Жаңалықтар

Мұқанов шәкіртақысы – Мәртебе!

Академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті базасында университет пен «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша педагогикалық қызметкерлердің біліктілігін арттыру институты бірлесе отырып, ҚарУ-нің физика-техникалық факультетінің студенттері мен магистранттарына Дімкеш Мұқанов атындағы ғылыми шәкіртақы табыстау салтанаты екінші мәрте өтті. Бұл жолғы шәкіртақы 9 студент және 1 магистрантқа тағайындалды.

Игілікті іс ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылды. Белгілі бір кезеңде өмір сүріп, жарық жалғаннан өткен соң, есімі аңызға айналып жүре беретін ғажайып адамдар болады. Дімкеш Мұқанұлы да сондай жандардың қатарынан еді. Есімі елімізге белгілі ғалым, ұйымдастырушы, қоғам қайраткері, техника ғылымдарының докторы, профессор, Қазақстан Республикасының ғылым мен техника саласы бойынша Мемлекеттік сыйлықтың екі мәрте лауреаты, Қарағанды қаласының Құрметті азаматы атанды. Көзі тірі болғанда, еліне еңбегі сіңген елеулі тұлға биыл 85 жасқа толар еді. Ғалымның ұрпақтары әкелерінің көшелі істерін ел жадында тағы бір жаңғыртты. Ұрпақтары мен асылын ардақтай білер әлеумет аяулы азаматты еске алды.

Мұқановтар отбасы академиялық және ғылыми-зерттеу қызметіндегі айтарлықтай жетістіктері үшін Дімкеш Мұқанов атындағы ғылыми шәкіртақы 2017 жылы тағайындады. Биылғы салтанатты шараға Қарағанды қаласының ғылым мен білім саласының дамуына үлес қосқан белгілі тұлғалар, академик Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің және «Өрлеу» институтының профессорлық-оқытушылық құрамы, 2017 жылғы Дімкеш Мұқанов атындағы ғылыми стипендия иегерлері қатысты. Дімкеш Мұқановтың жұбайы Сара Балқашқызы, қыздары – Сәулеш, Зәуреш, Дана және туыстары, сондай-ақ, педагогикалық еңбек ардагері, Қарағанды облысының ОӘО әдіскері, Қарағанды облысының ББ басшысының кеңесшісі С.Қонтаев, «Білімді ел – Образованная страна» республикалық білімділік қоғамдықсаяси газетінің бас редакторы Л.Туркестанова, Қарағанды облысының мемлекеттік архивінің директоры Ж.Тұрсынова сыйлы қонақ ретінде ортаны толтырды.

Аталмыш шараны ҚарУ ректоры, заң ғылымдарының докторы, профессор Н.Дулатбеков ашты. Сара Балқашқызы мен бұл күнде әке жолын қуып, педагогика ғылымдарының дамуына үлес қосып жүрген қызы, «Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ директоры, педагогика ғылымдарының докторы, профессор Сәулеш Дімкешқызы сөз сөйлеп, тартымды әңгіменің тиегін ағытты.

Сондай-ақ, Nur Otan партиясы Қазыбек би аудандық филиалының төрағасы Н.Рыстин, Қарағанды қалалық мәслихатының хатшысы, ҚарУ Бақылау кеңесінің мүшесі Қ.Бексұлтанов, Дімкеш Мұқановтың физика-техникалық факультетте бірге жұмыс істеген әріптесі, ҚарУ физика-техникалық факультетінің профессоры Қ.Ермағанбетов сөз алып, естеліктерімен бөлісті.

Шәкәрім ақын айтқандай, «Адамдық борышың, халқыңа еңбек қыл» тәмсілі Мұқановтар әулетінің өмір бойғы темірқазығы іспетті. Бүгінде жақсылық жасаудан жарысатын адамды табу қиын. Ол бір жарнама, мақтан үшін емес, әр азаматтың өз арының алдындағы парызы болмақ. Ендеше, Мұқановтар әулеті тәрізді отбасылар көбейсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Тілеу ТУҒАНБАЕВА,

«Өрлеу» БАҰО» АҚ филиалы Қарағанды облысы бойынша ПҚ БАИ бас маманы.

Басқа материалдар

Back to top button