АймақБас тақырып

«Ұлағат» оқырмандар клубы күй кешін өткізді

Қазақтың қаз мойын домбырасын серік етіп, ұлт құндылығының парқын түсінген өнерпаздың бәсі қашан да биік. Ғасырлар алмасып, заман жаңғырса да, бабадан қалған қоңыр үн өзінің түп негізін жоғалтқан емес. Ұлыстың ұлы күніне орай «Qasym kitap» баспасының жанынан құрылған «Ұлағат» оқырмандар клубының ұйымдастыруымен өткен «Күй – тарихи жад» атты тағылымды кеш соның айшықты дәлелі.

Суреттерді түсірген автор

Кеш шымылдығы ерекше сахналанған қойылыммен түрілді. Сахна төріне шыққан «Уақыт», «Дала» және «Батыр» бейнесіндегі кейіпкерлер домбыраның құдіреті мен күйдің киесі туралы тебірене сыр шертті. Бір сәт көрерменді бірден бағзы замандарға жетелеп, күй өнерінің тарихи маңызын аша түскендей әсер қалдырды.

Күй – біздің жадымыз. Осындай рухани кеш өткізуді көптен бері ойға алып жүр едік. Былтыр талантты композитор Нұрғиса Тілдендиевтің ғасырлық мерейтойы қарсаңында бастау ниеті де болған. Алайда, біз науқаншылдыққа салынбай, барлық күйшілердің мұрасын түгел қамтып, ауқымды деңгейде өткізуді жөн көрдік, – дейді «Ұлағат» оқырмандар клубының жетекшісі әрі «Qasym kitap» баспасының редакторы Гүлдана Қуатқызы.

Лэд экран арқылы әрбір күй орындалған сайын оның шығу тарихы, авторы туралы тың мәлімет беріліп отырды. Кеште халыққа кеңінен танымал туындылардан бөлек, көне дәуірлерден жеткен бай мұра да жаңғыра түсті. Қорқыт пен Кетбұғадан бастап, Байжігіт, Сүгір Әлиұлы, Сайдалы Сары Тоқа, Ықылас Дүкенұлы, Абыл Тарақұлы сынды тарландардың, сондай-ақ, күй анасы Дина мен Сейтек Оразалыұлының шығармалары орындалды.

Жүргізуші Ақжігіт Сағынтай көпшілік біле бермейтін қызықты деректерді ортаға салды. Мәселен, Абылай ханның «Сары бура», «Жетім торы», «Майдақоңыр», «Қайран елім», «Қара жорға» атты күйлерінің тарихы көптеген оқырман мен тыңдарман үшін жаңалық болғаны анық.

Арқа өңірі мектебінің өкілдері де кештің сәнін кіргізді. Қазыбек Рашид Әбікен Хасеновтың «Қоңыр» күйін нәшіне келтіре шертсе, Жансая Серікбай Тәтекеңнің «Секіртпе» күйімен дүйім жұртты таңдай қақтырды. Тәттімбет атындағы өнер колледжінің ұстазы, күйші Мадияр Сүлеймен де арнайы келіп, күмбірлеген күйлерімен кештің ажарын ашты.

Кештің ең басты жаңалығы – «Ұлағат» оқырман клубының жанынан құрылған «Ұлағат үні» ансамблінің тұсаукесері. Жаңа ұжымның тізгінін елордадағы «Шабыт» Қазақ ұлттық өнер университетінің түлегі, жас күйші Данияр Шайкен өз қолына алған.

Мұнда кәсіби күйшілер некен-саяқ. Бірі өндіріс, бірі білім беру саласында қызмет етеді. Бәрін біріктірген – ортақ мұрат пен өнерге деген құштарлық. Заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің «Әнге әуес, күйге құмар бала өмірге де ғашық болып келеді» деген сөзін ұран еткен өнерпаздардың бұл бастамасы алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын таппақ, – деп атап өтті Гүлдана Қуатқызы.

Жиын соңында ақын Руслан Нұрбай жүрекжарды лебізін білдіріп, күй туралы рухты өлеңдерін оқыды. Ілияс Жансүгіровтың «Күйші» поэмасындағы «Күй сыбырлайды, мұңаяды, толғанады, зарланады…» деп келетін жыр жолдары кештің түйіні іспетті.

Мағжан ҚҰДАЙБЕРГЕН
«Ortalyq Qazaqstan»

Басқа материалдар

Back to top button