Бас тақырыпМәселе

Мәдениетті ауладан бастайық

«Айтпаса сөздің атасы өледі» дейді қазақ. Әншейінде, бар кінәні мемлекетке артып қойып, босқа даурығуға шеберміз. Ал, бюджет қаражатына жөнделген ауланы күтіп ұстауға қауқарсызбыз. Мысалы, біз тұратын аудандағы көрші аула былтыр абаттандырылды. Шағын футбол алаңы, волейбол, баскетбол, балалар алаңы һәм спорттық жабдықтар орнатылды. Былтыр жөндеу жұмысы біткенше күн суытып кетіп, тұрғындар жаңа ауланың рахатын биыл көре бастады. Күнде балалардың азан-қазан болып жатқанын көріп қуанатынмын. Жуырда сол толық жабдықталған ауладағы балаларға арналған әткеншекте жасөспірім қыздардың тербеліп отырғанын көрдім. Және бұл бір емес. «Темір ғой, түк етпес» деп ойлағанмын. Бір-екі аптадан кейін әлгі әткеншектің сынып, қисайып қалғанына ішім ашыды.

АУЛА ЖАЙЫ ҚАЛАЙ?

Көрген бойда әлгі жасөспірімдерге ескерту жасағанымда сынбас па еді, кім білсін?! Осы бір жайт әлгі ауланың маңынан өткен сайын маза бермеген соң, қолға қалам алдым. Сөйтпесіме болмады. Өйткені, ауладағы спорт жабдықтары бір маусымға жетпей істен шыға бастады. Бір-екі күннен соң, баскетбол алаңының доп тастайтын шеңберінің екеуі де жұлынып қалғанын көрдім…

Менің таң қалатыным мынау. Неліктен біз ауламыздағы бұйымға бөтеннің нәрсесіндей қараймыз? Неге оны күтіп ұстамасқа? Ол басқаға емес, өзімізге керек. Солай емес пе?

Қазір Майқұдықтың аулалары жақсы жөнделуде. Десек те, жасаған жақсылыққа рахметіміз дұрыс болмай тұр. Мүмкін бұған да бір түсіндіру жұмыстарын жүргізу қажет болар?..

«Мынау – менің аулам, менің көшем, менің қалам. Бұл жерде мен және балаларым, туысқандарым, жақындарым, достарым, жерлестерім тұрады. Мен оның тазалығына, көркеюіне, дамуына, құрдымға кетпеуіне жауаптымын» дейтін көзқарас, осы түсінік жетіспейді бізге. Тіпті, көпқабатты үйіміздің кіреберісіне де қақырып-түкіріп, кіріп-шығып жүре береміз. Мәдениетті ауладан бастау керек екендігін ұмытып барамыз…

ТҰРҒЫНДАР НЕ ДЕЙДІ?

«Досымнан қорықпан, көп болса сатар, қасымнан қорықпан әрі кетсе атар, мен көре тұра бүйрегі бүлк етпейтін немқұрайлылықтан қорқам» деген сөздің осындай күйініштен айтылғаны анық. Өйткені, көзі ашық, көкірегі ояу адам ауласындағы бауыр, қарындастырының игілігі үшін жасалған жабдыққа қалай болса солай қарамаса керек-ті…

Меніңше, бұл мәселеге екі жағынан қарау керек. Енді мәдениет жайлы әңгімені доғара тұрып, басқа қырынан қарап көрейік. Әткеншек қалың темірден жасалса да, баскетболдың доп тастайтын шеңбері жұқа металл екен. Мұны көзім жеткендіктен айтып отырмын.

– Мен 15 ықшам аудандағы, №5 үйдің тұрғынымын. Аулада Кеңес дәуірінен қалған жабдықтар тұр. Баскетбол бағанының құрылғанына 50 жылдай болған. Шеңбері мыңқ етпей әлі тұр. Ал, жасалғанына 2 ай болмаған көрші ауладағы шеңбер жұлынып қалды. Осыдан-ақ, олардың сапасын бағамдай беріңіз. Мұны қадағалайтын жан да жоқ-ау шамасы, – дейді Аман Жасыбаев.

Осы әңгімеден кейін абаттандырылған ауланы тағы аралап шықтым. Шындығында, шағын футбол алаңының торсымдары да жұлына бастаған. Қатты соққы қойсын ба? Оны да немқұрайлы дәнекерлеген. Доптың алаңның ішінен сыртқа қарай тебілетінін бала да біледі. Сол үшін де торсымдарды қоршалған темір бағандардың сыртынан емес, ішкі жағынан дәнекерлеу қажет еді. Сонда қатты соққы тисе де темір баған торсымды жұлынудан сақтайды. Сыртынан дұрыс бекітілмеген соң, ол іштен келген соққыға шыдамайды, әрине. Осындай қарапайым дүниелерге миы жетпейтін салғырттыққа ішім ашиды шынында. Жә, бұған да көз жұмдық. Естір құлақ болса, ести жатар…

АУЛАМЫЗ ҚАШАН АБАТТАНДЫРЫЛАДЫ?

