Мұғалім жетіспейді: себеп көп, шешім қандай?
Әр баланың жас күнінен сауатын ашуда, білім көкжиегін кеңейтіп, оң мен солын танытуда ұстаздың алар орны ерек. Көкірек көзі ояу бала есейгенде ел дамуына қызмет етеді. Оқу-білімнің іргетасы о бастан дұрыс қалануы үшін мұғалімдер қажет. Ал, олар болмаса ше?..
Еліміздің әр түпкірінде мұғалімдер жетіспейді. Мәселен, Қарағанды өңіріне 300-ге жуық мұғалім қажет. Маман жетіспеуіне не себеп?
Қарағанды облысы білім басқармасының мәліметінше, жыл басынан бері өңірге 728 маман қажет болды. Қазіргі таңда университет және колледж түлектерімен кездесіп, педагог мамандығының маңызын түсіндіріп, жұмысқа шақырудың нәтижесінде 436 жас маман жұмысқа орналасқан. Десе де, аймақта орыс мектептеріндегі бастауыш сынып мұғалімі, математика, физика, орыс тілі пәні мұғалімдері қажет.
Мәселен, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университеті Бастауышта оқыту педагогикасы мен әдістемесі кафедрасының меңгерушісі Светлана Одинцова: «педагогика мамандықтарына түсушілерге талап жоғары, сондықтан талапкерлер оқуға түсе алмайды, мұғалім жетіспеушілігінің бір себебі осы болуы мүмкін», – дейді.
– Бастауыш білім беру мұғаліміне сұраныс жоғары, жалақысы да әжептәуір. Сол себепті оқуға түсетіндер арасында осы мамандықты таңдап келетіндер баршылық. Бізде магистратура бітірген студенттер де мектепте жұмыс істеп жатыр. Оларға қосымша ақы төленетінін де атай кеткен жөн. Десе де, педагогикалық мамандықтарға түсушілерге жыл сайын талап күшейтіліп жатыр. Өздеріңізге белгілі, қазір шекті балл – 75. Ақылы оқудың бағасы да қымбат. Бастауыш сынып мұғалімі мамандығына грантпен оқуға түсетіндер саны аз, – дейді Светлана Анатольевна.
Биыл бастауыш сынып мұғалімі мамандығы бойынша қазақ бөлімінде 199 студент, орыс бөлімінде 46 студент университет бітіреді екен.
Жаңа оқу жылында орыс бөліміне жеті студент қана оқуға түсіпті. Ал, қазақ бөлімінде 47 студент білім алуда. Қысқартылған мерзімде оқып жатқан орыс бөлімінде 20 студент болса, қазақ бөлімінде 53 білім алушы бар екен. Бұл деректерге қарағанда, орыс мектептерінде оқытатын бастауыш сынып мұғалімдерінің аз екенін байқауға болады.
Оған қоса, бұл мамандықта оқып жатқан университеттің 4-курс студенттері Астана қаласы әкімінің грантына ие болыпты. Олар Астана қаласында жұмыспен қамтылып, үш жыл мерзімін өтеуі тиіс дейді кафедра меңгерушісі.
Одан өзге, бастауыш сынып мұғалімі мамандығында Қарағанды облысы әкімінің грантымен білім алып жатқан студенттер де бар. Әрине, олар диплом алған соң, өңірдегі білім беру ұйымдарына жұмысқа орналасады. Десе де, жетіспеушілік бар.
ҰБТ-да физика, математика пәнін таңдаған түлектер мұғалімдіктен басқа мамандықтарға түсуі мүмкін. Орыс тілі, бастауыш сынып мұғалімдері де ауыл-аймаққа бара бермейді.
Қазір мектеп бітірген түлектер арасында қазақ тілі мен әдебиеті мамандығына түсетіндер көп секілді. Оқу бітірген соң, осы мамандар жұмыс іздеп сабылады. Ауыл-аймаққа барған күннің өзінде сағат табылмайды. Ауыл мектептерінде орыс тілі пәні мұғалімінің орны бос тұрса, қазақ тілі мамандары өз мамандығына қатысы жоқ пәннен сабақ беруге мәжбүр болады. Бұл ара-тұра кездесетін жағдай.
– Мен университет бітірген соң, дипломмен ауылға келдім. Алайда, өз мамандығым бойынша жұмысқа тұра алмадым. Себебі, бос орын жоқ. Амалсыз басқа пәннің мұғалімі болмаған соң, орнына мен сабақ бердім, – дейді жас маман Асыл Сайлауқызы.
Енді бірі ауылға барып жұмыс істегісі келмейтінін айтады. Бұл да мұғалім жетіспеушілігінің бір себебі.
Педагог мәртебесі туралы заң қабылданған соң, мұғалімдердің қоғамдағы орны айқындалып, жалақысы да артты. Заң бойынша қажетсіз жұмыстардан қолын босатты. Осылайша, мемлекет ұстаздардың мәртебесін көтеруде.
P.S.: Біз мұғалім жетіспеушілігінің бірді-екілі себебін атадық. Ал анығында оның басқа да себептері болуы мүмкін. Оны анықтап, салдарын жою ісі біртіндеп қолға алынып келеді.
Соңғы жылдары Оқу-ағарту министрлігі педагог мамандығына түсушілерге талапты күшейтіп, ҰБТ-да шекті баллды 75-ке дейін көтерді. Бұл – педагог мамандардың сапасын арттыруға жасалған оң қадам болды.
Қоғам дамуы үшін сапа да, сан да маңызды.
Гүлнұр СЕРІКЖАНҚЫЗЫ.