Руханият

Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, ақын Жүрсін ЕРМАН: “Мен – қазақ айтысына қарыздармын

Арқада туып, Алатауда түлеген, ең алғаш балауса жыры біздің «Орталықта» жарияланып, Алаш жырының арғымағына айналған ақын аз ба бізде?! Қасым рухымен қанаттанып, қазақ жырының жұлдызы болып жарқыраған жерлесіміздің бірі – Жүрсін ЕР­МАН. Ертең – ақынның туған күні. Мерейлі 70 жасқа толып отыр. Індеттің салдарынан іргелес отырып сұхбаттаса алмадық. Десек те, қаламгер ағаның жан сырын тербеп, балшырын лебізін алуға мүмкіндік таптық. Ақ самал ақынның туған жерге деген ыстық ықыласы да, ормандай оқырмандарына деген шексіз құрметі де, бүкпесіз сыры, өтелген парыз, көтерген жүгі де – осы сұхбатта.

«Телевизор көрмей тұрып, телевидениеден өлең оқыдым»

– Аға, мерейтойыңыз құтты болсын!

– Рахмет, айналайын!

– Бүгінгі дана Жүрсіннің бойынан әлі күнге дейін еркелік, еркіндік, бұла мінез менмұндалап тұрады. Бала Жүрсін қандай болды екен?

– Менің дүние есігін ашқан жерім – қазіргі Ұлытау ауданының түстікке иек артқан қиыр шетіндегі Қурайлы қыстағы. Әкемнің қорасының орнын білетінім, бұл мекен – кешегі қалмақ қырғынының куәгері әйгілі «Бұланты шайқасы» өткен қансіңді топырақ. Осындай топырақта туғандығымнан болар, менің де өмірім кілең шайқастар мен қайшылықтарға толы болды. 4-5 жасқа толған шағымда болуы керек, әкем Аралдың құмымен шектесетін Қарақұм мекеніне қарай көшіп, Құлжанбай мекеніне қоныстаныпты. Мен үшін Құлжанбай құрлықтың қиыр шетіндей, одан әрі ел жоқтай көрінетін. Бір жазбамда дәл осылай деп жазғанмын да.

Сол Құлжанбайда сегіз жылдық мектеп болды. Сонда оқыдым. Озат оқушы болдым. Еркелік туралы айтып қалдың ғой. Мен бала күнімде өте ұяң, жасықтау, ұялшақ болдым. Соғыстан кейінгі ауыр күндердің әсері ме, жалпы, біздің буын шолжаңдықтан аулақ болды. Ол кезде біздің ауылда майданнан оралған ардагерлердің қатары сиремеген еді. Бірі ақсақ, бірі шолақ, енді бірі молақ болса да, ауылдың айбарындай болған ардагерлеріміздің қас-қабағы елдің бірлігіне ұйытқы, тірлігіне тірек болды. Біз де бұғанамыз бекімеген шағымыздан еңбек майданына араласып, сабақтан бос уақытымызда шаруашылыққа қолғабыс еттік.

Әкеден ерте қалдым да, жесір анаммен бірге әкемнің туған інісі Әбсат көкемнің қамқорлығында болдық. Көкем жылқышы еді. Менің қайсар мінезді, бірбеткей болып бой түзеуіме көкемнің жылқышылығы әсер етті-ау деймін. Бағымдағы мың жылқының ішінен небір жүйрігін, жорғасын, арғымағын таңдап міндім. Жасынан асау үйретіп, арғымақ тақымдаған бала ертең осал болады деуге сенгім жоқ. Бұл – өз тағдырымнан түйгенім.

Міне, менің балалық шағым осылай өтті. Әлгі өзің айтып отырған еркелік маған кеш келді. Елім еркелетті, халқым алақанына салды.

– Алғашқы өлеңіңіз қай жаста жазылды?

– 4-5 сыныпта оқимын-ау деймін. Алғашқы өлеңім аудандық «Октябрь туы» газетіне жарияланды. «Әлтан» дейтін сатиралық өлең екен. Белгілі журналист Көбейсін Еңсебаев немере ағам еді. Аудандық газетте қызмет істейтін. Сол ағай алып кетіп, жонып, өңдеп, жариялап жіберсе керек. Газеттің қиындысы әлі күнге сақтаулы. Содан бастап мен ел ішінде ақын атандым. Қанаттандым.

