Бас тақырыпРуханият

Мәдениетсіз мемлекет тұл

21 мамыр – мәдениет жә­не өнер қызметкерлері күні. «Қарағанды – қара бақан» деген сөз бар ел арасында. «Арқаға келіп әншімін деме» деген де бар. «Халық айтса, қалып айт­пайтыны» әуелден анық. Ал, Қарағандыны осындай мәртебеге жеткізген кімдер? Әлбетте, мәдениет пен өнер жолында аянбай тер төгіп жүрген таланттар мен қызметкерлер. Осы күн қарсаңында ұлт үшін мәдениет пен өнердің маңызы турасында сөз қозғағымыз келеді.

Коллажды жасаған Ш.Адамбекова

Бұл күнде елдің тыныс-тіршілігін әлеуметтік желілерден көресіз. Мәдени шараларды ұйымдастыру жағынан Арқа өңірі көш бастап тұр десек, артық айт­қанымыз емес. Мәселен, облыс­тық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасы жыл сайын жоспарлы түрде 2 мыңға жуық шара ұйымдастырады екен. Ал, жоспардан тыс атқарылатындардың саны 100-ден асады. Аймақта мәдениет саласында 7 мыңнан астам адам қызмет етеді. Басқармадағы мәдениет және өнер бөлімінің басшысы Дариға Жұмақаева ресми деректерімен бөлісті.

– Мемлекеттік мәдениет және архив мекемелерінің облыстық желісіне 569 мәдениет, өнер және архив нысаны кіреді. 256-сы – кітапхана, 244-і – клуб типіндегі ұйым, 16-сы – бейнемобиль, 4-уі – театр, 18-і – музей, 15-і – архив, концерттік ұйым, облыстық ғылыми-әдістемелік демалыс және халық шығармашылығы орталығы, тарихи-мәдени мұраны сақтау орталығы. 11 мәдениет және демалыс паркі, кинотеатр, хайуанаттар бағы бар, – деді Дариға Жұмақаева.

Аймағымызда жыл сайын дәстүрлі түрде халықаралық деңгейде 10 шара ұйымдастырылады екен. Ал, республикалық деңгейде – жетеу. Облыстық деңгейдегі атқарылатын шаралардың жалпы саны мыңнан асады. Хас таланттар мен ұлылардың кіндік қаны тамған Арқа топырағына жоғары лауазымдағы тұлғалар жиі ат басын бұратыны тағы бар. Жоғары лауазымды тұлғалардың қатысуымен қырыққа жуық шара өтеді.

Адамзат тарихындағы алып империяларды құрған һәм өркендеткен даңқты патшалардың барлығы өз халқының мәдениеті мен өнерінен ештеңе аямаған. Себебі, мәдениеті төмен ел империя шаңырағын шайқалтатынын түсінген. Мәселен, әйгілі Рим империясының шаңырағын ортасына түсірген алтын мен байлыққа тойынған, мәдениетінен алшақтаған тобыр еді.

Құлдырап бара жатқан Францияны аяғына тік тұрғызып, әлемдегі ең қуатты әскерді жасақтаған Наполеон Бонапарт та суретшілер мен қаламгерлерге қолдау көрсеткен. Франция әдебиеті жаһандағы шарықтау шегіне жеткен әдебиеттердің бірі екенін атап өткен жөн. Халқына арнап жаппай музейлер ашқан. Қаншама таланттың басын біріктірген өнер институтын құрды. Мысырға жорығы кезінде әскерімен бірге 160-тан астам инженер мен суретшілерді, өнер зерттеуші ғалымдарды бірге аттандырған.

Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та осы күнде ұлттық мәдениет пен өнерді биік тұғырға шығаруға баса мән беріп отыр. Әсіресе, жадымызды жаңғыртар, рухымызды көтерер салт-дәстүрлерімізді жандандыруға күш салуда.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button