Ұлытау әлемі: Дулығалы мешіті
Бұқара үлгісімен салынған тоғыз күмбезді мешіт, сырты өрнекті қызыл кірпішпен өрілген жиырма төрт бөлмелі медресе, Құлмұхамбет ишанның келісті кесенесі мен қызыл үйі – “Дулығалы” өз заманында тұтастай бір рухани-мәдени кешен болғанын айғақтайды. “Мәдени мұра” бағдарламасы аясында мемлекет қамқорлығына алынған кешен 2011 жылы консервацияланды. Құлмұхамбет ишанның кесенесі бұрнағы жылы жаңғыртылды. Тоғыз күмбезді мешіттің азан шақыратын мұнарасы былтыр қайта қалпына келтірілді. Алда әлі талай ауқымды іс тұр.
Жаңғырту жалғасады
“Алғашқы мешіт ойға шымнан тұрғызылған. Қыста қар басып қала бергесін, биік саңның үстіне тоғыз күмбезді етіп жаңасын салған. Қазір оның қабырғасы мен мұнарасы ғана сақталған. Күмбезі құлаған. Жаңа мешіттің салынған жылы жөнінде екіұдай пікір бар: бірі – 1904, екіншісі – 1910. Екі дерек те негізді. Себебі, консервациялық сараптама кезінде анықталғаны: алдымен мешіт шикі кірпіштен көтеріліп, кейін сырты қызыл қышпен өрілген.
Оған он түрлі оюлы қыш пайдаланған. Кем дегенде 30 мыңдай қыш күйдірілген. Негізі қыш күйдіру Ұлытау өңіріне таңсық емес. Құлмұхамбет ишан қалыбының ерекшелігі – қыш пресс-қалыптан өткен, ал ұлытаулық – аударма қалып. Құлмұхамбет қалып шабу мен қыш күйдіруді Ташкентте үйренген. Мешіт құрылысында ою-өрнекті қышты орынды ұқсатып пайдалану – көп жылғы ізденісі мен еңбегінің нәтижесі. Ол жиырма жылдай Бұхара, Бағдат, Мысырда діни білімін ұштап, Қазанда дәріс береді.
Қасбеттің тәуір сақталған тұсынан мешіттің сыртқы қабырғасының жалпы қалану тәсілімен танысуға мүмкіндік бар. Көне ұстаның қалау шеберлігіне риза боласың. Ал, қыштың сапасы әлі күнге дейін сыр бермеген, кеше ғана пештен шыққандай. Қабырғаның ою-өрнекті қышын кейін бұзып алған. Өйткені, консервациялау кезінде қызыл қыш жетіспейтіні анықталды. Консервациялық жұмыс жүргізер алдында жасалған сараптама мешіттің жобалық құжатын дайындауда көп септігін тигізді.
Жобаны талдау кезінде көзкөрген кейбір қария пікірі ескерілді, мешіттің ішкі-сыртқы жағының қалау конструкциясы мұқият тексеріліп, сараптамадан өтті. Мешіт сәулеттік ерекшелігі жағынан ортаазиялық үлгіге ұқсас. Жобасы алдын ала әзірленіп барып, құрылысы қолға алынған. Мешіт 9 күмбезді болған. Күмбезі тегіс құлаған мешіттің жобасын жасағанда талай қиындық туындады, көп мәселенің шешімі консервациялық жұмыс кезінде табылды. Мамандар талқысына түскен жоба мешітті толық кескіндеп тұр.
Мешіт салғанда Құлмұхамбет ишан осы өңірде құрылыс инженериясы саласында, сәулет өнерінде көптеген тәсіл мен түрді тұңғыш рет қолданып, ұтымды пайдаланған. Инженерлік тұрғыдан дәл “Дулығалы” мешітіндей құрылысты осы күнге дейін Жезқазған-Ұлытау жағынан кездестірмедім. Және бұрын-соңды мұндай мешіт салынбаған. Ишанның сіңірген еңбегін бір сөзбен жеткізе алмайсың. Ал, артында қалған мұрасын сақтау — азаматтық борыш” дейді, “ҰлытауҰлар” мамандандырылған жөндеу-жаңғырту фирмасының басшысы Әнуар Төлебаев.
Құлмұхамбет ишан кім?
Әуелде әкесі Арыстанбайдан ашқан діни сауатты қанағат тұтпаған қаршадай Құлмұхамбет жайлаудағы ауылға сауда-саттық жасап келген саудагердің керуеніне ілесіп, он бір жасында алыстағы араб еліне аттанады. Содан араға едәуір уақыт салып “Қари” және “Ишан” атанып, елге оралады. Ол басы артық дүниемүлік жимаған, мал ұстамаған. Қолына түскен малды жәрмеңкеге шығарып, ақшасына кітап пен оқу құралын алдырған. Жат жерде жиғантерген өнерін өзгеге үйретуге ұмтылған. Ғұмырын елдің рухани қазынасын еселеуге, көңіл көкжиегін кеңейтіп, кемелдендіруге арнаған.
Имандылық үйі – мешіт, білім ошағы – медресе салған. Алғашқы мешітті “Ақсудың” табанынан ойған шымнан ауылдың еңісіне тұрғызған. Оны күмбездемей, тек төбесіне ай орнатқан. Алғашқы мешітте дала комиссары Әліби, сардар Аманкелді сауат ашқан. Жаңа мешіт жобасын Бұқара үлгісімен Құлмұхамбет ишанның өзі сызыпты. Кірпіш құйғанда басы-қасында болып, басшылық жасаған. Бетіне арабша жазу, әртүрлі ою-өрнек түсірілген кірпіш құйып, күйдірген. Кесек құятын қалыпты өзі үш жыл шапқан. Қалыптың дайын болуына қарай дереу кесек құйып, күйдірген.
