Жаңалықтар

Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестік қызметкерлері үшін 19 пәтерлік жатақхана қайта жаңартылуда

Біраз жылдан бері «Қарағандыға 1500 орындық жаңа концерт залы керек» деген мәселе көтеріліп келеді. Облыстың мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы Ғалымжан Өтелбайұлы бұл мәселенің шешілетін күні жақын екенін, концерт залының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп жатқанын мәлімдеді. Мәдениет саласында атқарылған шаруалар мен жоспарлар турасында басқарма басшысы орталық коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында өткен брифингте айтып берді.

Коллажды жасаған Шынар Адамбекова

Мәдениет – ұлттық құндылықтар, ұлттық код. Салт-дәстүрден, болмыстан ажыраған ұлттың болашағы бұлыңғыр екенін кәрі тарих дәлелдегелі қашан. Облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының басшысы аймақта маңызды салаға айрықша көңіл бөлінетінін атап өтті.

– Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айтылған тапсырмаларды іске асыру шеңберінде 2022 жылдан 2025 жылға дейін мәдениет қызметкерлеріне еңбекақы төлеу қоры 100% ұлғайтылды. Сонымен қатар, жергілікті бюджеттен лауазымдық жалақыға 30% мөлшерінде ынталандырушы үстемақы қосылды. Біздің қызметіміздің негізгі бағыты – мәдениет мекемелерін дамыту және қолдау, тарихи-мәдени мұраны сақтау және танымал ету, материалдық-техникалық базаны нығайту, театр, музыка, кино өнерін, халық шығармашылығын, кітапхана және музей ісін қолдау болып қала береді. Сонымен қатар, Ұлттық архив қорының құжаттарын есепке алумен, сақтаумен және пайдаланумен айналысамыз. Бұның барлығы – халқымыз үшін маңызды, – деді Ғалымжан Өтелбайұлы.

Доскей ауылындағы күрделі жөндеу­ден кейін мәдениет және өнер қызметкерлеріне 40 пәтер берілген. Мәдениет саласында 10 жылдан астам жұмыс өтілі бар қызметкерлер үшін осы пәтерлерді жекешелендіру рәсімі басталыпты.

Қали Байжанов атындағы концерттік бірлестіктің қызметкерлері үшін 19 пәтерлік жатақхана қайта жаңартылып жатыр. «Шалқыма» концерт залын, цирк ғимаратын, К.Станиславский орыс драма театрын қайта құру жоспарланған.

Ауылдық мәдениет нысандарын салуға бағытталған екі жоба іске асырылуда. Осы жылдың соңына дейін Бұқар жырау ауданына қарасты Көкпекті ауылында 200 орындық ауылдық клуб, Нұра ауданының Нұра кентінде Өнер үйі халыққа есігін айқара ашпақ. Ал, Қарқаралы ауданының Бүркітті ауылындағы, Ақтоғай ауданының Нарманбет ауылындағы екі клуб пен Шет ауданының Ақшоқы ауылындағы мәдениет үйіне жасалып жатқан күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Өңірде халық шығармашылығын қолдау және дамыту бойынша жүйелі жұмыстар жүргізілуде. «Облыс тұрғындарының шығармашылық әлеуетін арттыру және қазақстандық мәдениетті халықаралық аренаға шығару – басқарма алдындағы негізгі міндеттердің бірі», – деді Ғалымжан Өтелбайұлы.

– Мәдениет мекемелерінде қатысушылардың жалпы саны 25 мыңнан асатын 1 444 клубтық құралым жұмыс істейді. Солардың ішінде, 965 көркемөнерпаздар ұжымы бар. 16 мыңнан астам өнерпаз аудандық, облыстық, республикалық және халықаралық конкурстар мен фестивальдерге тұрақты түрде қатысады. Ұйымдастырушылық, әдістемелік және ақпараттық қолдау көрсетіледі. Гастрольдер, шеберлік сыныптары, фестивальдер ұйымдастырылады. Сонымен қатар, материалдық-техникалық базаны жаңартуға баса мән беріледі. Атқарған жұмыстардың нәтижесі ретінде 2025 жылы наурызда Ыстамбұлда өткен «Alash Star» халықаралық көп жанрлы байқауында Нұра кентінің мәдениет үйінен «Шұғыла» хореографиялық ансамблінің жеңіске жеткенін айтуға болады. Ұжым бас жүлдені жеңіп алды. Ал, ансамбль мүшесі Нұравия Сайранова өз номинациясында бірінші орынға ие болып, орындаушылық шеберліктің жоғары деңгейін көрсетті, – деді басқарма басшысы.

Жазира Казимова болса, сәуір айында «DUBAI-GRAND» халықаралық фестивалінде Гран-при иегері атанған еді.

«Nda production» Қарағанды командасының және режиссер Асылжан Ізбасардың «Пат» қысқаметражды фильмі Шымкенттегі samgau республикалық кинофестивалінде бас жүлдеге лайық деп танылды. Асылжан Ізбасар – «Ortau» креативті орталығының және «Startkino Қарағанды» қоғамдық бірлестігінің режиссері. Аймақтағы киноөндірісті дамытуға сеп болатын екі қоғамдық бірлестік бірегей жобалардың қатарында. Сегіз жастағы Томирис Дүйсенбай Халықара­лық балалар шығармашылығы фестивалінде Гран-приге қол жеткізді.

Қарағандыда күй Тәңірқұты Тәттімбет Қазанғапұлының 210 жылдығына арналған IX республикалық байқауы өтті.

Астанада «Рухани қазына – 2025» рес­публикалық фестивалінде кәсіби ма­мандар мәдени ұйымдардың үздік қыз­меткерлерін таңдаған еді. «Үздік балалар, жасөспірімдер, немесе, балалар-жасөспірімдер кітапханасы» номинациясы бойынша Балқаш қаласының А.Гайдар атындағы орталық қалалық балалар кітапханасы жеңімпаз атанды.

Қарағанды академиялық музыкалық комедия театрында жыл сайын «Кукляндия» қуыршақ театрларының фестивалі ұйымдастырылады. Бұл – аймақтың жар­қын бастамаларының бірі. Фестивальге әлемнің түпкір-түпкірінен театрлар ағылады.

Қарағандылық ақындар мен дәстүрлі өнер орындаушыларының жетістігін де атап өткен жөн. Биыл еліміздің барлық өңірлерін қамтыған «AMANAT» партия­сының қолдауымен ұйымдастырылған «Командалық айтыс» жобасында Арқадан барған құраманың жұлдызы жарық болды. 17 мамырда Париждегі ЮНЕСКО штаб-пәтерінде қырғыз және қазақ ақындарының халықаралық айтысы өтіп, жерлесіміз Дидар Ками бас жүлде алып, Сарыарқаның ғана емес, тұтас Қазақстанның мәртебесін әлемдік сахнада көтерді.

Түйткілді мәселе де бар. Өңірде 15 мемлекеттік архив (2 облыстық, 6 қалалық, 7 аудандық) және 1 филиал жұмыс істейді. Архивтердің 90%-дан астам қоймалары лық толған. Көптеген ғимарат бейімделген үйлерде орналасқан. Бұл мәселені шешу үшін Қарағанды, Саран және Қарқаралы қалаларында жаңа архив ғимараттарын салуға жер телімдері бөлінді. Бұқар жырау ауданының архиві 2025 жылы жаңа ғимаратқа көшті.

Ерік НАРЫН,
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button