Қарағанды қаласының әкімдігі шаһардағы заңсыз қоқыс полигондарын жоюға күш салып жатыр. Қоқыс полигондарын жою – қаланың тазалығы мен тұрғындардың қауіпсіздігі үшін аса маңызды. Мәселен, жыл басынан бері жүздеген тонна тұрмыстық қалдық қала сыртына, яғни, арнайы рұқсат етілген полигондарға шығарылуда. Бұл мақсатта бюджеттен қомақты қаражат бөлінген. Қала әкімдігі БАҚ өкілдері үшін арнайы баспасөз турын ұйымдастырды. Оның барысында атқарылып жатқан жұмыстардың қарқынын аңдап, ауқымын көрдік.

Сұрыптау кентінің іргесіндегі ЖБИ шағынауданында 400-ге жуық тұрғын бар. Елдімекеннің дәл ортасындағы көшенің бойына қоқыс үйіліп қалыпты. Тұрмыстық және құрылыс қалдықтардың жатқанына 20 жылдан астам уақыт өтіпті. Жел тұрса болды, көшені жағымсыз иіс жайлайды екен. Оның үстіне, мұнда көпбалалы отбасылар бар. Ата-аналар ойын қуған балаларымыздың, тіпті, ересектердің денсаулығына зиян деп дабыл қаққан. Әкімдік шағым айтушыларға құлақ асып, бірден шаруаға кіріскен. Кешелі бері бірнеше техника мен он шақты жұмыскер көшені тұрмыстық, құрылыс қалдықтардан арылтып жатыр. Қоқыс тау болып үйіліп қалыпты. ЖБИ тұрғыны Назгүл Жолдасбекова көшенің бұлайша ластануына әуелі жауапсыз тұрғындар кінәлі деп отыр. Өйткені, көбі үйінен шыққан тұрмыстық қалдықтарды көзі түскен жерге лақтыра салады дейді.
– Осы ауылда 18 жылдан бері тұрамын. Мынау қоқыс үйіндісі көзімізге күйік болды. Желмен ұшып, маңайдың бәрін ластайды. Жел үйімізге қарай соққанда, жағымсыз иіс қолқаңды алады. Кішкентай балаларым бар. Солар үшін алаңдаймын. Әлихан Бөкейхан атындағы аудан әкімдігі шағымымызды қабылдап, көшемізді тазартып жатыр. Таңертеңнен бері мұндағы техникалар мен жұмыскерлер бір тынған жоқ. Негізінде, әр адам ауласының, тіпті, ауылының тазалығына жауапты. Өйткені, тәртіп сақшыларына қанша хабарласып, шағым айтқанымызбен, тұрғындар тазалық мәдениетін түсінбейінше, ештеңе өзгермейді. Маңайға көз салсаңыз, нәрестелердің жаялықтары шашылып жатыр. Жаялықтардың иісі күн ысығанда төңірекке жайылады, – деді Назгүл Жолдасбекова.
Тазалыққа салғырт қарайтындармен полиция қызметкерлері де күресті күшейткен. Әсіресе, көп мөлшердегі қоқысты көрінген жерге төгетін жүк көліктерге айыппұл салынуда. Маңайдағы құрылыс нысандарынан әкеледі екен. Қаппен тастайтын тұрғындар да заң аясында жазаланады. Осы тұста «Арнайы жәшіктер қойылмаса, тұрғындар тұрмыстық қалдықтарын қайда төгуі керек?» деген сауал туындайды. Мәселе мынада: тұрғындар қоқыс шығаратын жеке компаниялармен келісімге отыруы тиіс. Келісімге отырған жағдайда, қоқыс контейнерлерін компанияның жүк көліктері босатып отырады. Ә.Бөкейхан атындағы аудан әкімі Досбол Күлекеев елдімекен толықтай қоқыстан тазартылғаннан кейін бұл шаруа бір ізге қойылатынын жеткізді.
