Ресми

Мәдениетті қоғам мәртебемізді асырады

Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, парасат-пайымы.

Қазіргі уақытта облыстың әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымына 572 мемлекеттік мәдениет және архив ұйымдары кіреді. Сала қызметі тұрақты шығармашылық ізденіске, инновациялық жобаларды, жаңа технологияларды енгізу бойынша жүйелі жұмысқа, стандартты емес нысандар мен әдістерді іздеуге бағытталған. Бұл оң өзгерістерге, міндеттерді шешуге, жоспарларды жүзеге асыруға мүмкіндік береді.

Қарағанды облысында 4 театр және 1 концерттік ұйым жұмыс істейді. Бүгінгі таңда театрлардың репертуарында 243 спектакль. Репертуарды жаңарту үшін жыл сайын облыстық бюджеттен жаңа театр қойылымдарына қаржы бөлінеді. Есепті кезеңде театрлар 19 жаңа қойылым қойды. Театр-ойын-сауық ұйымдары 2000-нан астам спектакльдер мен концерттерді көрсетті.

Сондай-ақ, республикалық және халықаралық фестивальдерге қатысып жүр. Олар Испания, Түркия, Жапония, Оңтүстік Корея, Литва, Ресей сияқты мемлекеттерде өз өнерлерін көрсетті.

2023 жылы мәдениет пен өнердегі шығармашылық жетістіктерге толы болды. Атап айтқанда, Алматыда өткен Нұрғиса Тілендиев атындағы республикалық байқауда Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің жас дирижері Әбілқайыр Сағымбаев үздік дирижер атағын алды, Оңтүстік Кореяның Чонан қаласында өткен Fidaf-2023 фестивалінде Қали Байжанов атындағы Қарағанды концерттік бірлестігінің «Аққу» және «Арқа сазы» ұжымдары байқауда жеңіске жетіп, құрметті екінші орын, Республикалық театрлар фестивалінде балалар мен жасөспірімдерге арналған Теміртау театры бірінші орынды және «Үздік актриса» номинациясын Наталья Снегирева жеңіп алды.

Арқаға алғаш рет «Алтын домбыра» келді. Мақсат Ақанов ел абыройын ас­қақ­татты. Ақын Жанат Жаңқашұлы «Айбоз» ұлттық әдеби сыйлығын алды.

С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театры биыл көптеген марапаттарға ие болды. Мәселен, Талдықорған қаласындағы «Biken» Халықаралық театр фестивалінде «Үздік режиссура» номинациясында Айдын Салбанов үздік деп танылды. Арнайы «Шолпанның ізбасары» сыйлығын актриса Анель Сағындықова иеленді.

Петропавл қаласында өткен Қазақстан драма театрларының республикалық фестивалінде Сәкен театры «Үздік сценографиялық шешім» номинациясын еншіледі. Оман Сұлтандығының Маскат қаласында өткен IV Халықаралық «Аладдин» фестивалінде «Үздік костюм» аталымы бойынша марапатқа ие болды.

Испанияның Коста-Брава қаласында өткен халықаралық орындаушылар байқауында Қарағанды музыкалық комедия театрының солист-вокалисті Елена Федорова «Академиялық вокал» номинациясында I орын алды.

Астана қаласында өткен «Рухани қазына-2023» республикалық фестиваліне 200-ге жуық музей, кітапхана және мәдени-ойын-сауық орталықтарының қызметкерлері қатысты. Байқау қорытындысы бойынша «Ауылдық маңызы бар үздік музей» номинациясы бойынша Долинка кентіндегі Саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу музейі 1 млн. теңге көлемінде қаржылай жүлде алды. «Мәдени-демалыс ұйымдарының үздік көркемдік жетекшісі-2023» номинациясында Теміртау қалалық мәдениет сарайы директорының шығармашылық жөніндегі орынбасары Лариса Браун 300 мың теңге ақшалай сертификатын иеленді.

