолжетімді бағада ұсынуға шақырды

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы қасиетті айда ауызашар өткізу әдебіне қатысты мәлімдеме жасады. Мәлімдемеде дәмхана, мейрамхана және басқа да қоғамдық тамақтандыру орындарының иелеріне Рамазан айында ауызашар дастарханының ас мәзірін қолжетімді бағамен ұсынуды сұрайды.

Сурет zhalagash-zharshysy.kz

– Қасиетті Рамазан – мұсылман баласын рухани тәрбиелеп, қарапайымдылық пен кішіпейілдікке баулып, дәулетті мен мұқтаждың арасын жақындастыра түсетін ай. Бұл айда жасалатын әрбір жақсылықтың сауабы еселенеді. Сондай-ақ мұқтажға қол ұшын беру – үлкен сауапты іс. Сол сауапты істің бірі – аузы берік жанға ауызашар беру.

Өкінішке қарай, соңғы кездері еліміздегі бірқатар мейрамхана, кафелер мен дәмханалардың иелері ауызашар мәзірінің бағасын өте жоғары ұсынып, халық арасында түсінбеушіліктің туындауына себепші болуда.

Асыл дініміз ауызашар дастарқанында ас та төк ысырапқа жол беруге, дастарқан жасауда бәсекелесуді құптамайды. Ондай әрекет сауапқа емес күнәға жетелейді. Ауызашар дастарқаны қарапайымдылыққа негізделуі тиіс. Қасиетті Құранда: «… ішіңдер, жеңдер, алайда ысырапқа жол бермеңдер. Өйткені Алла ысырап етушілерді жақсы көрмейді» делінген («Ағраф» сүресі, 31-аят).

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы мейрамхана, кафелер мен тамақтану орындарының иелеріне халыққа қолжетімді қарапайым ауызашар мәзірін ұсынуға шақырады.

Алла Тағала халқымызға екі дүние бақытын нәсіп етіп, қасиетті Рамазан айында жасаған ізгі амалдарымызға мол сауаптан жазғай. Әумин! – делінген ҚМДБ мәлімдемесінде.

Материалды әзірлеген Аида РАХЫМҚҰЛОВА

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button