– Біз бұл жұмысты жыл сайын жүргіземіз. Мәселен, былтыр 40 мың текше қоқыс шығарылды. Биыл да жалғасын тапты. Жыл соңына дейін 100 мың текше заңсыз үйілген қоқыс полигонын жою жоспарда бар. Мұндағы қоқыс үйінділері 20 жылдан астам уақытта пайда болған. Қоқыс үйінділерін анықтау үшін біз тұрғындарға жүгінеміз. Шағым айтушылардың арызын бірден тіркеп, жұмысқа кірісеміз. Сонымен қатар, тұрғындар арасында әкімдік қызметкерлері ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын атқаруда. Қоқыс тастаған жағдайда заң шеңберінде қандай жаза қолданылатынын айтады. Ең маңыздысы – тазалық мәдениетін насихаттайды. Жалпы, бұл жұмыстарға аудандық бюджеттен 20 млн теңге бөлінді, – деді Досбол Күлекеев.
Әлихан Бөкейхан атындағы ауданда бұл күнде қоқыс шығару қызметімен айналысатын екі компания бар екен. Бірақ, ЖБИ ауылында әзірге бірде-бір қоқыс контейнері жоқ. Аудан әкімінің айтуынша, басқарушы орган өкілдері әлгі компанияларға қоқыс шығару қызметіне мұқтаж елдімекендерді нұсқағанымен, компаниялар тиімсіз деп бас тартады екен. Өйткені, ЖБИ – олар үшін тым қашықта. Тіпті, тұрғындардың басым көпшілігі тарифтің ақшасын төлегісі келмейтіні көрінеді.
Сонымен қатар, ЖБИ елдімекенінде балаларға арналған алаңқай да жоқ. Қажетті алаңқай алдағы уақытта халық қатысатын бюджет бағдарламасы аясында қоқыс үйіндісінен босаған орынға салынбақ.
Қазыбек би атындағы ауданның Мостовая көшесінде де қоқыс тау болып үйіліпті. Пештен шыққан күл де төбешіктерге айналыпты. Бірнеше техника таңнан бері жұмыс істеп жатыр. Осы бір көріністі тамашалауға көше тұрғындары жаппай далаға шықты. Себебі, көзге сүйел болғалы он шақты жылға жуықтапты. Көше белсенділері кешкі, тіпті, түнгі уақытта далаға шығып, қоқыс төгіп жатқан жүк көліктерін бейнетаспаға түсіріп, полицияға хабарлаған. Полиция өз кезегінде заң бұзғандарға айыппұл салған. Белсенді тұрғындардың бірі – Алмагүл Жанкина.
– Маңайымызда мешіт салынып жатыр. Сол жерден 160 жүк көлігімен қоқыс шығарылды. Мұнда қоқысты түнделетіп тасиды. Өзім бірнешеуін бейнетаспаға түсіріп, полицияға хабарладым. Егер өзіміз жауапкершілік алмасақ, ұқыпты болмасақ, төңірегімізді қоқыс басады. Ал, тазалық жоқ жерде береке де жоқ. Денсаулығына, балаларының қауіпсіздігіне жаны ашыған адам мұндай салақтыққа бармауы керек. Мәселен, төбешіктерге айналған күлдің жатқанына шамамен 50 жыл болады. Қала және аудан басшылығына алғысымызды білдіреміз! Әйтпесе, жағымсыз иістен әбден мезі болдық. Көршілерімді көшені таза ұстауға шақырамын, – деді Алмагүл Жанкина.
Бұл көше тұрғындарының жартысынан көбінде арнайы қоқыс контейнерлері бар екен. Аудан әкімінің орынбасары Дәулет Махановтың сөзінше, мұнда тұрғындар мен компаниялар арасында мәселе жоқ.
– Аудан бойынша екі жерде қоқыс шығару жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, тасжолдарды күтіп ұстайтын мекемелер жолдардың бойын қоқыстан тазартуда. Экология департаментімен бірлескен шаралар нәтижесінде 8 заңсыз қоқыс полигоны анықталды. Соның үшеуі жойылды, үшеуінде жұмыс жүріп жатыр. Қажетті жұмыстарға аудандық бюджеттен 50 млн теңге бөлінді, – деді Дәулет Маханов.
Аудан әкімдігі мен тұрғындардың полициямен бірлесе атқарған жұмысының арқасында рұқсат берілмеген жерге қоқыс төккен 19 азаматқа айыппұл салыныпты. Былтыр 35 заңсыз қоқыс орны жойылған. Шамамен алғанда 16 мың тоннаға жетеді. Ал, бес жыл бұрын 400-ге жуық қоқыс орны болған. Атқарылып жатқан жұмыстар оң нәтижесін беруде дейді әкімдік өкілдері.
Ерік Нарын,
«Ortalyq Qazaqstan»