Бас тақырып

Ұлытаудан басталған ұлы мұрат

Ұлттық Құрылтайдың Ұлытауда өткен алғашқы отырысы қарсаңында қоғамдық пікірі қақ жарылып, сыңаржақ пікірлер ұлы мұратты көздеген тарихи құрылымға «Күлтөбенің басындағы күндегі жиынның бірі» деп баға бергені естеріңізде болар. Алайда, Ұлттық Құрылтай өзінің өміршең ұстаным, ұтымды ұсыныстарымен ел сенімін серпілтіп, халық асыға күтіп, әр отырысынан таудай үміт күтетін тарихи алқаға айналды.

Сурет Ақорда

Құрылтайдан – Құрылтайға дейінгі бір жылдық кезең көтерілген мәселе, ұсынылған ұсыныстарды жерде қалдырмай, түпкі шешіміне дейін қадағалайтын нақты істер кезеңі бола білді. Ел сеніміне екпін беріп, үмітін үкілендірген органның орасан игілігі бүгін болмаса да, келешекте кемел бағасын алары анық.

Биылғы V отырысы Алаштың анасы Сыр елінде, еліміздің рухани астаналарының бірі Қызылордада өткен Ұлттық Құрылтай бес жылда өзінің тарихи миссиясын жүйелі атқарып, қазақ елінің руханиятына ғана емес, экономикасының өркендеуіне де көп-көрім үлесін қосты. 2022 жылы ұлт бесігі Ұлытаудан бастау алған ұлы мұрат жолы 2023 жылы Түркістанда, 2024 жылы Атырауда, өткен 2025 жылы Бурабайда жалғасқанын жақсы білесіздер. Әр Құрылтайдың көтерген мәселесі бір-бірімен сабақтаса отырып, жүйелі түрде шешімін тауып отырды. Мәселен, Ұлттық Құрылтай бастамалары негізінде 26 заң қабылданыпты. Бір ғана Бурабай Құрылтайынан кейін 16 заң жобасы әзірленіп, оның алтауы қабылданып үлгерген.

Ұлытау Құрылтайы нәтижесінде 25 қазан Республика күні ретінде қайта оралып, 2023 жылдан бері Ұлттық мереке ретінде тойлана бастады. Ал, Түркістан Құрылтайы қаламгер қауымды «Қазақстанның Халық жазушысы» тағымен қайта қауыштырды. Сондай-ақ, әр Құрылтайда еліміздің әлеуметтік-экономикалық дамуына серпін берген идеологиялық тұжырымдар қабылданып, еліміздің ономастика, масс-медиа, кинематография, ғылым мен білім салаларын жаңғырту, жүйелеу мүмкіндіктеріне қол жеткіздік.

«Әділетті Қазақстан» құру жолында қабылданған «Заң мен тәртіп», «Адал азамат», «Еңбек адамы», «Кітап оқитын ұлт», «Жаңа қоғамдық этика» жобалары да – Құрылтай жұмысының жемісті нәтижелері.

Ал, Қызылорда Құрылтай не берді?   

Пленарлық отырыстан бір күн бұрын Құрылтайдың төрт секцияға жүйеленген бағыттары бойынша былтырғы Бурабай Құрылтайының қорытындылары шығарылып, жаңа ұсыныстар талқыланды. Төрт секция бойынша 200-ден астам ұсыныс қабылданды. Мен Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары-Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева жетекшілік еткен «Әлеуметтік-мәдени даму» секциясының жұмысына қатыстым. Аты айтып тұрғанындай, бұл секция негізінен еліміздің идеологиялық даму бағыттарын екшеді. Өткен жылдың қараша айында қабылданған «Қазақстан Республикасы ішкі саясатының негізгі қағидаттарын, құндылықтары мен бағытын бекіту туралы» құжаттың құндылығы сарапталып, рухани салаға қатысты өткір пікір, ұтқыр ұсыныстар ортаға салынды.

