Қазір кітапхана, театр, аула клубтары және мәдениет үйлері тұрғындар арасында қаншалықты танымал, онда бұл мәдениет ошақтары қандай проблемаларды бастан кешіруде және оларға қандай көмек керек? Облыстық мәслихат депутаттарынан құралған жұмыс тобы Қарағанды қаласы аумағындағы мәдени ошақтарды аралап, ондағы ұжымдармен кездесіп, жоғарыда аталған мәселелерді саралап, зерделеп, нақтылады. Енді, облыстық мәслихат депутаттары бұқаралық мәдениетті қалыптастыру аясында мәдениет және демалыс ұйымдарында қордаланған мәселелерді кезекті сессияда күн тәртібіне қоюды көздеп отыр.

Облыстық мәслихат депутаттары Әлихан Бөкейхан ауданының Пришахтинск бөлігінде орналасқан «Молодежный» мәдениет үйіне, «Солнышко» балалар мен жасөспірімдер клубына, №16 кітапхана филиалына, Қарағанды облыстық зағип және нашар көретін азаматтарға арналған арнайы кітапханаға және облыстық театрларға, сондай-ақ, Кеншілер мәдениет сарайы мен «Сарыжайлау» кинотеатрына ат басын тіреді.
Ал, Сәкен Сейфуллин атындағы облыстық академиялық қазақ драма театры директорының орынбасары Бақыжан Ибраев өнер ордасы ұжымының толық жасақталғанын, онда өнерпаздар мен барлық техникалық қызметкерлерді қосқанда 230 адам жұмыс істейтінін атап айтты.
Шежірелі тарихы ғасырға жуықтаған Арқаның абыз театрында 700 және 230 адамға арналған үлкен және кіші зал бар. Театр қызметкерлерінің материалдық-техникалық базаға ешқандай шағымы жоқ. Десе де, қойылымдарға көрермен толтыру мәселесі әлі де бар. Бұрын театрлардың негізгі келушілері дәстүрлі түрде мектеп оқушылары мен студенттер болатын. Енді, қазіргі таңда белгілі себептермен оқу орындарында билет таратуға да тыйым салынған.
Бір кездері бірқатар мекемелерде мәдени іс-шараларға қатысуға кәсіподақтар жауапты болған тұста да, билет сату жұмысымен сол ұйым айналысқан еді. Енді, бұл да мүмкін болмай отыр.
Сондықтан да, халық қалаулылары «Білім ошақтары театрлармен неге тығыз қарым-қатынаста жұмыс істемейді?» деген мәселені білім басқармасымен талқыламақшы. Өйткені, бұл – оқу-тәрбие үдерісінің және балалардың мәдени дамуының бір бөлігі.
Сонымен қатар, жазғы мектеп жанындағы лагерьлер де енді жұмыс істей бастайды. Бұл – мәдениет ошақтарына барып, рухани баюға, таным көкжиегін кеңейтуге таптырмайтын мүмкіндік.
К.Станиславский атындағы Қарағанды облыстық орыс драма театры ғимаратында жөндеу жұмыстары қызу жүріп жатыр. Оның негізгісі – ғимарат алдындағы аумақта. Атап айтсақ, онда абаттандыру, асфальт құю, төсемтас төсеу және жиектас орнату жұмыстары жүргізілуде.
Алайда, театр басшылығының айтуынша, зерделей келе, рухани орданың сыртына ғана емес, ішіне күрделі жөндеу жүргізу керек екеніне көз жеткізген. Себебі, театрға соңғы рет күрделі жөндеу 2009 жылы жүргізілген. Осы уақыт ішінде ғимарат әбден тозыпты. Өткен жылы қасбеті жаңартылса да, жұмыс барысында ағымдағы жөндеудің орнына толық қайта құру жұмысының қажет екені белгілі болған.
