Бүгінде облыста мүгедектігі бар 55 235 адам тұрады. Оның 5 162-сі – мүгедектігі бар балалар. Олардың әрқайсысын қолдау маңызды. Облыстың жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының басшысы Әсем Жүніспекованың айтуынша, мүгедектігі бар адамдарды қолдаудың негізгі бағыты – оңалтудың жеке бағдарламасы негізінде оңалту құралдарымен және қызметтермен қамтамасыз ету. Әсем Айтжанқызы аталған бағыттағы жұмыстарға облыс әкімінің аппараттық жиынында тоқталды.
Қолдау шараларының аясы артуда
Биыл, оның айтуынша, облыста мүгедектігі бар адамдарды оңалту құралдарымен және қызметтермен қамтамасыз етуге 9,4 млрд теңге бөлінген. Бұл былтырғы жылмен салыстырғанда 1,2 есе артық. Былтыр бұл сома 7,4 млрд теңгені құраған.
– Мүгедектігі бар адамдарды оңалтудың жеке бағдарламасын орындау 87%-ды құрайды. Жыл соңына дейін оңалту қызметтері мен құралдарын осы жылға арналған жоспарға сәйкес 95%-ға жеткізу күтіледі. Қолдау шараларының бірі саналатын инватакси қызметін көрсетуге биыл жергілікті бюджет қаражаты есебінен 659,4 млн теңге бөлінді. Ол қазір облыстың бар өңірінде көрсетіледі, – деді Әсем Жүніспекова.
Бүгінгі таңда инватакси қызметінде барлығы 120 көлік бар. Оның 17-сі мүгедек адамдардың кресло-арбаларына арнайы көтергіш құрылғылармен жабдықталған. Биыл облыс бойынша 2 218 адам инватакси қызметін алыпты. Басқарма басшысының айтуынша, Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі инватакси қызметіне қатысты заңнамаға өзгерістер енгізіп, оны әлеуметтік қызметтер порталына ауыстыруды жоспарлап отыр.
– Бұл шара жеткізушілердің бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Қызмет алушыларға жеткізушілердің балама нұсқаларын таңдауға мүмкіндік береді. Инватакси қызметі аутизм спектрі бұзылған балаларға да көрсетіледі. Бүгінде бұл қызметті 393 бала алып отыр, – деді ол.
І топтағы мүгедектігі бар адамдарды санаторий-курорттық емдеуге алып жүру мәселесі – өзекті. Себебі, бұл адамдар біреудің көмегіне мұқтаж әрі қосымша қызметтер көрсетуді де қажет етеді.
– І топтағы мүгедектігі бар адамдардың шипажайға еріп баратын адамсыз баруы күрделі мәселе болатын, – дейді Әсем Айтжанқызы. – 2022 жылы министрлік мүгедек балалардың ата-аналарының біреуіне санаторий-курорттық емделу сомасының 70%-ын өтеп беру туралы өзгеріс енгізді. Былтыр аталған көмекті көрсетуге мүмкіндік беретін нормативтік-құқықтық актілер біздің облыста да қабылданды. Соның арқасында аталған санаттағы адамдардың санаторий-курорттық ем алу мәселесі шешіліп, олардың қатары артып келеді. Биыл бұл көмекті 243 адам алды. Оған 51,7 млн теңге қарастырылған.
Кедергісіз орта қалыптасып келеді
Мүгедектігі бар адамдар үшін әлеуметтік нысандар мен қоғамдық көлік құралдарының қол жетімді болуына мемлекет баса назар аударып келеді. 2015 жылы елімізде халықаралық нормаларға негізделген құрылыс нормалары мен ережелері қабылданғаннан бері салынатын барлық нысандар осы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылуы тиіс. Дегенмен, қалада одан бұрын салынған, еш бейімделмеген нысандардың бар екені рас. Сондықтан, ол нысандарды бейімдеу қажеттілігі туындайды.
– Осы мақсатта министрлік интерактивті қолжетімділік картасы жобасын енгізді. Онда бейімделген барлық нысандар туралы деректер қамтылған. Бүгінгі таңда аталған картада облыс бойынша 1 728 нысан туралы дерек бар. Оны кез келген адам көріп, толықтыра алады. Картадағы дерек бойынша 970 нысан мүгедектігі бар адамдардың барлық санаты үшін қолжетімді. Осы жылы 173 нысанды бейімдеу жоспарланса, оның 133-і орындалды, – деді Әсем Жүніспекова.
Жалпы, әлеуметтік нысандардың қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін арнайы комиссиялар құрылған. Олар нысанның пайдаланылуға берілуі кезінде қатысады, сондай-ақ, бой көтеретін жаңа нысандардың тиісті талаптарға сай болуына атсалысады. Бұдан бөлек, бұл бағытта мобильдік топтар жұмыс істейді. Спикердің айтуынша, олар әлеуметтік нысандарды аралап, олардың иелеріне қолжетімділік бойынша ұсыныс білдіреді.
– Мүгедектігі бар адамдарды қолдау мәселелері бойынша облыстық деңгейде үйлестіруші кеңес құрылған. Республикалық деңгейдегі мұндай кеңеске Н.Сүндеталиев пен Қ.Ыбышева мүше, – деді Әсем Жүніспекова.
Ол мүгедектігі бар адамдардың кресло-арбаларын жөндеу жобасы туралы да айтып өтті. Жоба іске қосылған маусым айынан бері 177 кресло-арба жөнделіпті. Тапсырыс берушінің тұрғылықты жеріне барып жөндеу мүмкіндігі де қарастырылған. Мұндай 30 тапсырыс түсіпті. 63 арбаны химиялық тазалаудан өткізіп, 53 арбаның тысы жаңартылды. Жөндеу жұмыстары кезінде уақытша қоларба ұсынылады.
– Аталған жұмысты жүзеге асыратындар да мүгедектігі бар адамдар. Жоба аясында төрт адам – жөндейтін екі адам, тігінші мен ІТ маман жұмыспен қамтылған, – деп атап өтті басқарма басшысы.
Баяндаманы тыңдаған облыс әкімі Ермағанбет Бөлекпаев бірқатар тапсырмалар берді. Ол мүгедектігі бар адамдарды арнайы техникамен қамтамасыз етіп, уақытылы оңалту емдік курстарынан өткізу маңызды екенін алға тартты.
– Инватакси қызметі үздіксіз болуы тиіс. Мүгедектер арбасын жөндеу жобасы үлкен сұранысқа ие. Оны кеңінен насихаттаған дұрыс. Интерактивті қолжетімділік картасының көмегімен мүгедектігі бар адамдар қажетті ақпаратпен танысуға мүмкіндік алады. Бұл жұмысты жалғастыру керек. Нысан иелері объектіні бекітілген нормаға сәйкес келтіруі керек. Бұл – ерекше азаматтардың өмірін жеңілдететін маңызды қадам. Қалалар мен аудандар әкімдеріне мүгедектігі бар адамдарға кедергісіз орта қалыптастыруды және оңалту жөніндегі шараларға ерекше назар аударуды тапсырамын, – деген аймақ басшысы жалпы бақылауды Ораз Тәуірбековке жүктеді.
Жансая ОМАРБЕК,
Ortalyq.kz