Ұлытаудың кітапханасы неге тозды?
Былтырғы карантин санамызды біраз сілкінтті, көп нәрсе туралы түсінігіміз едәуір өзгеріп қалды. Өзім үшін соның бір көрінісі – «Биыл жазда ауылда болайын, жұмысымды онлайн істейін» деп елге келгенім болып тұр. Кәсібім кітапқа қатысты болған соң, көбіне отырып істейтін жұмыс. Оңаша, интернеті бар жер болса, ноутбугымды көтеріп барып шаруамды істесем деймін. Ондай жер, әрине – кітапхана ғой.
Мектепте оқып жүргенімде ауылдың кітапханасы үлкен, бай-тұғын. Ауыл деп отырғаным – Ұлытау ауданының орталығы. Қазақстандағы халқы ең аз аудан болған соң, орталығында да адам аз тұратыны белгілі, соған сай кітапханасына да соншалық көп адам бармайтын болуы мүмкін. Бірақ, тіпті, керексіз болып қалған кезі жоқ еді. Ауданның жасап қойған жағдайы да көңіл көншітерлік болатын.
Биыл келдім де, қайран қалдым. Бұрынғы үлкен-үлкен үш зал жоқ, небары бір зал, оның өзі шағын ғана. Бергі жағына кітаптарды сөреге қойыпты да, арғы жағына қалған кітапты үйіп тастапты. Мұны көріп мен аң-таң, менің таңырқағанымды көріп, кітапханашы аң-таң. Осындай күйге түскенімізге 3-4 жыл болды ғой дейді (Мен соңғы рет 2016 жылдың соңында келіппін, ол кезде риза болып кеткенмін). Алдымен бұрыннан отырған жерінен басқа жаққа көшіріпті. Одан осы жаққа әкеліп, арасында тағы бір жаққа көшіре жаздап, қайта осында алып келген бе, әйтеуір… Ана бір жылдары төбеден су ағып, кітап су болған ба, немене. Көрген күндері күн емес екен. Ал қазір неге бір қуысқа тығылып отырсыздар десем, кабинет жоқ деп айтты дейді.
Енді неге бұлай болуы мүмкін? Бір ғана жауабы бар. Қаптаған мекеменің ішінде ең маңызы жоғы, тіпті, керегі жоғы осы кітапхана деп ойлағаннан. Басшылық солай ойлайды. Анығын бір Құдай біледі, бірақ үш-төрт жыл бұрын басталды дегеніне қарағанда, Әнуар Омардың кезінде «Ақтабан шұбырынды» басталып, Берік Әбдіғалидің кезінде әбден «биігіне» жеткен. Аудан әкімі бәрін қадағалай алмайды дерсіз. Бірақ, ауыл әкімін, мәдениет бөлімінің бастығын қоятын солар емес пе?
Әрине, менің айтып отырғаным баланың әңгімесі болып көрінетін шығар. Кітапхана кімге керек, не мыжып отыр дейтін де қоятын шығар. Әлемде, Қазақстанның алдыңғы қатарлы қалаларында болып жатқан өркендеулер бұ түпкірге жетпеген болуы мүмкін және ешқашан жетпейді деп ойлайтын да шығар кейбіреулер.
Ал негізі әлемде кітапхана білім орталығына айналып үлгерді және дамыған үстіне дамып барады. Қазір оқушы да, студент те, қызмет жасындағы ересектер де, зейнеткерлер де кітапханаға барып, кофесін ішіп, уай-файын пайдаланып, алатын кітабын, газет-журналын алып, керек болмаса ноутбугымен ғана жұмысын істеп, кете беретін болған. Бір жеткіншек ҰБТ-ға дайындалып отырса, оның жанында отызға таяған келіншек докторлық диссертациясын жазып отыруы мүмкін. АҚШ, Жапония, Германияны былай қойғанда, Норвегия, Финляндия, ол түгілі Кеңес үкіметінен бірге шыққан Литвада да кітапхана жүйесі дамып кетті. Оны айтасыз, кітап басу ісі Моңғолияда, Өзбекстанда бізден әлдеқайда алға кетіп қалды, тиісінше оларда да заманауи кітапхана дамып жатыр деген сөз.
Енді Ұлытаудың балалары, Ұлытаудың ересек тұрғындары, Ұлытаудан шығып, Қазақстанның түпкір-түпкіріне кеткен, тіпті, әлемнің басқа елдеріне көшкен, демалыс кезінде туған жеріне келген ұлдары мен қыздары әлемде болып жатқан осы жақсылықтан неге құр қалуы керек? Неге ауылдың мектебінде оқып жатқан бала үлкен-үлкен университеттерден білім алып келген ағаларымен қатар отырып кітап оқымауы керек? Ұлытау ауданы кедей аудан ба? Ұлытау ауданы болашағы жоқ аудан ба? Ұлытаудың халқы ондай нәрсеге лайық емес пе?
Менің білуімше, аудан – бай аудан, болашағы бар аудан, сондай-ақ менің ойымша халқы барлық жақсылыққа лайық. Тек басшылық, соның ішінде аудан әкімі, оның идеология жөніндегі орынбасары, ауыл әкімі, мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы осы жайтқа көңіл бөлсе…
Арман ӘЛМЕНБЕТ,
жазушы,баспагер.