Ресми

Мәдениет саласында – жүйелі жұмыс

Сурет:автордан

Елбасы ұсынған, ұлттық сананы жаңғырту және жаңартудың ұлттық идеясы болып табылатын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы қоғамға жаңа мәдени серпін әкелді. Қазақстандықтардың салтсанасы мен дүниетанымын өзгертетін бағдарламаның рухани және мәдени құндылықтарды сақтау және ұлғайту идеясы мәдениет, архив саласының негізгі мақсаты болып табылады.

Қарағанды облысының аумағында барлығы 2700 ескерткіш тіркелген. Оның 1538-і мемлекет қарауында. 22 ескерткіш республикалық мәртебеге ие.

«Рухани жаңғыру» бағдарламасының «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасы аясында Қарағанды облысының ғалымдары, тарихшылары, өлкетанушылары және жұртшылықтың пікірі ескеріле отырып, жалпыұлттық қасиетті нысандар тізіміне 21 нысан және облыстық жергілікті мәндегі қасиетті орындар тізіміне 43 нысан енді.

Сондай-ақ, Қарағанды облысы аумағындағы тарихи-мәдени ескерткіштерді қорғау, есепке алу, ескерткіштерді қайта қалпына келтіру және археологиялық қазба жұмыстары тұрақты түрде жүзеге асырылып тұрады.

Есепті жылы Ақтоғай, Шет, Қарқаралы, Нұра, Ұлытау, Жаңаарқа аудандарының, сондай-ақ, Қаражартас қорымына және Талды археологиялық кешенінің 4 ескерткішіне (қола, ерте темір, түркі дәуірінің қорғандары, қорымдары, қоршаулары), барлығы 14 объектіге қайта қалпына келтіру (реставрация) жұмыстары жүргізілді.

Орталық Қазақстандағы ежелгі металлургия ескерткіштері (Алат), Айыртас археологиялық кешені, Едірей 3 қорымы (Қарқаралы ауданы), Қарағаш қорғандар тобы (Жаңаарқа ауданы), Кененбай қорымы (Шет ауданы), Ұрым қорымы (Бұқар жырау ауданы), Озерное қонысы (Осакаров ауданы) және Талды тарихи-археологиялық паркінде, барлығы 17 объектіде археологиялық қазба жұмыстары жүргізілді. Өткен жылдың жарқын олжалары қола моншақтар, металл қанжарлар, екі алтын сырға болды.

Сонымен қатар, тарихи-мәде ни мұраларды насихаттау үшін келесі бағыттарда ғылыми-зерттеу жұмыстары жүргізіліп, ғылыми басылымдар шығарылады. «Жаңаарқа ауданының археологиялық ескерткіштерінің картасы», «Қазақстан халықтарының мәдени мұрасы: тарих және қазіргі заман», «Орталық Қазақстанның тарихи тұлғалары», «XIX-XX ғғ. Қарқаралы қаласының тарихи тұлғалары», «Ұлы Дала Елінің тарихи тұлғалары (Орталық Қазақстан мысалында)», «Наскальные летописи Сарыарки» атты альбом мен кітаптар баспаға шығаруға дайындалды.

Қазақстан халқына Жолдауында Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев Алтын Орданың 750 жылдығын атап өтті. 2019 жыл тарихи оқиғаны мерекелеуге старт берді. Облысымызда кеңінен насихатталған мерейтойдың басты іс-шарасы «Сарыарқа және Алтын Орда: уақыт пен кеңістік» атты халықаралық ғылыми конференциясы болды. Халықаралық ғылыми конференция жұмысына отандық және шетелдік ғалымдар қатысты. Оның ішінде, Қазақстаннан НұрСұлтан, Алматы, Павлодар, Семей, Атырау қалаларынан ғалымдар келсе, шетелден Германия, Түркия, АҚШ, Ресей, Қырғызстан, Украина, Жапония сынды елдерден ғалымдар қатысты. Конференция тақырыбына Ұлытау өңіріндегі Алтын Орда тарихына қатысты аса бағалы тарихи ескерткіштер арқау болды. Жошы ұлысы немесе Алтын Орда деген атаумен танымал іргелі елдің негізін қалаған Жошы ханның кесенесі де осында орналасқан. Бүгінде Алтын Орда дәуірінің тарихи ескерткіштеріне бай Ұлытау өңірі туристік картаға еніп отыр.

Орталық Қазақстанның көне дәуір жауһарлары мен бай мәдени мұраларын деректі фильм топтамасы арқылы көпшілікке насихаттау мақсатында Қарағанды облысының тарихи-мәдени мұрасы бойынша 12-сериалды (9 тақырыпта) деректі фильмдер дайындалды. Фильмді түсіру барысында арнайы заманауи техникалық құралдар мен бағдарламалар қолданылды. Фильм тарихи-өлкетану пәндеріне қосымша әдістемелік құрал ретінде білім беру мекемелеріне беріледі. Сондай-ақ, көпшілік назарына облыстық телеарна арқылы кең аудиторияны қамту жоспарлануда.