Бұқар жырау Қалқаманұлының 355 жылдығына арналған «Армысың, әз Наурыз!» республикалық ақындар айтысы өтті. Оған Қызылорда, Жамбыл қалаларынан 12 ақын қатысты.

Балқаш қаласында алғаш рет екі күн ішінде «Балқаш Tourfest – 2023» ауқымды фестивалі ұйымдастырылды. Мерекеге Қарағанды, Екібастұз, Астана қалаларынан вокалисттер, музыкалық топтар мен хореографиялық ансамбльдер жиналды.

С.Сейфуллин атындағы академиялық қазақ драма театрында Қалибек Қуанышбаевтың 130 жылдығына арналған «Сын – шын болсын» республикалық фестивалі дүркіреді. Фестивальге Қазақстанның 10 театры келді.

Сонымен қатар, Шет ауданының Талды алқабында тарихи-археологиялық паркінің «Талды – әлемдік өркениеттің қиылысында» халықаралық археологиялық-этнографиялық фестивалі өтті. Фестиваль аясында отандық және шетелдік археологтардың, тарихшылар мен өлкетанушылардың қатысуымен ғылыми конференциялар, қола балқыту, дәстүрлі киім жасау, қыш жасау және т.б. бағыттар бойынша шеберлік сыныптары, экскурсиялар мен көрмелер ұйымдастырылды.

Алғаш рет ХІІ Халықаралық оперетта фестивалі және «DosStar» мюзиклі аясында бір күнде «Летучая мышь» опереттасындағы (Иоганн Штраус) басты партияларды төрт елдің солистері орындады. Сондай-ақ, фестивальге Әзірбайжан мен Франциядан келген оперетта және мюзикл әртістері қатысты.

Ірі концерттік ұйымдардың бірі Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік 85 жылдығын атап өтті. Сондай-ақ, Абай атындағы облыстық балалар кітапханасының 70 жылдығын мерекелеу аясында шаралар атқарылды.

Үш облыстық театрға гастрольдік турларға ыңғайлы автобустардың кілті табыс­талды.

Кейінгі 2 жыл ішінде 70-ке тарта мәдениет саласының қызметкері, атап айтқанда, әртістер, әншілеріміз, дыбыс және сахна қызметкерлері армандаған пәтерлердің кілтін алды. Бұл үрдіс жалғасын табады.

Осы жылдың қыркүйек айынан бастап, барлық облыстық деңгейдегі мәдениет мекемелері қызметкерлерінің еңбек ақысына 30% ынталандыру үстемақысы облыстық бюджеттен қосылады. 2024 жылы 2 мың 360 адамға 1 млрд. 48 млн. 175 мың теңге қарастырылды.

Қарағанды облысында 15 мемлекеттік архив жұмыс істейді. Онда 5779 қор сақталады, бұл 2 млн. 347 мыңнан астам сақтау бірлігін құрайды. 2023 жылы облыстың мемлекеттік архивіне 20,5 мыңнан астам іс қабылданды.

Архив саласында да мақтануға тұрарлық жетістіктер бар. «Қарағанды облысының мемлекеттік архиві» КММ архившілер тобы V Республикалық «Жас архившілер» байқауына қатысып, 1 000 000 млн. теңге көлемінде бас жүлдені жеңіп алды.

2024 жылы Қарағанды қаласының 90 жылдығы, Қарқаралы ауданының 200 жылдығы, Н.Гоголь атындағы Қарағанды облыс­тық әмбебап ғылыми кітапханасының 90 жылдығы атап өтіледі.

Жыл сайынғы іс-шараларға «Қош келдің, әз Наурыз!» театрландырылған қойылымы, мәдениет және өнер қызметкерлеріне облыс әкімінің сыйлығы, Ұлттық домбыра күні, «Музыкалық Сарыарқа» халықаралық фестивалі, «ДосStar» оперетта және мюзикл фестивалі, Республикалық театр фестивалі кіреді.

Еркебұлан ЖҰМАКЕНОВ,
облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button