“Директорларды кәсіби біліктілігіне қарай таңдау керек”
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Республикалық тамыз конференциясында мұғалімнің еңбегін өз дәрежесінде бағалау қажеттігін айтып, ұстаз мәртебесін арттыру жолында нақты қадамдарға бару керектігін ескерткен еді. Осыған орай, Қазақстан Халық партиясы білім беру саласындағы көкейтесті мәселелерді ашық талқылау мақсатында «Мұғалім мәртебесін көтеру – білімді көтеру» атты партиялық жобасын жүзеге асырып келеді.

Қазақстан Халық партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы Халел Мақсұтов жүргізген жиынға педагогтер, білім саласының ардагерлері, қоғам белсенділері мен жас мамандар қатысты.
Аталған шарада педагог мәртебесін көтеру, нығайту және оған қол жеткізудің тиімді тетіктері, мұғалімдерді білім мен тәрбие беруден басқа артық жұмыстардан арылтудың нақты механизмдері, педагогтердің әлеуметтік және құқықтық кепілдіктерін жақсарту, қоғамда мұғалімнің еңбегінің лайықты бағалануы сынды мәселелер күн тәртібінде қаралды.
– Ұстаз – білім берумен қатар, ұлтты тәрбиелейтін ұлағатты тұлға. Бүгін өзекті мәселелердің шешімін табудың жолдарын қарастыруға жиналдық. Барлық ұсыныстар хаттамаға түсіріліп, партиямыз арқылы тиісті мемлекеттік мекемелерге жолданады, – деді Халел Мақсұтов.
Сонымен қатар, ауыл мектептерінің жайы, ұлттық тәрбие, заңнамалық реформалар, және мектеп директорларын тағайындау жүйесі секілді түйткілді мәселелер де талқыланды.
– Ауылдық мектептерде сағат саны қысқаруы мұғалімдердің табысын азайтып, қалаға көшуге итермелеуде. Ауылда білікті ұстаз қалмаса, ауыл баласының тағдыры не болмақ? – дейді облыстық білім басқармасы жанындағы Ардагерлер кеңесінің мүшесі Сәбит Қонтаев.
Оның айтуынша, ауыл баласы құндылыққа негізделген тәрбие арқылы туған жерінің проблемасын түсініп, оны өзгертуге ұмтылатын тұлға ретінде тәрбиеленуі маңызды.
Дөңгелек үстел барысында білім мен тәрбиенің үндестігі де кеңінен сөз болды. Әр пән өмірмен сабақтас болуы керектігі, өмірдің бір көрінісі ретінде оқытылуы қажеттігі аталды.
Ардагер ұстаз, білікті басшы Аманжол Нұрбеков:
– Тойханада жүрген оқушыдан қандай маман шығады? Дәрігер ме, мұғалім бе? Мұғалім мәртебесінің төмендігінің себебін іздеуді осыдан бастау керек, – деді.
Бұдан бөлек, жиында мектептің дамуы басшысына тікелей байланысты екені де айтылды.
– Мектеп директоры әкімшілік жұмыспен қатар, қаржы, тәрбие, кадр мәселесін де шешуі тиіс. Басшы ғана емес, менеджер де бола білуі қажет. Сондықтан, директорларды кәсіби біліктілігіне қарай таңдау керек, – деді Қарағандыдағы «Samga High Shool» мектебінің директоры Жақсылық Әлішер.
Дөңгелек үстел қорытындысы ретінде ауыл мұғалімдеріне нақты сағаттық жүктеме бөлу, тәрбиені отбасы мен мектепке теңдей жүктеу, ұлттық тәрбие мен қазақи құндылықтарды білімге кіріктіру, мектеп директорларын іріктеу жүйесін жаңғырту сынды ұсыныс-пікірлер хаттамаға енгізілді.
Жәлел ШАЛҚАР,
«Ortalyq Qazaqstan»