– Бәрекелді! Облыстық «Орталық Қазақстан» газетіне жарияланған топтама өлеңдеріңіз туралы жиі айтасыз. Ол туралы өлеңіңіз де бар…

– Иә, ол кезде облыстық газетке топтама өлеңдеріңмен жарқ ете қалу топ жару деген сөз еді. Қазақстан Жазушылар одағының облыстық бөлімшесін белгілі қаламгер, қоғам қайраткері Жайық Бектұров ағамыз басқарады. Ел аралап жүргенінде көзі түсті ме екен, мені Қарағандыға шақыртты. Не деген қамқорлық?! Одақ бөлімшесінің ұядай кеңсесінде маған өлең оқытып, облыстық газет қызметкерлері Мақсұт Байсейітов, Орынбай Аймағанбетов бар, менің балауса жырларымды талқылады. Ақ жол тілеп, арқамнан қақты. Жайық ағамыз мені облыстық телевидениеге алып барып, өлең оқытты. Ол кезде мен телевидениеге түсу тұрмақ, телевизордың өзін көрмеген едім. Экранның алдына отырып көрмеген шағымда телевидениеден өлең оқу деген керемет бақыт емес пе?! Сол кездесуден кейін көп ұзамай ақын Мақсұт Байсейітовтің алғы сөзімен топтама өлеңдерім өздеріңнің «Орталық Қазақстан» газеттеріңде жарияланды. Бұрынғы бұрынғы ма, тіптен қанаттанып, сол шақтан бастап өлеңге ден қойдым. Бұл 1968 жыл, мен небары 17 жаста едім.

«Айтыстың көркемдік деңгейінің өсуінен қорқуға болмайды»

– Аға, Сізге танымалдық өлеңмен келді ме, әлде, айтыс өнеріне жасаған еңбегіңізбен келді ме?

– Өлең – өмірім. Бірақ, менің бүгінгі танымалдығым қазақтың ақсүйек өнері айтысқа сіңірген еңбегіммен келді деп ойлаймын. Айтыс өнерін рухани реанимациядан алып шығу оңайға түскен жоқ. Жалпы, менің тағдырымдағы талас-тартыс, теперіш осы айтыс өнеріне байланысты. Жүрек сыздады, жүйке тозды. Оның барлығы киелі өнердің жанында түк емес еді. Қаншама жылғы еңбектің арқасында қазақ айтысы мәңгілік өнерге айналды. Мен – қазақ айтысына қарыздармын.

– Керісінше емес пе? Өзіңіз айтып отырғандай, Сіз айтыс өнерін рухани реанимациядан алып шықтыңыз. Мүшкіл халде жатқан ұлттық өнердің «аузына су тамызып», ұнжырғасын көтердіңіз. Осы еңбегіңіз үшін, айтыс секілді арда өнерді қайта тірілткен қайраткерлігіңіз үшін қазақ халқы Сізге қарыздар шығар…

– Жоқ, мүлде олай емес. Айтыс өлген жоқ. Өлмейді де. Рас, коммунистік идеологияның қаскөй саясаты қазақ халқын айтыстан басқа да қаншама құндылықтарынан айыруға әрекет жасап бақты. Бірақ, ғасырлар бойы ұлтпен бірге жасап келе жатқан ұлы құндылықтарды тұншықтыру мүмкін емес еді. Айтыс өнері де қазақпен мәңгі бірге жасап келе жатыр, жасай береді де. Ал, менің айтыс өнерін дамытуға жасаған дәнекерлігімді бұлдап, «маған айтыс қарыздар, маған халқым қарыздар» деп айтуға еш қақым жоқ.

Айтысқа бір кісідей еңбек сіңірдім. Қазір менің есімім айтыспен егіз аталады. Айтыс арқылы танымал болдым. Ел ішіне барсам, жұрт мені «Айтыстың атасы» деп қабылдап, құрмет көрсетіп жатады. Бірі баласының аузына түкіртіп, бірі немересінің тұсауын кестіріп жатады. Осынша қошемет құшағында жүріп, халқыма «маған қарыздарсың» деп айту қисынға келе ме?

