Поэзия

Мұқағали жырымен сусындаған кеш

Мұқағалидың жырларын дүйім жұрт сүйсіне оқиды. Жасы бар, жасамысы бар – барша қазақтың жүрегіне жол тапқан мұзбалақ ақынның мәңгілік жырлары уақыт өткен сайын өзектілігін жоғалтқан емес. Қайта әр буын оны қайта танып, өз биігінен бағамдай түседі. Әсіресе, мектеп қабырғасындағы оқушылардың ақын поэзиясымен ерте сусындауы – олардың рухани дүниесін байытып, сөз қадірін тереңірек ұғынуына жол ашары анық. Осындай тағылымды мақсатты арқау еткен игі іс-шара ақынның 95 жылдық мерейтойы аясында №19 мектепте ұйымдастырылды. «Мен деп ойла» атты әдеби-сазды кеш жас өрендерді ақын әлеміне жетелеп, поэзия мен сахналық өнерді шебер ұштастыра білді.

Суреттерді түсірген автор

Бұл әдеби-сазды кеш мектептің «Жыр Жалын» поэзия әлемі жобасының аясында ұйымдастырылды. Жас ұрпақтың поэзияға қызығушылығын арттыруды көздейтін жоба аясында «Поэзия әлемі: қазақ поэзиясын оқытудың тиімді тәсілдері» атты қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімдеріне арналған әдістемелік ұсыным жарық көріп, оның автор-құрастырушылары – тәжірибелі ұстаздар, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімдері Аңсаған Қазиева мен Айгүл Алдабаева болды. Кеш форматы иммерсивті сипатымен ерекшеленді. Оқушылардың әр өлеңді жай ғана жатқа оқымай, сахналық қойылым арқылы тебіреніспен жеткізуі көрерменге ерекше әсер сыйлады. Ақын жыры сахна төрінде тіріліп, тыңдарманды Мұқағали әлеміне бір сәтке жетелеп әкеткендей болды.

Шыны керек, бұл іс-шараға бір айға жуық уақыт дайындалдық. Қатысушылардың барлығы – мектебіміздің үздік, озат, белсенді оқушылары. Кештің мазмұнын да барынша өзгеше етуге тырыстық. Оқушылар ақынның өлеңдерін жас ерекшеліктеріне сай оқыды. Тақырып ауанының әрқилылығы да сондықтан. Мәселен, 5-6 сынып оқушыларына таза лирикалық өлеңдерден гөрі Отан, туған жер тақырыбындағы жырларды таңдап, мазмұнды тереңдеттік, – деді кешті ұйымдастырушы, қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Жанкелді Кенжебайұлы.

Кештің тағы бір ерекшелігі – Мұқағали мұрасының көпқырлы түрде ұсынылуы. Өлең оқылып қана қоймай, ән әуелеп, сахналық көріністер қойылды. Айтыскер ақын Нұрмұхамед Байсүгір Мұқағалидың сөзіне жазылған «Бала ғашық» әнін орындап, одан кейін «Қайран жеңгемді» домбыраның қоңыр назды үнімен шырқап, көрермен көңілін толқытты.

 

Сондай-ақ, іс-шараның мазмұнды өтуіне ұйытқы болып, оқушыларды сахналық қойылымға дайындаған С.Сейфуллин атындағы Қарағанды облыстық академиялық қазақ драма театрының әртісі, Мәдениет саласының үздігі төсбелгісінің иегері Маржан Ануарқызының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Театр мен мектеп арасындағы осындай шығармашылық сабақтастық жас буынның өнерге деген қызығушылығын арттырары сөзсіз.

Бүгінгі кештің өтуіне шамамыз келгенше үлес қосқаныма қуаныштымын. Мұқағали атамыздың өлеңдерінен біз әрдайым рухани нәр аламыз. Осындай тағылымды іс-шаралар алдағы уақытта да жалғасын тапса екен, – деді кешке қатысушы, мектеп оқушысы Тілеуберді Бахатұлы.

Қорыта айтқанда, бұл әдеби-сазды кеш көрермен үшін ғана емес, оны ұйымдастырған және сахнаға шыққан оқушылар үшін де рухани серпіліс болды. Шөліркеген көңіл жырға қанып, жүрек поэзиямен тыныстады. Ақиық ақынның мәңгілік мұрасы ғасырлар алмасқан сайын құнын арттыра бермек. Өйткені, Мұқағали жыры – уақытпен өлшенбейтін рухани қазына.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button