Мәдениетімізден мән кетпесін
Мәдени демалысты ұйымдастыру – тұрғындар үшін маңызды. Әлбетте, бұл олардың үйлесімді түрде рухани баюына әсер етеді. Сондықтан, облысымыздың қай өңірі болмасын, ондағы халықтың мәдени өмірі бай әр түрлі шығармашылық жайттарға қанық болуымен қатар, өзінің де талантын ашу мүмкіндігін беруі тиіс. Сәйкесінше, жыл сайын нағыз, шынайы мәдениетке деген сұраныс та артуда. Демек, сұраныс бар жерде – ұсыныс та болатыны тәрізді, бұл үрдісті қолдап отыру біздің міндет.
Мәдениет адамның өмір сүру мақсатын айқындайтын, ортасымен қарым-қатынасын белгілейтін ерекше сала десек, облыстық мәслихаттың депутаттық корпусы осы саланы дамыту мәселелерін тұрақты назарында ұстап келеді әрі комиссия отырыстарында жиі қаралады. Олардың қатарында кітапхана, музей ісі, театр-концерт қызметін дамыту, азаматтардың шығармашылық әлеуетін ашу перспективалары бар екенін айту керек. Жалпы, облыстың әлеуметтік-мәдени инфрақұрылымы жайлы ауыз толтырып айтуға болады. Мәселен, бүгінде 7 мыңнан астам мәдениет және мұрағат қызметкерлер, 600-ден астам мемлекеттік ұйым бар. Өткенмен жүздестіріп, бүгінгі өмірмен салыстырмалы түрде қарауға мүмкіндік беретін, тарихымызды бейнелейтін музейлер де бұл күні тұрғындардың қызығушылығын арттыру үшін жұмыс стилін өзгерткен. Ресми деректерге сүйенер болсақ, бүгінге дейін 400 көрме ұйымдастырылғанын көреміз. Биыл, нақтылар болсақ, үшінші тоқсанның өзінде-ақ облыс музейі 200 мыңға тарта адам қабылдаған.
Ал, биылғы тоғыз айда кітапханаларға 280 мыңға жуық оқырман жазылғанын көреміз. Бұл «кітаптан алыстап кеттік», «кітап оқылмайды» деген қасаң пікірді жоққа шығарып, 5,6 миллионнан асатын кітап қоры бар облыс кітапханаларының жұмысын жандандыра түспек.
Қарағанды облысында 318 мәдени-демалыс ұйымдары жұмыс істейтінін де айту керек. Олар – стационарлық мәдениет үйлері мен клубтары, жылжымалы мобильді «Зерде» мәдени-демалыс кешендері, Қарағанды, Теміртау, Шахтинск қалаларындағы, сондай-ақ, Абай, Ақтоғай, Жаңаарқа, Нұра, Осакаров аудандарындағы мәдениет және демалыс саябақтары. Шығармашылық қабілеттерін дамыту, халықты рухани-эстетикалық тәрбиелеу және жоғары көркемдік талғамын қалыптастыру үшін мәдениет ұйымдарында 30 мыңнан астам адам шұғылданатын 1700-ден астам клубтық құрылымдар жұмыс істейді.
«Тәрбие – тал бесіктен» десек, өскелең ұрпақтың мәдениетін қалыптастыру, эстетикаға тәрбиелеу, тіпті, қала берді кітап оқумен қатар, туған жерінің тарихына деген қызығушылығын арттырып, патриот ретінде тәрбиелеу аса маңызды. Осы мақсатта елімізде 2021 жылғы 1 мамырдан балаларды шығармашылық үйірмелерде тегін сабақтармен барынша қамту үшін мемлекеттік шығармашылық тапсырысты жан басына нормативтік қаржыландыру бағдарламасы енгізілген болатын. Түрлі кәсіби мерекелерді, әлеуметтік маңызды күндерді атап өту, бұқаралық іс-шаралар өткізудің қоғамдық маңызы зор. Өңірдің мәдени-демалыс ұйымдары осындай шаралардан қалыс қалған емес. Атап айтқанда, биыл «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жүзеге асыру аясында қазақтың халық шығармашылығын, қолөнерін сақтау, насихаттау және одан әрі дамыту, орындаушылық шеберлікті арттыру, сахналық костюмдерді жаңарту мақсатында «Сарыарқаның көшпелі мәдениеті» облыстық фестивалі басталды. Қазақтың көшпелі мәдениетінің қайта түлеуіне сеп болған шараға облыстың қалалары мен аудандары қатысты.
Кез келген мемлекеттің халықаралық қатынастарын мәдениетсіз елестету мүмкін емес. Облысымызд мәдениет саласындағы халықаралық ынтымақтастық белсенді дамуда. Мәселен, К.Станиславский атындағы театр Түркияның Конья қаласында өткен «Мың тыныс, бір дауыс» халықаралық театр фестиваліне қатысса, Теміртау театры Ресейдің Екатеринбургінде «Коляда-plays» XIV фестивалінде өнер көрсетті. Облыс тетарлары марапатсыз да емес. С.Сейфуллин атындағы облыстық қазақ драма театры Көкшетауда өткен III аймақтық театр фестивалінде «Үздік сценография» номинациясы бойынша марапатқа ие болды.