– Дегенмен, айтыстың мехнатын бір кісідей тарттыңыз. Ұлт өнерін патенттеп, меншігіне айналдырып алмақшы болған пысықайлар да кездесті. Кезіккен кедергі, жасалған қиянаттар шаршатып, түңіліп кеткен сәттеріңіз болған жоқ па?

– Болды. Тіпті, екі қолымды төбеме қойып, безіп кеткен кездерім де болды. Бірақ, киелі өнерге деген жанашырлығым мен адалдығым мені айтыстан алысқа ұзата алмады. Жарамды жалап жазып, қанаған жерім қарақотырланған соң, еңсемді тіктеп, айтыс тізгінін қолыма қайта алып жүрдім.

Әсіресе, Компартияның дәуірінде әр айтыс сайын мені Орталық Комитетке шақырып алып, «сыбағамды» беріп жіберетін. Бірде академик Тұрсынбек Кәкішов ағамыз айтты, бір мақаласында жазды да. Тұрсекең Орталық Комитетке барса, мені қызметтен шығару жөнінде қаулы дайындалып қойыпты. Сонда марқұм Тұрсекең «Жүрсінге жасаған қиянаттарың – қазаққа, халықтың өнеріне жасаған қиянат. Оны қуып жібергенде, мына шаруаны кім жасайды, айтысты өрге кім сүйрейді?» деп, маған араша түскен екен. Алла иман байлығымен жарылқасын!

Өзің де айтысқа бөтен бала емессің ғой. Кезінде айтыстың. Осынша қиянаткедергінің шет жағасын көрдің. Сонша кедергіден түңілген сәттерімде «Айтыс ХХІ ғасырға қадам баспайтын шығар» деген сәуегейлік те жасап жібергенмін. Бірақ, бабадан мирас болып, қазақпен бірге жасап келе жатқан арда өнер ХХІ ғасыр табалдырығын еркін, еңселі аттады.

Ал, айтысты патенттеп алу мәселесін халық жақсы біледі. Қоғамда әжептәуір қобалжу болып, әлгі азаматтың пысықтығына жер астынан жік шыққандай шулағанбыз. Сол кездегі Мәдениет министрі, ұлтжанды азамат, өнер жанашыры Мұхтар Құл-Мұхаммед мырзаның арқасында оның да жолын кестік.

– Қазіргі айтыстың көркемдік деңгейі биік деп мағмұрланып жүрміз. Бірақ, асыл өнердің табиғи қалпынан алыстап кеткен жоқпыз ба?

– Бұл алаң мені де мазалайды. Кейде шырт ұйқымнан оянып алып, айтыстың суырып-салмалық дәстүрін бұзып, тамырынан ажырап бара жатқан жоқпыз ба деген қауіптің жетегінде жатамын. Рас, жаттап келіп айтысу, қарсыласымен келісіп алып, сценариймен айтысу деген мәселе өзекті болып тұр. Дегенмен, тыңдарман үшін деңгейлі айтыс, кәделі жекпе-жек керек екенін ойлаймын да, оған да кешіріммен қараймын.

Жалпы, айтыстың көркемдік деңгейі биіктеді. Интеллектуал ақындар келді. Қазақтың арғы-бергі өлең дәстүрін жетік меңгерген, халық ауыз әдебиетінің мәйегімен сусындаған жастар өсіп келеді. Бұдан қорқуға болмайды. Бұл өмір ғой. Өмір болған соң, жетілмей, дамымай қалу мүмкін емес. Егер, айтыс өнерінің сонау XVII ғасырдағы үлгісін аңсап отыра берсек, өнер де дамымайды, өре де биіктемейді. Көштен қалып қоямыз. Иә, жасын жанрдың табиғи ерекшеліктерін сақтай отырып дамыту үрдісі ұлы өнерді өлтірмейді. Мен бір сұхбатымда айтқан едім: «Егер, қазақтың айтысын ағылшын тілінде өткізсек, бұл әлемді жаулап алатын бренд болар еді» деп. Мен айтысты Тәшкентке де апардым, Бішкекке де апардым, Мәскеу мен Парижге де апардым. Барлығында халық ыстық ықыласпен, ғажап көңіл-күймен қабылдады. Ендеше, қазақ айтысы өзінің мәңгілік өнер екенін дәлелдеді.

