Ұлытауға үш бидің ескерткіші қойылса екен
Асуынан жау аспаған, қасиетті топырағын жау баспаған, Ұлы Даланың кіндігі, жердің ортасы, хандарымыздың ордасы, ұлтымыздың ежелгі астанасы, жұртымыздың жаудан қорғанар баспанасы болған Ұлытауға ұлы билеріміз Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билерге еңселі ескерткіш қойылса екен.
Бұл кешегі алапат апат “Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұламаға” ұшырап,еңсесі түскенхалқымыздың рухын көтеріп, қазақтың жерұйығы Көктөбенің бауырына үш жүздің басын қосып, елдің тағдырын шешкен, жаудың жолын кескен дана бабаларымыздың рухына тағзым, ұрпаққа мәңгі мұра, досымызға мақтаныш, дұшпанымызға сес болар еді.
1721 жылы бейбіт жатқан елімізге жоңғар қалмақтары қара бұлттай қаптаған қалың қолмен тоспаған тосын, қарақшылық шабуыл жасап, миллиондаған қазақ опат болды. Олардың мүрдесі көмілмей, сүйектері жапан далада шашылып қалды. Марқұмдардың артында ұрпағы да, аттары да қалмады.
Бұл апат халқымызға ауыр қайғы-қасірет әкеліп қана қойған жоқ, ұлттық болмысымызға зор қауіп-қатер төндірді.
Осындай ел тағдыры қыл үстінде тұрған кезде ұлтымыздың билері Төле би, Қаз дауысты Қазыбек би, Әйтеке билер Сарыарқаның сауыры Көктөбенің бауырына тарыдай бытырап, сынаптай сырғанап, бөлек-бөлек көшіп-қонып жүрген үш жүздің халқының басын қосып, ұлы жиын өткізіп, ұлтымызды ұйыстырып елдің тағдырын шешті. Сөйтіп, елдік пен ерлік туын көтеріп, сол тудың астына мызғымастай топтастырып, үлкен күшке айналдырды. Осы жиында есірген жаудан есе қайтарып, опат болған миллиардтаған бауырлардың кегін алуға жұдырықтай жұмылды.
Кеуделерін намыс кернеген, қылыштарын көкке сермеген, ел намысын жауға бермеген, ұлттық рухпен жігерленген қазақ сарбаздары осы Ұлытаудан аттанып, қалмақтың қалың қолын Білеуті мен Бұланты өзенінің арасында қарсы алып, тас-талқанын шығарды. Бұл 1727 жылдың шілде айы екен.
Жерін басып алам, адамдарын құл, күң етіп, еліме айдап барам деп есіріп келген қалмақтар қырылып, жерімізде денесінен бөлініп, басы қалған. Бұл жеңіс Білеутіден басталып, Аңырақайда соңғы нүктесі қойылды. Сан ғасыр елімізге тыныштық бермей есірген жау жойылды. Ұлтымыздың бұл тарихи ұлы жеңісі Ұлытаудың баурында тойланып, ақ киізге салып, ақ бозат шалып, Абылайды хан сайлады дейді шежірелі, тарлан тарих.
Содан кейін дана билеріміз «Мұнда ұлы іс тындырылып, ұлы мақсат орындалды мынау Көктөбе бұдан бұлай Ұлытау деп аталсын» депті. Содан бері Көктөбе Ұлытау деп аталған екен. Сондықтан да, ұлы үш биіміздің ескерткіші Ұлытаудың төрінде тұруға тиіс.
Тағы бір айтарымыз – Бұлантыдағы жеңіс жыл сайын ұлттық жеңісіміз ретінде тойланса дейміз.
Мағзұмбек Машайықұлы,
Ұлытау ауданының Құрметті азаматы.
ҰЛЫТАУ ауданы.