Есепті жылы «Тарих және мәдениет ескерткіштері мен киелі жерлер туралы интерактивті карта (электрондық карта) жасақтау» жобасы аяқталды. Интерактивті карта «Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы» жобасына енген 64 ескерткішті қамтиды.

Сонымен бірге, Қарағанды облысы аумағында (Шахтинск, Теміртау, Саран, Қарқаралы, Жезқазған, Балқаш қалалары) 36 тарихи-мәдени нысандарға QR штрих-код тақтайшалары және республикалық сәулет ескерткіштерінің жанына ақпараттық баннерлер орнатылды. QR штрих-кодында ескерткіштер жайлы үш тілде мәліметтер берілген.

Жалпыұлттық патриотизмды дамытуды мақсат еткен «Туған жер» бағдарламасы аясында облыс музейлері кешенді және жоспарлы түрде жұмыс атқаруда. Халықты тарихи-танымдық тәрбиелеу жолында облыста 16 музей және 4 филиал жұмыс істейді. Музейлер атқаратын жұмыстың сапалығын келушілер санымен анықтауға болады. Есепті жылы облыс музейлеріне келушілер саны 529 740 адамды құрап, өткен жылмен салыстырғанда 12 967 адамға көбейді. Келушілердің санын арттыру мақсатында облыс музейлері тұрақты көрмеден тыс тақырыптық, жылжымалы және алмасу көрмелерін өткізіп тұрады. Осыған орай облыс музейлерінде 2019 жыл ішінде 808 көрме жұмыс істеді. Облыс музейлерінде пән мұғалімдеріне көмек ретінде, қалалар мен аудандардың білім беру бөлімдерімен музей сабақтарын өткізу туралы меморандумға сәйкес музей сабақтары өткізіледі. Есепті жылы Қазақстан тарихы, этнография, археология және өлкетану тақырыбын ашатын 1605 сабақ өткізілді.

Жаһандану заманының талабы – «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыруға облыс кітапханашылары жұмылып жұмыс жасауда. Қарағанды облысының электронды архивін құру мақсатында және кітапхана қорларын цифрлау процесін жеделдету үшін 2019 жылы Н.Гоголь атындағы облыстық кітапханасына ЭЛАР аппараттық-бағдарламалық кешені сатып алынды.

Өткен жылы Қарағанды облысының кітапханалар жүйесі 315 мемлекеттік кітапхананы құрады. Оның ішінде, ауылдық жерлерде 240 кітапхана жұмыс істейді. Кітапхана қызметінің спектрін кеңейте отырып, біздің кітапханаларымыз білім тарату орталығына айналды. Көптеген қызметтер виртуалды форматта көрсетіледі. Есепті жылы кітапхана сайттарына 839 мыңға жуық адам кірген. Кітапханаларда смартфондарға арналған мобильдік қосымшалар әзірленуде. Электронды деректер базасын қалыптастыру және құнды өлкетану құжаттарын цифрлау процесі белсенді жүріп жатыр. Бүгінгі таңда цифрланған кітаптар мен құжаттар саны 57 800 құрайды.

Мемлекеттік сақтаудағы құжаттар кешендері қоғамның ақпараттық ресурсының маңызды құрамдас бөлігі және Елбасының «Ұлы Даланың жеті қыры» мақаласын іске асыру шеңберінде тарихи зерттеулердің негізгі дереккөздік базасы болып табылатыны сөзсіз. Бүгінгі күні архивтер тек құжаттар қоймасы ғана емес, ғылыми, мәдени және тарихи орталықтар, бұны архивтік ақпаратты пайдаланушылар санының өсуі және оларды пайдалану мен танымал етуді ұйымдастыру нысандарының әртүрлілігі куәландырады. Бүгінгі күні архивтердің алдында тарихи құндылығы бар архивтік құжаттарды зерттеушілердің кең ауқымы үшін архив көздерінің онлайн – қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін сандық форматқа аудару міндеті тұр. Бұл, әрине, мемлекет тарихының шынайы құжаттары – архив құжаттарында жинақталған ретроспективті ақпаратты тұтыну мәдениетін қалыптастыруға және дамытуға ықпал етеді.

«Сарыжайлау» кинотеатры отандық кинематография саласындағы мемлекеттік саясатты, қазақстандық киностудиясының шығармашылық жобаларын, қазақ тіліндегі фильмдерді насихаттауда белсенді әрі жан-жақты жұмыс атқаруда.