Негізгі мәселе – киім ілетін орын, әжетхана және қойма орындары орналасқан жертөле төбелерінің сыр беруі. Бұл қабат театр алдындағы алаңның астында. Онда дұрыс жүргізілмеген гидрооқшаулану салдарынан еріген қар және жаңбыр суы жиналып, ішіне өтіп кетеді. Нәтижесінде бәрі бір уақытта ылғалданып, тозып, күрделі жөндеуді қажет етеді. Қазір мұнда техникалық тексеріс жүргізіліп жатыр. Бұл жұмыс біткеннен кейін мердігерлер жөндеу жұмыстарын бастауды жоспарлауда.
Театр ұжымы 2017 жылдан бері жұмыс істемей тұрған автоматты өрт сөндіру жүйесін орнату мәселесін шешуге көмектесуді сұрады. Мәселен, өрт инспекторлары әкімшілікке бірнеше рет айыппұл салып үлгерген. Басшылық оны мекеменің онсыз да болмашы табысынан төлеуге мәжбүр болған. Депутаттар ұсыныстарды жұмыс тобының сессия шешіміне, бюджеттік өтінімдерге енгізуі және театрға неғұрлым қысқа уақыт аралығында қол ұшын беру үшін барлық ақпаратты толық әрі нақты ұсынуды сұрады.
Сонымен бірге, сайланған өкілдер мәдениет басқармасының театр жанынан мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған үйірмелер ашу бастамасын да қолдауға дайын екендігін жеткізді. Өкінішке қарай, бұл мәселе қазіргі уақытта мүмкін емес. Өйткені, мұндай балалармен жұмыс істеуге рұқсаты бар мамандар қажет. Мұны мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс арқылы жүзеге асыру және бос уақытты ұйымдастыру жұмыстарына қатыса алатын үкіметтік емес ұйымдармен келісімшарттар жасау туралы ұсыныс бар екені айтылды.
Бұдан бөлек, облыстық мәслихаттың әлеуметтік-мәдени даму және халықты әлеуметтік қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясының төрағасы Қадиша Оспанова «Өнер – баршаға» жобасын облыс көлемінде кеңейтуді ұсынып, облыс орталығынан шалғайда орналасқан қалалар мен аудандарда тұратын балалардың мәдени шараларға тегін қатысуына мүмкіндік жасау қажеттігін алға тартты.
Ал, Кеншілер мәдениет сарайының да өз проблемалары бар. Атап айтсақ, ескірген дыбыстық және сахналық жабдықтар, арнайы іс-шараларды өткізуге қажетті LED-экран ауадай қажет. Отандық архитектураның сирек кездесетін сәулет ескерткіші қатарына жататын ғимаратты бірқатар ұйым бөлісуге мәжбүр.
Нақтырақ айтсақ, мұндағы 26 үйірмеден бөлек, оң қанатында мәдениет бөлімі, сол қанатында «Сарыжайлау» кинотеатры мен облыстық халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығы орналасқан.
Мәселен, облыстық халық шығармашылығы ғылыми-әдістемелік орталығына кештер өткізуге арналған жеке залы мен киім ілетін орны болуы керек. Ал, олар аядай ғана бірнеше кеңсені місе тұтуға мәжбүр. Ол жердің де қабырғалары дымқылданып, жөндеуді қажет етіп тұр. Жақын арада аталған ұйым отандық медиа жобалар өндірісін қолдау үшін «Ортау» шығармашылық орталығы ретінде модернизация мен ребрендингтен өтуі керек. Шығармашылық орталықтың тиімді жұмыс істеуіне жас авторлардың қажеттіліктеріне бейімделу үшін орын, цифрлық студия және шығармашылық зертханалар қажет.
– Бүгін біз бірқатар мәдени орындарды аралап шықтық. Кітапхана, театр және басқа да мәдениет ошақтары. Олардың көпшілігінің материалдық-техникалық базасын нығайту қажет екеніне көз жеткіздік. Жұмыс тобы барлық ұсыныстарды тұжырымдап, содан кейін тұрақты комиссияда әріптестердің талқысына саламыз. Мәдениет саласын қаржыландыру, кадр даярлау мәселесін көтеруді жоспарлап отырмыз, – деп атап өтті Қадиша Базарбайқызы.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»