Облысымызда Тәуелсіздіктің 30 жылдығы аясында түрлі шаралар жоспарланса, оның үлес салмағы мәдениет саласын айналып өтпейтіні белгілі. Осы мақсатта 16-26 қыркүйек аралығында Тәттімбет атындағы Қазақ халық аспаптары академиялық оркестрі Түркияда гастрольдік сапарлармен болды. Академиялық музыкалық комедия театры Нұр-Сұлтан қаласына гастрольмен барып, «Астана-опера» сахнасында репертуарындағы ең үздік спектакльдерін көрерменге ұсынды.
Осындай жетістіктерге қарамастан, мәдени демалысты ұйымдастыру саласында облыстық мәслихат депутаттары ерекше назар аударатын мәселелер де бар.
Музей қызметін дамыту мақсатында шалғай ауылдарда халыққа қызмет көрсету үшін көлік сатып алуға, мүмкіндігі шектеулі жандар үшін мұражай үй-жайларын бейімдеуге қаражат бөлу қажет. Мысалы, тактильді жолдар, Брайль қарпі бар тақтайшалар, дыбыстық маяктар, баспалдақтарға қарама-қарсы жолақтар орнатылса құба-құп.
Өміріміздің мәні мен сәніне айналған ақпараттық технологияларсыз қай саланы да елестету мүмкін емес. Ол мәдениет саласын да айналып өтпейтіні белгілі әрі қажеттілік. Мәселен, өңір кітапханалары компьютерлендірілгеніне қарамастан, компьютерлік паркті жаңарту және Интернетке қосылу мәселесі өзекті. Мысалы, Приозерск, Сәтбаев және Саран қалаларында, сондай-ақ, Ақтоғай, Бұқар жырау, Жаңаарқа, Қарқаралы, Нұра аудандарының кітапханаларын айтуға болады. Кітап қорларын жинақтауға, ауылдық жерлердегі мекемелердің материалдық-техникалық базасын жаңартуға, «Білім орталығы» білім тарату орталықтарын ашуды және дамытуды қаржыландыруға ерекше назар аудару қажет. Кітапханалардың дені жалға алынған ғимараттарда немесе үй-жайларда орналасқан. Оқырмандармен жұмыс істеудің дәстүрлі емес тәсілдерін дамыту, коворкинг орталықтарын ұйымдастыру және бос уақытты ұйымдастырудың басқа нысандары үшін кеңістікті ұлғайту, тіпті, бірқатар жағдайларда бөлек ғимарат бөлу қажет. 12 кітапхана күрделі жөндеуге мұқтаж.
Мәдени-демалыс ұйымдарының жұмысында да көңіл аударатын мәселелер бар. Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «…қазіргі жағдайда олар жастарды рухани, эстетикалық дамуға тарту орталығына айналуы тиіс» деп айтқан болатын. Алайда, бүгінгі таңда ауылдық клубтардың көпшілігі шағын ғана бөлмелерде орналасқан. Себебі, тағы сол үй-жайдың болмауы салдарынан кітапханалар, тірек пункттері және басқа ұйымдар мәдениет үйлері мен клубтарда орналасқан. Біраз аудандарда штат санын көбейту қажет, өйткені ауыл клубтарында жұмыс істейтін жалғыз клуб меңгерушісі ғана. Кадр мәселесіне және «Дипломмен ауылға» бағдарламасының жүзеге асырылуына ерекше назар аудару қажет. Өз кезегінде, театр-ойын-сауық ұйымдарын дамыту, іс-шаралар өткізу үшін облыстың қалалары мен аудандарына шығу үшін жайлы автобустар сатып алуға, жарық және дыбыс жабдықтарын ауыстыруға бюджет қаражатын бөлу маңызды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Халық бірлігі және жүйелі реформалар – ел өркендеуінің берік негізі» атты халыққа Жолдауында «Қоғамды ұйыстыру, ұлттық бірегейлікті нығайту ісінде еліміздің тарихи мұрасын және мәдени әлеуетін тиімді пайдалануға баса мән беріледі. Бұл орайда Қазақстанның мүмкіндіктері зор, соның ішінде өзін халықаралық аренада тиімді таныта алады» деген болатын.
Осыған байланысты облыстық мәслихат депутаттары уәкілетті мемлекеттік органдармен бірге мәдениет және демалыс саласындағы ұйымдарды жаңғырту, оларды қазіргі заманға сай бейімдеу мәселелерін белсенді түрде көтеруге ниетті. Атап айтқанда, облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасына жаңғыртудан өткен мәдениет объектілерінің санын ұлғайту және оларды жарақтандыру бойынша «Қарағанды облысын дамытудың 2021-2025 жылдарға арналған бағдарламасының» нысаналы индикаторына қол жеткізуді қамтамасыз ету ұсынылды. Сондай-ақ, кітапханалар мен мәдениет үйлерін жаңа қоғамдық кеңістіктерге айналдыру мәселесін де қарастырған жөн. Жергілікті атқарушы органдар ауылдық жерлерде жұмыс істеу үшін мәдениет пен өнер саласында білімі бар мамандарды мен ауылға» жобасының тиімділігін арттыруға бағытталған шараларды қабылдауы қажет. Одан бөлек мәдениет нысандарын жөндеу мен жарақтандыруды қаржыландыру мәселелерін шешу үшін қалалар мен аудандар әкімдіктерімен бірлескен жұмыс жалғасады.
Біз облыс тұрғындарының бос уақытын сапалы әрі тиімді ұйымдастыруға тырысуымыз керек. Ал, адамның кез келген іс-әрекеті қоғам үшін пайдалы болуы керек деген қағидаға сүйенген жөн. Бұл жұмыстың да, демалыстың да негізгі лейтмотиві.
Серік ӨТЕШОВ, облыстық мәслихат хатшысы.