Қазіргі кезде облыс аймақтарында киноқұрылымы мен кинотеатр жоқтығына байланысты аудандардың ауылды жерлеріне, облысымыздың шағын қалаларына деректі және көркем фильмдердің көшпелі көрсетілімдерін ұйымдасту белсенді түрде жүргізілуде. Есепті мерзім ішінде 174570 көрерменді қамтыған 2587 киносеанстың көшпелі көрсетілімі қойылды.

«Жаһандық әлемдегі қазіргі қазақстандық мәдениет» арнайы жобасының аясында отандық мәдениеттің заманауи жетістіктерімен танысуға бүкіл әлемнің мүмкіндігі бар. Диалогты іске асырудың бірден бір жолы облысымыздың көркем өнерпаздары мен театралды-концерттік мекемелердің гастрольдік қызметі.

2019 жылы Қарағанды облысының театрлары мен концерт ұйымдары Оман, Румыния, Түркия, Македония, Қытай, Ресей (Татарстан), Қырғызстан мемлекеттерінде фестивальдер мен гастрольдерге қатысты. Қарағанды облысының көрермендерін Германия, Англия, Франция, Италия, Испания, Венгрия, Сербия, Бразилия, Ресей (Татарстан), Қырғызстан, Өзбекстан, Тәжікстан елдерінің әртістері де өз өнерлерімен тәнті етті.

Қарағанды облысының театрлары көрермендер назарына белгілі АҚШ, Әзербайжан елдерінің және отандық шақырылған режиссерлермен 34 жаңа қойылым ұсынды.

Қарағанды қаласының «Жұлдыздар аллеясы» Қазақстан Республикасының Халық әртісі, еліміздің өнері мен мәдениетін әлемдік деңгейге танытып, халықтың шексіз құрметіне ие болған, дүниежүзі музыка сүйер қауымына есімі кеңінен танымал Жәния Әубәкірованың жұлдызымен толықты.

Мемлекеттік және атаулы күндерге арналған мерекелік іс-шаралар облыстық мәдени өмірдің елеулі оқиғалары болып табылады. Есепті жылы ұлттық және мемлекеттік мерекелер және Сәкен Сейфуллиннің 125 жылдығы, Нұркен Әбдіровтың және Қазбек Нұржановтың 100 жылдығы, Алтын Орданың құрылғанына 750 жылдығы мерейтойлары жоғары деңгейде ұйымдастырылды. Сондай-ақ, 2019 жылы мәдениет, өнер және архив нысандарының мерейтойлары аталып өтті. Атап айтқанда, Н.Гоголь атындағы облыстық әмбебап ғылыми кітапханасына 85 жыл, Теміртау балалар мен жас өспірімдер театрына 30 жыл, Тайжан Қалмағанбетов атындағы Жезқазған филармониясына 45 жыл, зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханаға 50 жыл, Қарқаралы ауданының тарихи-өлкетану музейіне 35 жыл, облыстық ҒТҚ Мемлекеттік архивіне 25 жыл, Ақтоғай және Бұқар жырау аудандарының мемлекеттік архивіне 30 жыл толды.

2018 жылы республика көлемінде ғана емес, дүниежүзілік қауымдастықта қоғамдық резонанс туғызған «Жезкиік» халықаралық этномузыка фестивалі есепті жылы Қазақстан Республикасының Президенті ҚасымЖомарт Тоқаевтың қатысуымен өткізілді. 24 тамыз күні Ұлытау ауданының «Болатсай» өңірінде Италия, Испания, Сербия, Венгрия және Қазақстаннан танымал отандық және әлемдік орындаушылардың кәсіби фольклорлық музыкасы шырқалды. Аталмыш ауқымды іс-шараларды өткізу елдер арасындағы достық пен өзара түсіністікті нығайтуға, Ұлытау өңірінде туризмді дамытуға ықпал етеді.

2019 жыл облысымыздың мәдени өмірі үшін аса табысты болғанын атап өту керек. Жыл сайын мәдениет саласында маңызды іс-шаралар өткізу жоспарланып отырады. Ағымдағы жылы тарихи-мәдени мұрамызды ұлықтау мақсатында – Қазақстан халқы Ассамблеясының және ҚР Конституциясының 25 жылдығы, Әбу Насыр Әл-Фарабидың 1150 жылдығы, Абай Құнанбайұлының 175 жылдығы, Нығмет Нұрмақовтың 125 жылдығы, Мақат Рымжановтың 100 жылдығы, Қарағанды облысының 85 жылдығы мерейтойлары әртүрлі деңгейде аталып өтіледі.

Ұлттық мәдениетімізді насихаттау жолында алға қойған асқаралы міндеттеріміз бен мақсаттарымызға қол жеткізуде биылғы жылы жүйелі жұмыстар жүргізілмек.

Ерлан НЕЛДІБАЕВ,

Қарағанды облысының мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысының міндетін атқарушы.

Басқа материалдар

Back to top button