15 ықшам ауданы «Горняк» аялдамасына жақын. Халық көп. Мен тұратын №5 үйдің ауласы біраздан бері жөндеу көрмеген. Ықшам аудандағы ең үлкен ауланың бірі. Өйткені, бақандай 5 көпқабатты үй бір аулаға қарайды. Әр үйде орта есеппен 75 пәтер болғанда, 375 пәтер. Ал, әр пәтерде кемі бір бала болары анық. Сонда ауламызда 400-ге жуық бала-шаға бар деген сөз. Осындай үлкен ауланы абаттандырмаудың себебін тұрғындардың білгісі келіп жүргеніне көп жылдың жүзі болды. Былтыр орындықтар мен шам орнатты. Кейде шамдар жанбай да қалады. Оған да «тоқты үнемдеп жатқан болар» деп жақ ашпаймыз. Былтыр ескі газ құбырларын жұлып алып кеткенге «ауламыз жаңа кейіпке енер» деп тұрғындар қатты дәмеленді. Алайда, жаздың ортасы болса да, тырп еткен қозғалыс жоқ. №№3,5,7,9,24 үй тұрғындарының өтініш-тілегі әзірге арман күйінде.

Ресми дерекке сүйенсек, «Елдімекендерді абаттандыру мен көгалдандыру» бюджеттік бағдарламасымен 2020 жылы 184 аула аумағы абаттандырылған. Майқұдықта – 111, Пришахтинск – 48, Сұрыптау – 25 аула. Оның ішінде, 2018-2020 жж. Қарағанды қаласын абаттандырудың үшжылдық тұжырымдамасына сәйкес 69 аула абаттандырылыпты.

Ал, «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасы шеңберінде 115 аула аумағы жөнделген. Оның ішінде, 105 аулаға ағымдағы жөндеу жүргізіліпті. 10 аула аумағы жобалық-сметалық құжаттама шеңберінде кешенді абаттандырылды.

Сондай-ақ, 169 аула аумағында балалар және спорт алаңдары орнатылып, оның ішінде жергілікті бюджеттен 50 аула және «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасымен 119 аула жөнделген.

Ал, биыл Октябрь ауданында 11 шағын футбол алаңы мен 50 аула аумағында балалар және спорт алаңын орнату жоспарланған. Біздің аулаға шағын футбол алаңы орнатылмаса да, балалар және спорт алаңы жаңартылады екен. Бұған да «шүкір» деп отырмыз.

Осы тұста айта кететін жайт, біздің аулаға жауапты «Фрегат» ПИК-інің аты ғана бар. Ауланы сыпырған болады, әйтеуір. Бітті. Бір сантехник, электриктің келіп, үйдің жағдайын қадағалағанын көрсек, көзіміз шықсын. Ал, ПИК-тің 4-5 мың теңгесі төленбесе, алмағанша тынбайды. Ал, жұмыс істемейтін ПИК-тің бізге қажеті қанша? Былтыр ПИК-тер жабылады дегенде қуанып едік. Мыналардың жабылар түрі жоқ. Көршілер ақшасына сантехник таппайды. Ал, ПИК-тің сантехниктері тұрғындардың тапсырысын ақшасына жасап беруге міндетті. Мұны басқа ПИК-те жұмыс істейтін сантехниктері де растап отыр. Ай сайын 1000 теңгеге жуық төлем келеді де тұрады. 375 пәтерден бір айда, 375 мың түссе, жылына қанша қаржы айналатынын есептей беріңіз. Аула сыпырушылардың қанша алатыны белгілі. Осы қаржының бәрі қайда кетіп жатқаны қызықтырады тұрғындарды. Ең болмаса, осы ПИК «сен тимесең, мен тимен» деп жата бермей, ауланың абаттандырылу мәселесін қадағалап, соған атсалысса екен. Себебі, «жыламаған балаға емшек жоқ» демекші, келесі жылға қалып қоюдан қорқады тұрғындар.

ТҮЙІН

Аңғарсақ, бір аула абаттандырылып, кей тұрғындар оны күтіп ұстауда енжарлық танытуда. Ал, кейбірі оның сапасына көңілі толмайды. Келесі бір аула тұрғындары сол сапасыз жөндеудің өзіне зар болып отыр.

Кейде елдің дамуына үлес қосу жайлы айтылса, ат тонымызды ала қашамыз. Оның түк қиыны жоқ. Бұл сіздің де қолыңыздан келеді. Ол үшін өз аулаңызды таза әрі күтіп ұстауға үлес қоссаңыз жеткілікті. Әркім өз ауласына жаны ашып, көркеюіне үлес қосса, қаламыз да дамиды. Қала дамыса, облыс та көркеймек…

Жәлел ШАЛҚАР.

Басқа материалдар

Back to top button