Руханият

Мұқағалидың мәңгі жырлары халықпен бірге жасап келеді

«Ақ ұлпа жерді жапқанда, Ағаштар сырға таққанда, Бозарып атқан ақ таңда, Бозарып тұрып ақпанда, Есіңе мені алғайсың…». Бұл әйгілі өлең жолдарын бүгінде елдің бәрі жатқа біледі. Қара өлеңнің парқын түсінген Мұқағалидың мәңгі жырлары уақыт озған сайын жанданып, халықпен бірге жасап келеді. Оған дәлел – қалам мен жүрек тізгінін қатар ұстаған Мұзбалақ ақынды ел жыл сайын туған күнінде еске алып, әдеби-сазды кештер өткізуді дәстүрге айналдырған. Әсіресе, биылғы 95 жылдығында іс-шаралар легі толастамауда.  Сол игі ғұрыптан жаңылмай, Ж.Бектұров атындағы облыстық жасөспірімдер кітапханасы «Әр өлеңі – бір әлем» атты әдеби-сазды кеш ұйымдастырды.

Сурет ұйымдастырушылардан

«БОТА» интеллектуалды жастардың шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен өткен поэтикалық-сазды кешке ақын жырын сүйіп оқитын оқырман қауым мен студент жастар қатысты. Кешті белгілі ақын Руслан Нұрбай тізгіндеді.

– Мұзбалақ Мұқағали – кез келген тақырыпта қалам тербеген ақын. Оның терең сырлы, нәрлі өлеңдерімен сусындаған адам өз ішкі әлемін байыта түседі. Мұқағалидың жүректен шыққан жалынды жырлары жырсүйер жұртшылықтың жүрегінен өзіндік орын алары анық. Ақпан – қазақ әдебиетінде бірнеше алып тұлғалар дүниеге келген ай. Мұқағалидың туған күні жыл сайын дәстүрлі түрде аталып өтеді. «Өлеңге әркімнің-ақ бар таласы» бар заманда, ақын жырын ұлықтау – ұлтқа қызмет етумен пара-пар. Әрдайым қолдау білдіріп жүрген ҚарҰЗУ студенттеріне алғысым шексіз, – деді ол.

Кеш барысында жас оқырмандар ақынның өлеңдерін жатқа оқып, жыр әлеміне терең бойлады. Нұрасыл Аманжол ақынға арнаған «Мұнара» атты өлеңін, Ақжігіт Сағынтай, Жансая Қопобаева, Дана Нұржанова сынды студенттер Мұқағали жырларын оқыды. Сондай-ақ, «Жаңа FM» радиосының журналисі Алданыш Олжабаева да өлең оқып, кештің мазмұнын байыта түсті.

Поэзия мен әуен қатар өрілген кеште ақын жырына жазылған әндер де әуеледі. Қазыбек Рашид «Есіңе мені алғайсың», Ұлан Қазыл «Мен деп ойла», Айша Ғани «Несіне асығады» әндерін орындап, көрерменнің ыстық ықыласына бөленді. №19 мектептің оқушысы Айша Дастанбек те ақын өлеңін оқып, жас ұрпақтың Мұқағалиға деген құрметін аңғартты.

– Ақын жырларын оқығанда ерекше тебіреністі сезінесің. Біз секілді кейінгі буын жастар Мұқағалиды көбіне оның өлеңдеріне жазылған әндер арқылы танып жүрміз. Сол әуезді әндер арқылы ақынның әйдік әлеміне жақындай түсеміз. Әрбір өлеңінің өзіне тән өрнегі, терең мағынасы бар. Сондықтан да, Мұқағали жыры бүгінгі буынға жат емес. Қазақ руханиятынан, оның ішінде әдебиет әлемінен орнын ойып тұрып орнын алған қастерлі тұлғаларымыздың мол мұрасын жаңғырту арқылы біз де қал-қадарымызша қоғамға қызмет етеміз деп есептеймін, – деді ҚарҰЗУ-дың ІІ курс студенті Дана Нұржанова.

Сағымдай құбылған қазіргі қым-қуыт уақытта жылдар алмасқанымен, Мұқағали поэзиясы көмескі тартпайды. Керісінше, әр буын оны қайта қотарып, парақтаған сайын өз биігінен тани түсуде. Бұған бүгінгі өткен әдеби-сазды кеш айқын дәлел. Әр өлеңі – бір әлем болған ақынның жыр мұнарасы осылайша уақыт өткен сайын биіктей бермек. Жыр барда – ақын бар. Өрелі оқырман барда – Мұқағали жыры да мәңгі жасай бермек.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button