Мешіттен кейін 24 бөлмелі мересе салады. Төбе жабатын ағашты, едендік тақтайды өгіз жегілген арбамен Аманқарағай, Наурызымнан тасыған. Құрылысы біткенше балалар мешітте оқиды. Елбасы Н.Назарбаевтың рухани жаңғыру жөніндегі маңызды мақаласы талайдың санасына саңылау түсірді. Туған топыраққа деген түсінікті тереңдетті. Киелі орынға, қашықтығына қарамастан, қазір де тәу етіп жан-жақтан жұрт келіп жатады.
Аяр “ақ патшаның” майдандағы қара жұмысқа қазақты жегу жөніндегі жарымес жарлығы қандай қатты қарсылыққа кездескені белгілі. Алайда, Арқадағы Аманкелді бастаған сарбаздар бір байламға келіп, серттескен жері “Дулығалы мешіті” екенін екінің бірі біле бермейді. Құлмұхамбет ишан – Аманкелдінің түп нағашысы (анасы Қалампыр ишан тұқымынан – авт.). Ол қол бастап шығарда Қайдауыл мен бес болыс Қыпшаққа киелі мекен болған нағашы жұртынан бата алған.
Жиынға бірнеше болыстың игі-жақсысы, сыйлы азаматы мен атқамінері қатысты. А.Имановты қолбасшы-сардар деп таныды. Құрбандық шалып, сарбаздарға ақжол тіледі. Көтеріліс дүрбелеңі қазақ даласын дүр сілкіндірді. Өйткені, ол бердеңке ұстап бұқпантайлаған бытыраңқы топ емес, белгілі бір темірдей тәртіп жүйесіне бағынған берік әскер болатын. Енді, бұл – жеке мақалаға желі болып тартылатын тақырып…
Табиғаты – тәбәрік
Қойнауы кен көмбесіндей Жезқазғаннан сонау солтүстік-батысқа қарай қарашаңырақ Қарсақбайды қамтып, ғарыш айлағы атанған Байқоңырдың дарқан даласын көктей өтіп, одан әрі өр Ұлытауға ұласатын ұлан-ғайыр өңірдің өткен тарихы тағылымға толы. Соның бірпарасы “Дулығалы мешітімен” байланысты. Бүгінде бұл кешен “Терісбұтақ мешіті”, “Бердікей мешіті”, “Құлмұхамбет ишан мешіті” деп, әртүрлі аталып жүр. Қолжазбада алма-кезек кездеседі. Сірә, “Дулығалы мешіті” атауына табан тіреген жөн.
Іргесіндегі “Талдықұдықтан” күн көтеріле немесе қызара бөртіп батарда мешіт тұрған үстіртке қарасаң, мұздай жасанып сапқа тұрған дулығалы қалың қолдың сұлбасын айқын байқайсың. Кәдімгі әскер келе жатқандай әсер қалдырады. Табиғаттың осы бір керемет көрінісі сағымданып, шаңытып тұрады. Демек, “Дулығалы” – ешбір салдарға сүйенбей, табиғаттың өзі тарту еткен атау.
Аламан бәйгеге ат қосқандай аумақты алып жатқан бұл аймақтағы елді елең еткізер басқа да бірқатар ерекшелікті айта кеткен артық емес. Мешіт пен медресенің арасындағы ашық алаңқай майда ақ қиыршық тасты, тақтайдай теп-тегіс айтақыр. Ал, мешіттің солтүстігінен Құлмұхамбет ишанның кесенесіне дейінгі кеңістік – борбас. Жауын-шашынды күні жүру қиын. Кесененің солтүстік-батысына қарай қызыл топырақты қырат жатыр. Оны жергілікті жұрт “Қызыл саң” деп атайды.
Оңтүстігі – бірнеше ауыл еркін қонатындай арнасы бар “Дулығалы” өзені. Сәуірде арнасынан асып, астан-кестен таситын асау өзен мамырдың ортасы ауғанша өткел бермей жатады. Жазға салым арасы үзіліп, бірнеше “қарасуға” айналады. Бір ғажабы, арнасы бір өзеннен бөлінген әлгі “қарасудың” жеке-жеке атауы бар, дәмі әртүрлі. Сол атаудың астарында да талай тарих жатқаны анық.
Ауылдың тура іргесіндегі бірнеше “қарасудың” кермектігі сондай, жағасын сортаң басып, сағал-сағал болып жатады. Одан ілгерідегі суы сәл кермектеу “Ақшеңгел” мен “Қауынқарасудың” жағалауына қамыс пен құрақ қалың өседі. Ал, “Тойғыл” мен “Қолдастың” тайдай тулаған балығы қандай?! Қаптаған “қарасудың” арасында біреуі “Ақсу” деп аталады. Өйткені, суының түсі сүтке ұқсайды, әрі тұщы. Оның суына жуылған шаш жылтылдап шыға келеді.
Міне, Табиғат-Ананың адам таңқаларлық талай тамашасы табылатын өңірді Жаратқанның өзі осылай жалқы жарата салған. Егер қасиетті Ұлытау аймағында туристік маршрут ашылатын күн туып жатса, одан онша қашық емес “Дулығалы мешіті” сөзсіз бір бекетіне айналады деген сенім бар.
Әлібек ӘБДІРАШ