Бас тақырып
Ұлытау облысындағы шахтада апат болып, 7 адам үйінді астында қалды
Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында орналасқан «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның «Жомарт» кенішінде апат болды. Бұл туралы «Қазақмыс» компаниялар тобы хабарлады.

Ведомствоның хабарлауынша, 640 метр тереңдіктегі шахтада тау массасы опырылған. Қазір шахтада 7 қызметкер қалып қойған.
– 17 ақпанда Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданында орналасқан «Қазақмыс корпорациясының» «Жомарт» кенішінде тау жынысы опырылып түсті. Оқиға салдарынан 7 жұмысшы үйіндінің арғы жағында қалды. Кабельдердің үзілуіне байланысты қазіргі уақытта жұмысшылармен байланыс жоқ, – делінген хабарламада.
Қазір оқиға орнында іздестіру-құтқару жұмыстары жүргізіліп жатыр. Оқиға орнына дереу Ұлытау және Қарағанды облыстары ТЖД-ның 21 қызметкері мен 7 техникасы жұмылдырылды, сондай-ақ кинологиялық есептоптар, Апаттар медицинасы орталығының медицина қызметкерлері мен ТЖМ психологтары жіберілді.
Сонымен қатар, құтқару жұмыстарына «Серіктес» АҚҚ-ның 2 бөлімшесі қосылды.
Қазір оқиғаның мән-жайы анықталып жатыр.

Аида РАХЫМҚҰЛОВА,
ortalyq.kz