…Бүгінгі Қазақстан әлем назарын аударып қана қоймай, алты құрлықтың ерекше қызығушылығын тудырған саяси-экономикалық реформалар дәуірінде өір сүріп жатыр. Ал, реформа – ескіні жоққа шығару емес, халық игілігі жолындағы ізгі істі жүйелі түрде жалғастыру. Еліміздің тарихи сапары дұрыс жолды таңдап, игілікті меже бағытын ұстанғанына Ұлттық Құрылтайдың осы отырысында тағы бір мәрте көз жеткіздік.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Құрылтай мінберінен үн қатқан кезде зал іштен тынып отырған. Зал ғана емес, бүкіл Қазақстан халқы демін ішіне алып, үкілі үміт, селкеусіз сезім құшағында отырғандай әсер қалдырды. Ел Президентінің сұңғыла саясаты реформалар дәуіріндегі Қазақстанды дәуірлер кезеңіне бастап бара жатқанын айқын сезіндік.

Құрылтай отырысына төр ұсынған Сыр елінің даму көрсеткіштеріне шолу жасап, кіші Арал проблемасын айналып өтпей, алдымыздағы Конституциялық реформа болжамына дейін тоқталған Қасым-Жомарт Кемелұлының әр сөзі тарихи ақиқат негізінде өрілді. Сондай-ақ, Құрылтайда көтерілген әр ұсыныстың ескерусіз қалмайтынына көзіміз анық жетті.

Рухани саладан бастап, өндірістік сала мүмкіндіктері, әр азаматтың талап-тілегі егжей-тегжейлі сараланды.

Мемлекет басшысының:

– Қазақстан — жауапкершілігі жоғары «орта держава» және жер көлемі бойынша ислам әлеміндегі аса ірі мемлекет. Біз баршаға түсінікті, яғни ақылға қонымды және әділ саясатты жақтаймыз, осы ұстанымды әрдайым сақтаймыз. Сыртқы саясаттағы іс-әрекетіміздің бәрі бір ғана мақсатты көздейді. Ең бастысы, Қазақстанның жерінің тұтастығын, қауіпсіздігі мен егемендігін қамтамасыз етуіміз керек. Қазақ мемлекетінің басшысы ретінде мен үшін тәуелсіздік — бәрінен қымбат! Бұл — мерейтой кезіндегі ұран емес, қазіргі дүрбелеңге толы заманда ұлттық стратегиямыздың негізгі қағидасы. Мен «Тәуелсіздік дегеніміз — ең алдымен, жалпыұлттық бірлік пен келісім» екенін үнемі айтып жүрмін, – деген тебіреніске толы сөзі Құрылтай түйініндей әсер қалдырды.

Отаншылдық ұғымының жалаң ұраннан алшақ құндылық екенін де тілге тиек етіп, ел экономикасының барлық бағыттары бойынша қолға алынғалы отырған игі бастамалар тізбегін де жария етті. Еліміздің логистикалық мүмкіндіктеріне тоқтала келіп, «Қарағанды-Жезқазған» бағытындағы жолдың құрылысы басталатынын жеткізген кезде қуаныштан жүрегім жарылардай күй кештім. Өйткені, бұл жоба Қарағанды өңірінің экономикасын еңселендіруде жетекші рөл атқаратын күретамыр екені бесенеден белгілі еді.

Қазақстан халқы Ассамблеясының орнын Халық Кеңесі басатын болды. Болашақта бір палаталы Парламент қазақы дәстүр, ұлттық танымымызға етене атау Құрылтай болып аталуы мүмкін.

Айтып-айтпай не керек, Ұлттық Құрылтайдың бесінші отырысы берекелі байлам, байыпты бастамалармен дараланды. Елімізде заң үстемдігі кемімейді. Реформалар жалғасын табады. Әр азаматтың құқығы заң шеңберінде қорғалады. Конституциямызға енгізілмек өзгерістер Тәуелсіздігіміздің кепіліне айналмақ. Ішкі саясатымызда іркіліс, сыртқы саясатымызда сын-қатер болмайды. Бесінші мәрте тарихымызды да, бүгінгі-ертеңгі тағдырымызды да таразылаған Құрылтай түйіні осындай игілікті межені игеруге деген ұмтылысымен ерекшеленді.

Бұл ұмтылыс – ұлы мұраттың даңғыл жолы. Біз оны Қызылорда Құрылтайында тағы бір мәрте пысықтап алдық.

Бекзат АЛТЫНБЕКОВ,
«AMANAT» партиясы Қарағанды облыстық филиалының төрағасы,
Ұлттық Құрылтай мүшесі

Басқа материалдар

Back to top button