Жаңалықтар

Мәдениет – мәңгілікке бастар жол

2025 жылы Қарағанды облысының мәдени өмірі ерекше қарқынмен дамып, тұрақты өсімді, инфрақұрылымның кеңеюін және халық тарапынан жоғары қызығушылықты көрсетті.

Сурет басқарма басшысының жеке мұрағатынан

Бұқар жырау ауданында Үштөбе, Дос­кей және Көкпекті ауылдарында 200 орындық жаңа ауылдық клубтар ашылды. Нұрадағы Мәдениет үйінің құрылысы жалғасты, сонымен қатар Қ.Байжанов атындағы концерттік бірлестік қызметкерлеріне арналған жатақхана мен Қарағанды қаласының Мемлекеттік архиві ғимаратын қайта жаңғырту жұмыстары қатар жүргізілді.

Жалпы алғанда, жөндеу жұмыстары 33 мәдениет нысанын қамтыды, оның 4-еуі күрделі жөндеуден өтті. Материалдық-техникалық базаны нығайтуға 130,6 млн теңге бөлінді. Бұл қаражат кітапхана қорларын жаңартуға, театрларға заманауи бейнеқұрал-жабдықтар алуға, сондай-ақ, мәдени мекемелерге арналған шағын автобус сатып алуға жұмсалды.

Жыл ішінде облыста 32 мыңнан астам мәдени іс-шара өткізіліп, оларға шамамен 4 миллион адам қатысты. 2 мыңнан астам киносеанс ұйымдастырылып, жалпы көрермен саны 100 мыңға жуықтады.

Мәдени туризмді дамыту мақсатында жаңа туристік нысандар мен қасиетті маршруттар құрылды, көлік қолжетімділігі жақсартылды, фестивальдер өткізілді. Соның бірі – Балқаш қаласында өткен Balkhash Tour Fest фестивалі өңірге деген туристік қызығушылықтың артуына ықпал етті.

2025 жыл жарқын әрі тұрақты мәдени бастамаларға толы болды. Соның ішінде 14-16 сәуір аралығында өткен Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдығына арналған ІХ республикалық байқау ерекше орын алады. Байқауға Қарағанды, Астана, Алматы, Шымкент, Талдықорған, Қостанай, Семей, Қызылорда, Ақтөбе, Маңғыстау өңірлерінен 69 орындаушы қатысты.

12-15 маусым аралығында «Кукляндия» VII Ашық қуыршақ театрлары фестивалі өтті. Фестивальге Қазақстан, Ресей және Өзбекстаннан 6 қуыршақ театры қатысты. Бұл – әлемдік қуыршақ өнерінің үздік жетістіктерін насихаттауға және өңірдің заманауи театрлық ортасын қалыптастыруға бағытталған маңызды мәдени жоба.

19-21 қыркүйек аралығында жыл сайынғы XIV Ашық оперетта және мюзикл фестивалі «DosStar» өтті. Фестиваль қонақтары қатарында Тәжікстан, Әзербайжан, Өзбекстан, Ресей және Венгрия театрлары болды.
Өңірдің тағы бір мәдени бренді – 17-26 қазан аралығында өткен ХХVI Халықаралық «Әуенді Сарыарқа» фестивалі. 1998 жылы Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен негізі қаланған фестиваль жылдар өте Қазақстан, ТМД елдері, Еуропа, Азия және АҚШ орындаушыларын біріктіретін беделді алаңға айналды. Фестиваль академиялық, халықтық және джаз өнерінің дамуына, сондай-ақ, халықаралық мәдени байланыстарды нығайтуға үлес қосып келеді.

4-6 қараша аралығында әнші, композитор әрі ақын Мәди Бапиұлының 145 жылдығына арналған дәстүрлі орындаушылардың VI Республикалық байқауы өтті. Оның мәңгілік әндері халық жадында сақталып, қазақтың дәстүрлі өнерін биік деңгейге көтерді. Мәди шығармашылығы – еркіндікті жырлаған, әділетсіздікке қарсы тұрған рухани мұра.

25-26 қарашада Абай Құнанбайұлының 180 жылдығына арналған «Ақыл, қайрат, жүректі бірдей ұста» атты облыстық байқау өтті. Байқаудың басты мақсаты – жастарға ұлттық құндылықтарды сіңіру, рухани дүниесін байыту, шығармашылық әлеуетін ашу және Абай мұрасы арқылы әділдікке, адалдыққа, даналыққа тәрбиелеу. Байқауға Қарағанды облысының барлық өңірлерінен шамамен 2000 оқушы мен студент қатысты, 1880 мұғалім дайындық жұмыстарына белсене араласты. Іріктеу кезеңінде 57 үздік қатысушы таңдалып, финалда олардың ішінен 15 жеңімпаз анықталды.

Өңірде дәстүрлі өнер – айтыс та дамып келеді. 17 мамыр күні Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қазақ-қырғыз ақындарының халықаралық айтысы өтті. Біздің жерлесіміз Дидар Қами бас жүлдені жеңіп алып, Қарағанды облысы мен Қазақстанды әлемдік деңгейде лайықты танытты. Сонымен қатар 10 шілдеде Ақтауда «Командалық айтыс» жобасы аяқталып, финалға шыққан Қарағанды және Түркістан облыстарының командалары «Маңғыстау – түркі мәдениетінің төрі» республикалық айтысын тең есеппен тәмамдады.

6 сәуірде ақын Серік Ақсұңқарұлының 75 жылдығына арналған «Руһтың шалқуы» атты поэзиялық кеш өтті. «Алаш» халықаралық әдеби сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, Абай атындағы Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Серік Ақсұңқарұлы – заманауи поэзия әлеміндегі өзіндік стилі бар, терең ойлы көрнекті тұлға. 10 қазанда Кеншілер мәдениет сарайында аңызға айналған әнші, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Қазақстанның халық әртісі, «Парасат» орденінің иегері, профессор, Еңбек Ері Қайрат Байбосыновтың 75 жылдығына арналған «Айбозым» атты салтанатты кеш өтті.

2025 жылы облыстық музейлерде сақтауда тұрған музейлік бұйымдардың жалпы саны 310 838 бірлікті құрады. Оның ішінде негізгі қор – 234 040 бірлік, ғылыми-көмекші қор – 76 798 бірлік. Есептік кезеңде қорлар 2 767 бірлікке толықты, соның ішінде негізгі қорға – 1 655, ғылыми-көмекші қорға – 1 112 бірлік қабылданды. Бұл көрсеткіштер өңірдің тарихи-мәдени мұрасын сақтау, зерттеу және байыту бағытында жүйелі әрі мақсатты жұмыс жүргізіліп жатқанын айқын көрсетеді.

Осылайша, 2025 жыл Қарағанды облысы үшін мәдени серпіліс кезеңі болды. Мәдениет мекемелері жаңартылып, жаңа ауылдық клубтар мен мәдениет үйлері ашылды, миллиондаған тұрғын түрлі мәдени шараларға қол жеткізді. Фестивальдер, байқаулар мен шығармашылық жобалар өңірдің мәдени кеңістігін жандандырып, материалдық емес мұраны сақтау мен мәдени туризмді дамыту Қарағанды облысының елдегі маңызды мәдени орталық ретінде және халықаралық мәдени диалогтың лайықты қатысушысы ретінде танылуына мүмкіндік берді.

Ғалымжан ӨТЕЛБАЙҰЛЫ,
Қарағанды облысының мәдениет және құжаттама, архивтер басқармасының басшысы

Басқа материалдар

Back to top button