«Қадыр ағамды өкпелетіп, 4-5 жыл сәлеміміз салқындап кеткені рас»

– Жастау кезіңізде әдеби сынға қалам сілтедіңіз. Өткір кеткен мақалаларыңызды оқыдық. Кейбір ағаларыңызды өкпелетіп алған жоқсыз ба?

– Мен өткен ғасырдың 80-ші жылдарының басында Алматыға оралып, Жоғары партия мектебінде оқыдым. Әдеби ортаға беймәлім кезім. Алматы толған ақын. Мұндағы әдеби ортаны мен қызмет істеп келген шалғайдағы Жезқазғанмен салыстыруға мүлде келмейді. Сол ортаға имене қадам басып, әдеби сынға араласа бастадым. «Қазақ әдебиеті» газетіне әдеби сын мақалаларым жариялана бастады. «Махаббат жыры маздаса», «Табиғат көркі тозбаса» атты сериялық шолу мақалаларым әдеби ортаның, кәсіби сыншылардың оң бағасын алды.

Сөйтіп жүргенде, қазақтың мыңжылдық ақыны Қадыр Мырза Әлінің Есенинді аударған жинағы жарыққа шықты. Оқып шықтым. Рас, бала күнімнен тәнті болып, жырларын ынтыға оқып жүретін Қадыр ағамның бұл жолғы аудармасы көңіліме қонбады. «Елжіреген Есенинді мызғымайтын Мырзалиевтің мысы басып кетті» деген бағытта аудармасына талдау жасап, «Түпнұсқа болсын төреші» деген атпен «Жұлдыз» журналына жариялап жібердім. Қаттылау кеткен жерлерім болса керек, сол сәттен бастап Қадыр ағам маған өкпелеп, 4-5 жыл бойы бас изеп қана амандасып жүрдік.

Бірақ, мен Қадекеңнің жеке басын, шығармашылығын қатты қадірлейтін едім. Осы Қадекең өмірден озғанда Президент Әкімшілігінен келген ірі шенеуніктің бірі қаралы жиында сөз сөйлеп: «Қазақтың ойлы ақындарының бірі өмірден озды» деген сыңайлы «өкінішін» білдірді. Мен ыза болып, жерге түкірдім. Сол қаралы жиында маған да сөз тиген. Мен: «Қадекең қазақтың ойлы ақындарының бірі ғана емес, ол – мыңжылдықтың ақыны» дедім. Шынымен, Қадыр ағамыз мың жылда бір туатын ғажап ақын еді ғой.

– Әлгі сын мақалаңыз жарық көргенге дейін Қадыр ағамен аралас-құраластығыңыз бар ма еді?

– Мен сол уақытта ару Алматыға «сыймай» жүрген, бірін-бірі менсінбейтін ақындардың бәрін білемін. Бірақ, олар мені білмейді. Менің Қадекеңмен таныстығым 13-14 жасымда басталған. Ауылым Құлжанбайдан сегізжылдық бітіріп, Қарсақбайда оқимын. Бірде ауылдың жұмысшылар комитетінің төрағасы Жақып Жауыртаев деген ағамыздың үйіне барып, сәлем бердім. Ол кісі кітапты көп оқитын кісі еді. Қадырдың жыр жинағын оқып жатыр екен. Бізге амандасып, орнынан тұрғанда қолындағы кітапты қоя салды. Әңгімелесіп отырып, мен әлгі кітапты қолыма алдым. Өлең дертіне шалдығып, шалық қуып жүрген кезіміз ғой. Байқатпай, кітапты қойныма салып ала кеттім. Кәдімгі ұрлық.

