Басты тақырыпЖезқазған

«Ұлытау Нан» жобасы – заманауи зауыт

    Металлургтер мекені – Жезқазған қаласында халықаралық стандарттар талаптарына мейлінше сай келетін жаңа нан зауытының құрылысы қарқынды жүргізілуде. Заманауи үлгідегі қондырғылармен жабдықталатын кәсіпорын биылғы жылдың сәуір айында қолданысқа берілмек.

Нан пісіру саласындағы озық технологияны өндіріске енгізу тәсілімен ерекшеленіп, сапалы нан-тоқаш өнімдерін ұсыну арқылы тұтынушылар сұранысын лайықты иеленген облыс орталығындағы «Сарыарқа Нан» және  Балқаш қаласындағы «Балқаш Нан» кәсіпорындарының ұтымды қимылдары бүгінгі таңда дүйім елге жақсы мәлім. Жезқазғанда іске қосылуы жоспарланған жаңа «Ұлытау Нан» зауыты солардың қатарынан бой көрсетері күмәнсіз. Кәсіпорын басшылығы тиімді шаруаға білек сыбана кіріскен соң экологиялық тұрғыда таза, сапалы әрі алуан түрлі нан-тоқаш өнімдерімен жезқазғандықтарды ғана емес, сонымен қатар, Сәтбаев, Қаражал қалалары, Жәйрем кенті және Ұлытау ауданындағы тұтынушыларды да қамтамасыз етуді жоспарлап отыр.

– Аталмыш жобаны ілкімді іске асыру мақсатында 2 млрд. теңгеден астам инвестиция салынды. Өткен жылдың тамыз айында басталған зауыт құрылысына тек Қазақстанда жасалған материалдар пайдаланылуда. Кәсіпорынның жалпы өндірістік аумағы 2640 шаршы метрді құрайды. Мұнда тәулігіне 35 тоннадан аса дәмді нан өнімдерін өндіру мүмкіндігі бар. Жұмысты жүргізу үдерісіне қажетті құрал-жабдықтар мен қондырғылар Германия, Франция, Италия, Словения және Словакия елдерінен жеткізілмекші. Сәтін салса, тұтынушылар талғамына отандық өнім өндірушілерден алынатын жоғары сапалы ұннан пісірілетін нан-тоқаштың 85 түрі ұсынылмақшы. Ең бастысы, сауда сөрелеріне адамның денсаулығына септігін тигізер диеталық, сондай-ақ, ерекше әзірлеу үлгісі бойынша пісірілетін нан түрлері де қойылатын болады, – дейді «Ұлытау Нан» ЖШС директоры Ирина Свиридова.

Жаңа өндіріс ошағының пайдалануға берілуі жергілікті халықты тұрақты жұмыспен қамту секілді қоғамдық-әлеуметтік мәселенің де түйінін белгілі бір деңгейде тарқатуға дәнекерлік ететін сыңайлы. Себебі, нан зауыты іске кіріскенде 200-ден аса жаңа жұмыс орындары ашылады. Осы орайда, кәсіпорын басшылығының жоспарында мүмкіндіктері шектеулі болса да, еңбек етуге мүдделі жандардың талап-тілегін ескеру жайы да бар.

Бір сөзбен түйіндегенде, «Ұлытау Нан» ЖШС келешекте  ұтымдылықтың ересен үлгісін танытып, бұқараның әл-ауқатын арттыру жолында қарымды қарекет етпекші.

Ахат ҚҰРМАНСЕЙІТОВ

ЖЕЗҚАЗҒАН қаласы.      

Басқа материалдар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды. Міндетті өрістер * таңбаланған

This site uses Akismet to reduce spam. Learn how your comment data is processed.

Back to top button