Кейін аудандық «Октябрь туы» газетіне әдеби қызметкер болып жұмысқа орналастым. Редакторымыз – баяғы мен кітабын ұрлап кететін Жақаңның туған бауыры Ишанбек Жауыртаев. Бірде сөзденсөз шығып, Ишекең: «Әй, осы біздің Жақыптың үйінен ана жылы Қадырдың өлеңдер жинағы жоғалып кетіп еді. Сол күні үйіне сен барған екенсің. Кітапты сен алып кеткен жоқсың ба? Жақып сол кітапты әлі күнге іздеп жүр» демесі бар ма… Ұялғаным-ай. Сөйтіп, менің алғашқы ұрлығым да Қадекеңе қатысты болып еді. Кейін осы оқиғаны өзіне айтып едім, кеңкілдеп тұрып күлді. Ол мақала жазылғанша менің Қадекеңмен танысты ғым осылай еді.

– Кейін қарым-қатынастарыңыз қандай болды?

– Біраз уақыт өкпелеп жүрді. Қанша дегенмен, жаны тазы адам ғой. Кейін мені өзі жақын тартып, аға болуға ықтияр екенін танытты. Қалжыңдап, «Әй, сен осы неге Тұманбайшылсың? Менімен жүрсейші. Сенің мінезің де, өлеңдерің де маған жуық қой» деп айтушы еді марқұм.

Кейін шыққан таңдамалы жинағының бір томына пікір жазып, сөйтіп татуластық қой. Мен 50 жасқа толғанда, Қарағанды облысының әкімі Камалтин Мұхамеджанов мені елге шақырды. «Мерейтойыңызды атап өтейік. Қонақтарыңызды ертіп келіп, туған еліңіздің ықыласын танып қайтыңыз» деген соң, жаныма Ақселеу ағамды, ұлы жүзден – Тұманбайды, орта жүзден – Сәкен Жүнісовті, кіші жүзден – Қадекеңді ертіп бардым. Қаншама айтысқа қазылыққа алып жүрдім. Осылайша, асыл ағамен «шекісіп барып бекісіп», өмірінің соңына дейін керемет сыйластықта болдым.

«Бақытжамалдың «Түнгі такси» атты өлеңіме өкпелегені өтірік»

– Аға, тым жас үйленгеніңізді білеміз. Тұрмыс тауқыметі шығармашылығыңызға тұсау болған жоқ па?

– Иә, ерте отау құрып, тұрмыс тауқыметіне ерте жегілгенім рас. Осы Бақытжамал жеңгелеріңе бір көргенде ғашық болып, үйлендім. 17 жаста ғана едік. Ерте үйленгеннің бір пайдасы бар. Балаларың өзіңмен бірге ер жетеді. Менің балаларымның алды қазір елуден асты. Өзіңмен бірге есейіп, өзіңмен өкшелес өскен бала досың болады, сырласың болады. Кейде ақылшың да болады.

Ал, тұрмыс тауқыметі шығармашылығыңызға шылау болды ма дегенге келсек, Бақытжамал менің бабымды тауып, күйімді кемітпеуге еңбек жасап бақты. Тұрмыс тауқыметін тартпадық десем, өтірік болар. Жас баламен қол ұстасып, Алматының әр бұрышынан пәтер жалдап жүрдік. Мардымсыз айлық, жетімсіз шайлық дегенді біз де көрдік. Соның барлығын бір-бірімізге деген адалдықпен, бойымыздағы жігермен жеңе білдік.

– Бақытжамал жеңгемізді бір өлеңмен өкпелетіп, бір өлеңмен жұбатып алды деген әңгіме естиміз. «Түнгі такси» мен «Сыңарымды» айтамын…

– Бұл «Түнгі такси» деген өлеңім қайда барсам да, алдымнан шығатын керемет болды. Жай ғана такси ішінде түрік қызымен танысып, романтикалық тұрғыда жазыла салған өлең еді. Жанымда белгілі айтыскер, жырау Шынболат Ділдебаев ағам бар, қыдырып жүріп такси тоқтаттық. Бойымызда аздаған «желік» бары да жасырын емес. Сол бір ғана сәттің шуағындай болып төгіле салған өлең ғой бар болғаны. Бірақ, оған бола Бақытжамал өкпеледі деген өтірік әңгіме. Жоғары білімді тіл маманы, КСРО-ның Үздік дикторы, әдебиетті, өлеңді жан-тәнімен түсінетін, ақын деген асауды ауыздықтап отырған әйел бір сәттік көңіл-күйдің әсерімен жазылған өлеңге өкпелей ме?

Ал, «Сыңарым» – менің 40 жасымда жазылған өлең. 40 жасқа толуыма байланысты шамалы дос-жаран, ағайынтуыстың басын қосып, той жасадық. Сол тойға арналып жазылған өлең еді. Композитор Марат Омаров ән жазып, сол тойда орындалды. Жалпы, әнге сөз жазуға көп машықтанған жоқпын. Бар-жоғы әнге жазылған он шақты ғана өлеңім бар. Оның өзінде композиторлар кітаптарымнан әнге сұранып тұрған өлеңдерімді өздері тауып алып, ән жазуға пейіл танытады.

Бақытжамалға арнаған бірнеше өлеңім бар. Осыдан бес жыл бұрын жер комиссиясы құрамында Қызылорда облысына бардым. Қазіргі Алматы қаласының әкімі Бақытжан Сағынтаев ол кезде Үкімет басшысының орынбасары болатын. Шара аяқталған сәтте мені тоқтатып алып, ұялы телефонынан менің Бақытжамалға арнаған бір өлеңімді көрсетті де: «Жақында шаңырақ көтергенімізге 30 жыл толып, соның құрметіне үйдегі келініңізге Сіздің осы өлеңіңізді оқып бердім. Келіншегіме керемет әсер етіп, жанарына жас үйірілді» деп ағынан жарылды. Міне, Бақытжамалға арнаған өлеңдерімді биік лауазымдағы әкімдер оқып жүр.

– Жүрсін аға, жырларыңыздан Қасымның қайсар рухы, Мұқағалидың мұңы менмұндалап тұрады. Оқырманы көп ақынсыз. Бірақ, сирек жазасыз. Себебі не?

– Сирек жазам деп айта алмаймын. Жазамын. Бірақ, өзімнің жеке редактурамнан өтпей қалады. Жазылған күйі жарыққа шықпай қалатын өлеңдерім көп. Жазып тастаған соң, көңіл суытып алып, қайта оқимын. Өңдеуге келетіні болса, өңдеймін. Болмаса, жойылады. Осыдан келіп, мені жұрт аз жазатын ақын деп ойлайды. Оқырман талғамы мен өз талғамым деңгейлес келгенде, көп өлеңімнің мүмкіндігі шектеліп қалады.

– Сіздің буын ақынның пендешілігіне кешіріммен қарай алды ма?

– Ақын да – пенде. Осалдықтан ада, жамандықтан пәк ақын болуы мүмкін емес. Өмірден талай ұлы ақындар өтті. Солардың көбінің пендешілігін көріп, алғашында тіксініп қалатынбыз. Кейін бойымыз үйреніп алды. Бірақ, олардың артында пендешілігі қалған жоқ, өлеңі, бас әріппен жазылатын есімі қалды. Ұлылығы сақталды жүректерде. Сондықтан, кезкелген тұлғаның пендешілігіне қоғам да, уақыт та кешіріммен қарайды. Біз де кешіріммен қарауымыз керек.

Мен кейінгі толқын туралы айтуға қорқамын. Бірін-бірі насихаттайтын, бірін-бірі хан көтеретін, өркөкірек толқын келе жатыр. Солардың жазғандарына көңілім де тола бермейді. Көзіме түскен жастарды оқуға, жарыққа шығаруға, арқасынан қағуға дайын тұратын адаммын. Жасынан жарқ еткен Мирас Асан, Батырхан Сәрсенхан деген ақындарды жақсы көремін. Жазғандарын іздеп жүріп оқимын. Бірақ, осындай ақындар аз. Соған өкінемін.

Айтыста да солай. Өткен жылы мен Қарағандыдан Абзал Мақашев деген тамаша айтыскер баланы тауып алдым. Бірден «Алтын домбыра» сайысына салдым. Атырауда өткен үлкен додаға қатыстырдым. Үмітім ақталды. Көркем ойымен, шебер сөз саптауымен дараланып келе жатыр.

– Бүкпесіз сыр ашып, риясыз әңгімелесуге уақыт тапқаныңыз үшін рахмет айтамыз!

Сұхбаттасқан Ерсін МҰСАБЕК.

Басқа материалдар

Back to top button